Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бәйдібек ауданындағы құрылысы жүргізіліп жатқан және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің ахуалын көрді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Бәйдібек ауданына іссапармен барды. Бірқатар әлеуметтік және туристік нысанды аралап, жай-күйін бақылады. Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов туризм, білім және денсаулық сақтау салаларында атқарылып жатқан шараларды таныстырды. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалу барысы баяндалды. Тұрғындармен жеке қабылдау өтіп, мәселелер қаралды.

Әуелі «Бәйдібек ата» және «Қос ана» кесенелеріне барды. «Қос ана» кесенесінің сыртын сырлау және төлқұжатын жаңартуды ескертті. Аумағындағы ескі мазардың қыштарын реттеп қоршау және археологиялық зерттеуге ұсыныс беруді міндеттеді. Сондай-ақ жастармен бірге Бәйдібек ата кесенесінің ауласына шырша көшетін отырғызды.

Іссапар барысында балалар лагерінің жұмысы зерделенді. Бәйдібек ата елді мекенінде орналасқан «Тау шыңы» балалар лагері 2012 жылы пайдалануға берілген. Маусымдық кезеңде 1200 бала демалады. Бір ауысымда 150 балаға дейін қабылдай алады. Бейсенбай Дәулетұлы тозығы жеткен лагерьдің ғимараттарына биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді қадағалап, интернет желісін тарту туралы тапсырма берді.

Іссапарда облыс әкімінің орынбасары құрылысы жүргізіліп жатқан және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің ахуалын көрді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы аудан орталығында 300 орындық білім ошағының құрылысы басталған. Іргетасы құйылып, өндірістік кестеге сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы қолданысқа беру жоспарланып отыр. Жауаптылар мен сала мамандарына құрылысты қадағалау, сапалы әрі уақтылы аяқтауды жүктелді.

Жарықбас ауылындағы Л.Өтешов атындағы мектеп оқушыларға 2011 жылы есігін ашқан. Қазіргі таңда шатыры мен ішкі бөлмелері ескірген. Облыстық жауапты басқарма мен аудандық бөлімге қайта жасалған жобалық-сметалық құжаттамасын қаржыландыруға ұсыныс беру тапсырылды. Ақбастау ауылындағы Ш.Уәлиханов мектебінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржысы бөлінген. 1200 орындық білім ұясына осы жылы жөндеу жұмыстары басталады. Облыс басшылығы мектептің төтенше жағдай кезінде шығуға арналған баспалдақтың төбе қалқасын орнату, қасбетін әрлеу және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты.

Естеріңізде болса, биыл қаңтар айындағы сапарында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының жай-күйімен танысқан болатын. 700 орынға шақталған мектеп 2011 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда білім ордасында 136 мұғалім жұмыс істейді. Мұнда екі ауысымда 1 мыңнан аса оқушы негізгі мектеп типтік ғимаратта білім алады. Мектеп «көгілдір отынмен» жылытылады.

Мектептің оқу бөлмелері мен құрал-жабдықтарын жаңарту мақсатында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры, «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры қоғамдық қоры, «Ed Tech Innovation» ЖШС және С. Әбдіжаппаов атындағы жалпы орта мектеп-интернаты арасында төрт жақты келісімшарт жасалды. Меморандум аясында серіктестер 250 миллион теңге қаржы бөліп, білім ордасындағы 30 оқу кабинеті толықтай жабдықталуда. Одан бөлек спорт зал, акт зал, АРТ-студия жабдықталып, кітапханаға керек-жарақтар жеткізілуде. Сонымен бірге білім ордасында телестудия да жасақталуда.

Облыс әкімі мектепті аралау барысында жылу қазандығының жай-күйіне баса мән беріп, жылу жүйесіндегі анықталған ақаулықтарды қалпына келтіруді тапсырған-ды. Мектеп асханасының ас мәзірін көрді. Жауаптыларға оқушыларға барлық жағдай жасалуы керек екенін айтты.

Бәйдібек ауданында жалпы 51 мектеп бар. Онда 2454 педагог 12 343 оқушыға білім беруде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шаян ауылынан жаңадан 300 орындық мектептің құрылысы былтыр басталған.

Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Айта кететін жайт, апаттық және үш ауысымдық мектептердің проблемасын жоюға тиіс «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға жауапты ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бекітілген.

Компания 2023 жылдың 31 қазанында Үкімет қаулысымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына өзгерістер енгізілгенін еске салды.

Жаңартылған қаулыға сәйкес;

  • 2026 жылға дейін қалалар мен ауылдарда оқушы орындарының ағымдағы және болжамды тапшылығын жабу үшін кемінде 740 мың (екі ауысымда оқыту) жаңа оқушы орны пайдалануға берілмек.
  • Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 2,38 триллион теңгеге дейін артылды. Соның ішінде жылдар бөлінісінде: 2023 жылы – 499,9 млрд теңге; 2024 жылы – 976,3 млрд теңге; 2025 жылы – 909,4 млрд теңге шығындалады.
  • Жайлы мектептерге арналған жиһаз тек «Самұрық-Қазына» қорының «Тауар өндірушілер тізіліміндегі» және «Атамекен» палатасының «отандық өндірушілер тізіліміндегі» өндірушілерден сатып алынуға тиіс. Шетелдік жиһаз өнімдерін импорттауға нарықта оның отандық баламасы болмаса ғана рұқсат етіледі. Отандық баламасы жоғын Өнеркәсіп және сауда министрлігі растауы шарт.

Әйтсе де, атқарушы биліктің шабан қимылына депутаттардың көңілі толмай тұр. Олардың байламынша, бұл қарқынмен апаттық және үш ауысымдық мектептердің түйіні 2025 жылы да тарқамауы мүмкін.

Өйткені елдегі демография жақсарды. Оның үстіне кейінгі үш жылда шетелден Қазақстанға қоныс аударушылар саны күрт өсіп, көші-қонда оң сальдо қалыптасуда. Көшіп келуші отбасылар да өз балаларын мектептерге орналастырады.

Үкіметтің жаңа болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай Қазақстан халқының саны 43,2 миллионға жетуі мүмкін. Бұл мектептер санының да екі еседей артуын талап етпек.

Білім беру саласын дамытуға арналған шығыстар 2023 жылға қарағанда, биыл 287 миллиард теңгеге өсіп, соңғы 6 жылда қаржыландыру көлемі 4 есе артты. Бұған қарамастан, Сенат депутаты Талғат Жүнісовтың айтуынша, «мектептер құрылысының қазіргі қарқыны демографиялық және көші-қон процестеріне ілесіп үлгермеуде».

Былтыр 1 қыркүйекте оқушы орындарының тапшылығы 272 мыңды құрады. Мектептерде көп ауысымды оқыту сақталып қалды. Ауылдық мектептердің материалдық инфрақұрылымы қаламен салыстырғанда төмен және ауыл оқушысының мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді. Сондай-ақ мектептердің тек 39 пайызы ғана жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған, бұл цифрлық теңсіздікке соқтырды.

Сенатор Алтынбек Нухұлы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жетілдіре түсу керек» деп есептейді.

«Орта білім саласындағы апаттық жағдайдағы мектептерді жою, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын болдырмау мақсатында 2022 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бекітілді. Бүгінде ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 орта мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл басында бекітілгеннен 32 мектепке аз және 102 мың оқушы орнына кем. Бір оқушы орнының құны – мектептің сыйымдылығына байланысты 3,6 миллион теңгеден 8,3 миллион теңгеге дейін көтерілді. Жаңа бағамен есептегенде, 1,5– 2,5 мың оқушы сиятын «жайлы мектептердің» әрқайсысы 5,8–9 миллиард теңгеге түспек», – дейді депутат.

Бұған дейін елімізде бір қарапайым мектептің құрылысына, елді мекеннің орналасқан жері мен халық санына байланысты 500 миллионнан 4 миллиард теңгеге дейін ғана жұмсалыпты.

Осыдан Парламент депутаттары Үкіметке: «Елімізде оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» құрылысын салу қаншалықты тиімді?» деген сауалды төтесінен қойды. Себебі, бір ғана жайлы мектепке жұмсалатын қаражатқа екі-үш қарапайым мектеп салуға болатын көрінеді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұлттық жоба аясында және басқа да қаржыландыру қорларынан алынатын қаражат есебінен оқушы орнының тапшылығы, үш ауысымдық және апаттық мектептердің мәселесі шешілетініне сенім білдірді.

«Жалпы, елде қалған апаттық мектептердің саны – 52. Сондай-ақ 112 үш ауысымды мектеп бар. Бүгінде оқушы орнының тапшылығы негізінен үш мегаполисте – Астана, Алматы мен Шымкентте және Алматы облысы мен Түркістан облыстарында қалыптасқан. «Жайлы мектеп» жобасының 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектебі осы мәселелерді түбегейлі шешуге бағытталған», – дейді министр.

Ал қарапайым мектеп салудан Үкімет бойын аулақ салыпты.

«Бұған дейінгі соғылған қарапайым мектептер мен «Жайлы мектеп» бойынша тұрғызылатын заманауи мектептердің айырмашылығына келсек, ұлттық жобаның мектептерін қажетті барлық заманауи жабдықтармен толық жарақтандыру, қауіпсіздік шараларымен толық қамту қарастырылған. Сонымен қатар, оның бәрінде спорт залдары мен кітапханалары болады. Бастауыш сынып, орта сынып, жоғары сынып балаларына арналған жеке блоктар көзделеді. Олар бір-бірімен араласпай, бөлек оқытылады. Мұндай бұрынғы мектептердің көбінде болмаған. Осы арқылы жайлы мектептерде оқушылардың сапалы білімі мен саналы тәрбие алуына өте қолайлы жағдай туғызу көзделген», – дейді министр Ғани Бейсембаев.

Облыс әкімінің орынбасары биыл жаңадан салынатын Жарықбас елді мекеніндегі дәрігерлік амублаториясының тиісті құжаттарын рәсімдеуді тапсырды. Нысанға жер телімі рәсімделген.

Сапар аясында жеке қабылдау өткізген Бейсенбай Тәжібаев аудан тұрғындарының өтініштерін тыңдады. Қабылдауға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев және салалық мекеме басшылары қатысты. Тұрғындар тарапынан мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржы бөлуге ықпал ету, ономастика, тұрғын үй, әлеуметтік көмек бойынша талап-тілектер айтылды. Өтініштер заң шеңберінде қаралып, жауаптары жолданады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin