Түркістан облысы: Қазығұрт ауданындағы мектепте Кенен Әзірбаевтың ұрпақтарымен кездесу өтті

Биыл халық ақыны, әнші, күйші Кенен Әзірбаевтың туғанына – 140 жыл. Осыған орай «Кенен әлеміне саяхат» бағдарламасы аясында Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты Кенен Әзірбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде Кенен Әзірбаевтың ұрпақтарымен кездесу өтті.

Салтанатты шараны Қазығұрт аудандық ардагерлер үйінің төрағасы А.Омаров, ауыл әкімі Асқар Қуандықұлы сөз сөйлеп, ашып берді. Сондай-ақ, ардагер-ұстаз С.Бейсенов, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің бас маманы А.Егізек, бөлімнің әдіскері Г.Құралбаева қатысты.

Сөз кезегі Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Әзірбаева және ұлы Бақытжан Әзірбаевқа берілді. Төрткен және Бақытжан Әзірбаевтар оқушыларға әкесінің өмірбаяны жайлы айтып берді. Сонымен қатар, мектепке бірнеше кітапты сыйға тартты.

Жиын барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Мұсаев, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері С.Байғожин, Халықаралық конкурстарының лауреаты Е.Максим және Қазығұрт аудандық өнер мектебінің бір топ бишілері мен күйшілері өнер көрсетті. Кенен Әзірбаевтың ұрпақтары ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Шара соңында келген барлық қонақтар мектеп ішіне кіріп, оқушылар ақын өлеңдерін жатқа айтып берді.

Кенен Әзірбаевтың ұрпақтары барша ұжым мүшелері мен оқушыларға алғыстарын айтып, батасын берді.

Кенен Әзірбаев (1884 жылғы 19 маусымда, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ елді мекенінде дүниеге келген — 1976 жылғы 12 сәуірде Жамбыл облысы, Қордай ауданында, сол кездегі Киров колхозында (қазіргі Кенен ауылы) қайтыс болды. Ол — қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, сал-серілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Балалары: Төрткен (Төрткемпірбіршал), Көркемжан, Бақытжан, Ақтамақ, Ақбілек.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «Маусым жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия , соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі. 10 жасында қолына домбыра алып ән сала бастаған. 11 жасында өзінің тұңғыш әні «Ри, қойым», 13 жасында атақты «Бозторғай» әндерін шығарды. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән тез арада бүкіл қазақ даласына тарады. Бала Кененнің аты қырғыз-қазаққа мәлім болып, «Боздаланың бозторғайы» атанды. Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты. Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Бұлбұлға», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады. Бұл әндердің қай-қайсысының да астарында уақыт тынысына қоса, ең алдымен Кененнің өзінің тарихи түйсік-зердесі, жалтағы жоқ болмысы аңғарылады. Мәселен, 16-шы жылғы толқудан көп бұрын дүниеге келген «Бұлбұлға» өлеңінде бұлбұлмен мұңдаса отырып, «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деген сөзді айту үшін ыза-кекке қоса, сол кездегі іріп-шіріген саяси ахуалды түсінетін көреген зерде керек қой. Немесе, күндей күркіреген Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақиық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салуы – ерге лайық жалтақсыз сенімнің, ақынға лайық оптимизмнің , ақылгөйге лайық көрегендіктің айғағы болса керек.

Ақынның өнердің самғау биігіне жол ашқан елеулі оқиға 1904 жылы болған атақты қырғыз манабы Шәбден батырдың асы болды. Осы жиынға өзінің ақыны ретінде ертіп барған Қордайдың беделді адамы, орысша білім алған, туысы Еркебай Базарұлы еді. Осы жиында Жамбыл, Құлмамбет, Қатаған, Қалмырза сынды жыр дүлдерін көрді. Топ алдына шыққан жас ақын өзінің “Көпшілік, тыңда әнімді” деген атақты әнін шырқады.

Кененнің өнер жолына үлкен бетбұрыс әкелген оқиға 1914 жылы арқадан атақты Балуан Шолақтың Жетісуға келуі болды. Бұл менің Балуанды екінші рет көруім дейтін. Осы жолы атақты әншіге еріп, Жетісудың талай жерін бірге аралайды. Атақты әншінің 12 әнін өз аузынан үйреніп қалады. Ат үстінде ән салудың, домбыра шертудің небір тәсілдерін осы Балуаннан үйрендім дейтін.

К. Әзірбаев — 1916 жылғы бүкіл қазақ жерін шарпыған халық көтерілісінің бел ортасында болған ақын. Қордай жерінде Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысып, көптеген оқиғаны көзбен көрген, Әлидің қасында жүріп әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеген сарбаз ақыны болған. Осы жылдары шығарған «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?», «Бұлбұлға» деген әндері қазақ өнерінің алтын қорына айналған дүниелер. Кейін осы оқиғаға байланысты өзінің атақты «Әли батыр» атты дастанын дүниеге әкелді.

Кеңес үкіметі орнаған кезде халық арасында үгіт-насихат жүргізу шараларына белсене ат салысты. О.Жандосов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Қ.Бәрібаев, Т.Бокин сияқты жалынды революционер-большевиктермен бірге болды.

1919-1922 жылдары Қордай болысы ревкомитетінің төрағасы болып тағайындалды. Әнімен де, жырымен де халықты бірлікке, жасампаздыққа, білім-өнерге ұмтылуға, жаңаша өмір сүруге шақырды. Осы кезеңде шығарған ән-толғаулары: «Шаңқ етпе», «Жас екпін», «Колхоз әні», «Балдай бол» сияқты туындылары сол уақыттың дәл көрінісін бейнелейтін шығармалар.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің І-онкүндігіне жыр алыбы Жамбылды қолтықтап бірге барды.  Қазақтың бұлбұл қызы Күләштің өнеріне қол соққан жұрттың ортасында болды. Осындай тарихи оқиғаны көзбен көріп, куәгері болды. Кремльдің үлкен сарайында өзінің атақты «Жаңа заң» деген әнін шырқады. Ал 1937 жылы Жамбыл Жабаевпен бірге Кавказға сапар шегіп, грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығына арналған мерейтойдың куәгері болды.

1937 жылы Кенен Әзірбаев ССРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Ал 1939 жылы әнші-композитор К.Әзірбаев ССРО Композиторлар одағының мүшесі аталды. Сол кезде халық ақындары ішінде екі бірдей одаққа мүше болған адам тек Кенен Әзірбаев болатын.

К.Әзірбаевтың шығармашылығында ауқымды орын алатын тақырып, ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы болып табылады. Кененнің жасы бұл кезде алпысқа тақалып қалған еді. Соғыстың алғашқы күні-ақ «Біздің Отан жеңеді» деген әнімен бүкіл совет халқына үндеу тастап, жар салғаны халық есінде. Ақынның өзі айтатындай: «Қос басында, әскерлер ортасында, үлкен жиындарда, халық арасында күн демей, түн демей шырқалған әннің, айтылған өлең-жырдың есебін кім түстеп-түгендеп жатты дейсің? Көмейден төгілген асыл жырымның бағасын халқым білсе болғаны.. Ақынға содан артық бақыт жоқ» деуші еді. Сол жылдары шығарған: «Жалғыз қайным», «Қош аман бол, Шолпанқұл!», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Ел қуанышы», «Жеңіс жылғы шаттық ән» сияқты туындылары ел ырзығына айналған, сол кезеңде тарихи рөл атқарған дүниелер екені даусыз.

Осыған орай 1945 жылдың 1 қаңтарында халық ақыны К.Әзірбаевқа «Құрмет белгісі» ордені берілді. 1947 жылы Москва қаласының 800 жылдық мерей тойына арнайы шақырылып, осы датаға байланысты өзінің «Батыр Москва» деген әнін шығарды.

1959 жылы ақынның 75 жылдық мерей тойы Қордай жерінде өтті. Тойды қазақтың біртуар азамат жазушысы Сәбит Мұқанов басқарды. Осы мерекеге орай ақынға екінші рет «Құрмет белгісі» ордені табыс етілді.

1960 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұйымдастыруымен Мәскеуде өткен Шығыс фольклорын зерттеушілердің дүние жүзілік ХХҮ конгресіне қатысты. Осы алқалы жиында «Қобыланды батыр» жырындағы «Тайбурылдың шабысы» үзіндісін асқан шеберлікпен орындап шықты. Сол жылдың күзінде қырғыз халқының ұлы демократ жыршысы Тоғолоқмолданың 160 жылдық мерей тойына да М.Әуезовпен бірге барды. Осындай іргелі жиындарда үнімен де, өнерімен де көпшілікті тәнті қылған ақынның тума талантына риза болған Мұхтар: «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ғұлама жырау, әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген талантыңызға дән ризамын» — деп, жүрекжарды бағасын берді.

1961 жылдың 8 ақпанында К. Әзірбаевқа «Қазақ ССР-нің халық ақыны» деген құрметті атақ берілді.

1974 жылы ақынның 90 жылдық мерей тойы республикалық көлемде кеңінен тойланды. Осы тойға көрші жатқан өзбек, қырғыз, қарақалпақ елдерінен қонақтар келді. Тойда ССРО Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Георгий Марков өз сөзінде: “Совет оқушылары Кенен Әзірбаевтың есімін халық әдебиетінің аса ұлы алыптары Сүлеймен Стальскиймен, Жамбыл Жабаевпен қатар атайды. Кененді бүгінгі Жамбыл, екінші Жамбыл деп біледі» деді. Шыңғыс Айтматов ақынның өнер жолына терең баға бере келіп, қырғыз халқы: «Сізді, өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есептейді» деп сөзін түйіндеді. Осы мерекеге орай қарт ақынның кеудесіне ең жоғары награда Ленин ордені тағылды.

Кенен Әзірбаевтың есімі:

  • Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай ауылында орналасқан жалпы орта білім беретін №15 орта мектебіне;
  • Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылында орналасқан мектебіне;
  • Жамбыл облысы, Қордай ауданы, «Отар» станциясындағы №41 орта мектебіне;
  • Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қожамберді ауылында орналасқан орта мектебіне берілді.
  • Астана, Алматы, Тараз, Шымкент және т.б. қалалар мен аудандарда көше берілді.
  • 2001 жылдан бері Тараз қаласында екі жылда бір рет Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» атты Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы өтіп тұрады.
  • 2009 жылы ақынның 125 жылдық мерейтойына Кенен Әзірбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы шығарылды.
  • 2011 жылы ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильм түсірілді.
  • 2013 жылы Алматы қаласында ескерткіш орнатылды.
  • 2016 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені ашылды.
  • 2018 жылы Кенен Әзірбаевтың құрметіне ресми сайт ашылды.
  • 2018 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың есімі берілді.
  • 2019 жылы Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының алдына ескерткіш қойылды.
  • Жамбыл облысы, Қордай ауданында ақын ұзақ жылдар бойы тұрған елді мекен Кенен ауылыдеп аталады. Онда Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейі жұмыс істейді. Музейдің алдында ескерткіш орнатылған.
  • Ақынның 100, 110, 120, 125, 135, 140 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде үзбей тойланып келеді.
  • Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы мен өмірі туралы жазылған кітаптар: «Әке рухымен сырласу», «Кенен», «Екі Кенен тумайды», «Әке рухына тағзым», «Ұлы дала жыршысы».

Кенен Әзірбаев — артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз. Ақиық ақынның өлмес өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері халықпен бірге мәңгі жасай бермек. Он дастан, жүзден астам әндері, мыңдаған өлең-жырлары, айтыстары, жеті күйі, басқа да аты аңызға айналған тарихи тұлғалар жайлы жазғандары халық игілігіне айналып отыр. Ақынның ән-жырлары баспадан үздіксіз шығып келеді. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin