Түркістан облысы әкімдігі Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқу үшін биыл 55 студентке грант бөлмек

Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор, докторы Мухиттин Шимшек және университет ректоры Жанар Темірбековамен кездесуінде тілге тиек етілді.

Кездесуде бауырлас елдер арасындағы халықаралық білім ордасының дамуына серпін беретін ірі жобалар жайлы айтылды. Сондай-ақ білім беру үдерісі мен университеттің халықаралық жетістіктері туралы сөз болды. Басқосуда көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар жан-жақты қаралып, бұл бағытта белсенді жұмыс жүретін болады.

Осы тұста атап өтер жайт, Түркістан облысының білім басқармасы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арасындағы ынтымақтастық аясында Түркістан облысы әкімінің гранты есебінен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 2018-2023 жылдары аралығында 354 студент облыстық бюджет есебінен білім алды.

Енді 2024 жылы тағы да 55 студентке (ІТ саласына – 35 грант, медицина саласына – 15 грант, теологияға – 5 грант) облыстық бюджет есебінен облысы әкімінің грантын бөлу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын Түркістан облысында 2024-2025 жылдары іске асыру мақсатында қабылданған Жол картасы шеңберінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен облыс әкімдігі арасында меморандум қабылданып, меморандум аясында 2024-2025 оқу жылында облыс педагогтері университетте арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтетін болады.

Сонымен бірге жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждердің түлектеріне жұмысқа орналастыру және аттестаттау мәселелері бойынша кеңес беру орталығын ашу, кәсіби стандарттарға сәйкес мамандықтарды оқытудың білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс тобына қатысу секілді бірқатар жобаларды жүзеге асыру қарастырылу үстінде.

Білім ордасында инженерия факультеттерін дамыту қолға алынып, IT мамандығын жаңғыртуға басымдық беріледі. Осы мақсатта Түркия елінен білікті ұстаздар шақырылады. Кездесуде «TURKISTAN» телеарнасының базасында Түркі тілдес елдерінің ортақ ақпараттық алаңын ашу туралы да айтылды.

— Бауырлас елдердің достығын паш ететін білім ордасының жан-жақты дамуы – ортақ мүдде. Ортақ мүдде орасан мүмкіндіктерге жол ашады. Біз әрқашан бастамаларды қолдауға дайынбыз. Тек қана университеттің төңірегінде ғана емес, екі елдің достығын дәріптеуге басымдық берілгені өте маңызды. Университеттің әлемдік деңгейдегі оқу ордаларымен теңдесе алуы үшін бұл жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс. Екі ел арасында ортақ ақпарат алмасу алаңын құру жайлы біраз уақыттан бері ойда жүр. Бауырлас елдеріміздің бірлескен фильмін түсіру туралы бастамамызға қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамын. Жаңа жобаның рухани және тәрбиелік маңызы бар сапалы дүние боларына сенеміз, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Расын айту керек, Түркістан шаһары ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің есімімен тығыз байланысты. Ғұламаның ілімін терең тану, мұрасын насихаттау мақсатында Түркия Республикасымен бірлесе отырып, фильм түсіру жоспарланып отыр.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті — құрылған күннен бастап әрдайым екі бауырлас түркі тілдес мемлекет басшыларының назарында. ЖОО-да әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалог пен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде оқу ордасының идеологиялық маңызы зор.

2018 жылдан бастап ХҚТУ түркі тілдес мемлекетттер университеттері Кеңесінің төрағасы болып табылады, оған Түркияның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Әзербайжанның 19 университеті кіреді. Университетте 10 мыңға жуық (шетелдік студеттер 1093) студент білім алады.

Атап өтерлігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылу және қалыптасу тарихы түркі өркениетінде ерекше орын алған Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихымен байланысты. Көне қаланың айрықша геосаяси орналасуы мен оның түркі халықтарының мойындалған рухани орталығы ретіндегі маңызын ескере отырып университетті заманауи жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар құрудың негізгі мақсаты түркі халықтарының ғылыми және мәдени көне орталығы, түркі әлемінің заманауи рухани астанасы – Түркістан қаласын жандандыру және дамыту болып табылады.

Университет Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке бастамасымен 1991 жылы 6 маусымда ашылған болатын (1991 жылғы 6 маусымдағы №329 жарлық, Алматы).

Қазақстан Республикасының сол тұстағы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың және Түркия Республикасының премьер-министрі Сүлеймен Демирелдің ресми кездесуі кезінде 1992 жылдың 1 мамырында «халықаралық университетті» құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.

1992 жылы 31 қазанда Анкарада Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының Үкіметтері арасында осы оқу орнын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге қол қойылды. Келісім Қазақстан және Түркия Парламенттері ратификациялағаннан кейін күшіне енді.

Университеттің Қазақстан үшін бірыңғай корпоративті басқару жүйесі бар. Қазақстан және Түркия Үкіметтері бекіткен Жарғыға сәйкес Үкіметаралық Өкілетті Кеңес (Анкара) Жоғары басқару органы болып табылады, ол университеттің жалпы басшылығын паритеттік бастамада қамтамасыз етеді және он кеңес мүшесінен тұрады, оның ішінде бес мүшесін Қазақстан Республикасы Үкіметі, қалған бес мүшесін Түркия Республикасы Үкіметі тағайындайды. Қаржыландыру республикалық бюджеттен және Түркия Республикасы бюджетінен жүргізіледі.

Университет миссиясы – түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастықтардан келген жастар үшін  сапалы білім ұсыну, инновациялық білім мен ғылыми зерттеулер саласында көшбасшы болу.

Мақсаты –  инновациялық ғылыми және білім беру технологияларын белсенді ендіретін, қарқынды түрде дамушы университет құру.

Басты құндылықтар: Рухани жаңғыру. Достық, теңдік және толеранттылық, Ашықтық, Өнегелілік, Кәсіпқойлық, Инновациялылық.

Университет 2007 жылдың мамырында Болон декларациясына қосылу туралы Меморандумға қол қойды және 2010 жылғы қыркүйекте Болон декларациясының негізі болып табылатын Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды.

Егер 1991 жылы бірінші іріктеу нәтижесінде университетке 332 студент қабылданса, онда қазіргі студенттер контингенті 10 мыңға жуық студентті, интерндерді, магистранттар мен докторанттарды құрайды, оның ішінде 1,5 мыңға жуық студент (контингенттен 15%) алыс және таяу шетелдің түркі тілдес мемлекеттерінен келген. 

Үкіметаралық келісімшарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ үшін алыс және таяу шетелдің түркі тілдес мемлекеттерінің студент жастарын оқытуға 200 арнаулы мемлекеттік білім беру грантын бөледі.

Университетке ең дарынды және талантты жастарды тарту мақсатында Үкіметаралық Өкілетті Кенестің шешімімен (Анкара) Түркия бюджетінен жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай алған, бірақ мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсынан өтпеген қазақстандық талапкерлер үшін 500 білім беру гранты бөлінеді.

Білім беру қызметі бакалавриаттың 54, магистратураның 30, PhD докторантураның 11, резидентураның 3, интернатураның 7 мамандықтары бойынша жаратылыстану, гуманитарлық, экономикалық, заң, әлеуметтік, медициналық, техникалық ғылымдар, білім беру, бизнес, қызмет көрсету және өнер бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

Оқу қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Университетте үш деңгейлі оқыту жүйесі: Болон үдерісі талаптарына сәйкес бакалавриат-магистратура-докторантура (резидентура) ендірілген.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – медицина факультеті студенттерінің теориялық білімі мен іс-тәжірибесін үйлестіретін 120 науқас орынға арналған Клинико-диагностикалық орталық пен Стоматологиялық поликлиникасы бар Қазақстандағы жалғыз университет.

Клинико-диагностикалық орталық (Клиника) университеттің медицина факультетінің әлеуеті өте зор тәжірибе базасына ие, стандарттарға толық жауап беретін, заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен жабдықталған озық денсаулық сақтау мекемесі ретінде құрылған.

Клинико-диагностикалық орталықтың құрылысы Түркия Республикасымен қаржыландырылып, 2006 жылы аяқталды. Қазіргі таңда клиника Түркістан қаласы мен аймақ тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер ұсынуда.

Клиниканың қызметі үш негізгі бағытта жүзеге асырылады: медициналық көмек көрсету, денсаулық сақтау саласында мамандар әзірлеу және дәрігерлерді дипломнан кейінгі даярлау бағыты. Университеттің Клиника-диагностикалық орталығы стационарлық мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек, мамандандырылған жедел медициналық көмек көрсетеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin