Түркістан облысы: «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсының облыстық кезеңі өтіп жатыр

Бүгін Түркістан қаласындағы «Арман-М school» жекеменшік мектеп базасында «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсының облыстық кезеңі өтуде. Конкурсқа ережеге сәйкес жалпы білім беретін мектептердің 8-11-ші сынып оқушылары арасынан 137 оқушы қатысып жатыр.

Мақсат — мектеп оқушылары арасында Әбіш шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, сөз мәдениетін дамыту, жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру.

Конкурстың міндеті — дарынды балаларды анықтау, әдеби мұралардың жүйелі оқылуын жолға қою.

«Әбіш оқулары» төрт бағыт бойынша өткізіледі:

  1. Үй тапсырмасы. Ә.Кекілбаев шығармалары бойынша иллюстрациялық суреттер салу бағыты;
  2. Ә.Кекілбаевтың прозалық және поэзиялық шығармалары бойынша мәнерлеп оқу бағыты. Қатысушы өзі таңдаған екі шығарманы (проза, поэзия) мәнерлеп оқиды;
  3. Шығармашылық жұмыс бағыты. Қатысушы жазушының тарихи тұлғалар, туған ел, жер және махаббат бағыттарындағы шығармаларын зерделейтін жоба жұмысын ұсынады;
  4. Ә.Кекілбаевтың шығармаларынан сахналық қойылым. Конкурсқа 5 оқушыдан тұратын топтар қатыса алады. Сахна мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, сахналық киімі, сөйлеу мәнері және тақырыптың толық ашылуы бағаланады.

Еске салайық, Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде дүниеге келген. 2015 жылы 11 желтоқсанда Астана қаласында өмірден озды.

1957 жылы Таушықтағы мектептің 1-сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңды орталау, ал 1956-57 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды.

1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. 1962 — 1965 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде,1968-1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында,1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор, 1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі,1984-1986 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары,1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы,1989-1990 жылдары ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы,1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі.

1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы,1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы,1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеді. 

2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады.

Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді.

Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» — Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.

Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.

2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармаларыТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының -1995, «Отан» орденімен -1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Шандоз» «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-Алаң», «Конец легенды», «Плеяды — созвездие надежды»,«Всполохи» романдары, «Бір шөкім бұлт», «Күй», «Бәйгеторы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй» повестері жарық көрді.

К.Гоццидің — «Туранбике ханшайым», А.П.Чеховтың — «Ваня ағай», Вальехо Антонио Буэроның — «Бүгін мейрам, бүгін той», Генрик Ибсеннің- «Үрей», Л.Дарконың — «Сүйіктім менің, Электра!», У.Шекспирдің — «Ромео мен Джульетта», У.Шекспирдің -«Кориолан», У.Шекспирдің — «Король Лир», М.Фриштің «Ғылым қуған Дон-Жуан» шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Тектінің ұрпағы тектілік танытпаса, айыбы, аманатқа қиянат жасағаны. Әбіштің әлемі сол текті бабаның көріп-білген дүниесін балаға аңыз бен ертегі, әңгіме ретінде жеткізгенінен пайда болды. Әбіш әлемі — өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем.

Әбіш Кекілбаев өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино салаларында ұйымдастыру-шығармашылық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық кәсібін алдыңғы қатарға қоя білді. Партияның Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде әдебиет секторының меңгерушілігіне Әбіш Кекілбаев жазушыларға да, қоғамға да сөйлесе, сөзі өтетін, қажет кезінде басқарушы билікке олардың да талап-тілегін, сөзін өткізе алатын беделді қаламгер, тәжірибелі саясаткер ретінде қызметке шақырылды. Ә. Кекілбаев Орталық Комитеттен Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне жіберіліп, қысқа мерзімде қыруар істер атқара алды.

Жаңа мемлекет тұсында да Әбекең – депутат, Комитет төрағасы, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты сияқты лауазымды қызметтерді атқарып келді.

Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те, ең алдымен, қазақ санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады. Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан айқын көрінеді. Әдеттегідей жасқана, имене әдебиеттің есігін ашқан жас өскін емес, білімі толық, кемелі келісті, қаламы төселіп, даусы орныққан дарын иесі екендігі шүбәсіз, нық басқан салмақтылықпен келді. Ол өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді байытты, көзімізді ашты, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin