Түркістан облысы: Отырарлық сақшылар Отырар ауданы тұрғынының көлігін Түркістанға заңсыз айдап кетіп, өртеп жіберген 2 күдіктіні ұстады

Отырар ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адам өз арызында белгісіз азамат үйінің ауласында тұрған «Ваз-21060» маркалы автокөлігін заңсыз айдап кеткені бойынша шағымданған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі — 800 000 теңге. Бұл жөнінде Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған жайтты полицейлер Қылмыстық Кодекстің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті.

Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастайды. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін, қажетті барлық шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде, арада небары 2 күн өткенде полицейлер жәбірленушінің көлігін заңсыз иемденіп кеткен азаматтарды анықтады.

Осылайша отырарлық сақшылар күдікті ретінде бұрын сотты болған Түркістан қаласының екі жас тұрғынын құрықтады. Оларды бірден полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі таңда күдікті азаматтар қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, күдіктілер аталған қылмысты жасамас бұрын өзара ақылдасып, арнайы жоспар құрған. Содан соң оңай жолмен ақша табуды көздеп, Отырар ауданына қарай бет алған. Жеткеннен соң олар күн көзінің батқанын күтіп, жәбірленушінің ауласында тұрған автокөлікті байқатпастан ұрлап кеткен. Қолды болған көлікті Түркістан қаласына дейін айдап келіп, жарамды бөлшектерін сатып жіберген. Ал қалғанын өртеген.

Түркістан облысының полицейлері осындай қылмысты болдырмау үшін, көліктерін бейнекамерамен жабдықталған, жарықтанған автотұрақтарға қою керектігін ескертеді. Егер де, сіз, қандай да бір қылмыстық оқиғаның немесе ұрлықтың куәсі, құрбаны болсаңыз, полицияның «102» нөміріне жедел түрде қоңырау шалыңыз.

Еске салайық, елімізде жыл басынан бері 909 автокөлік ұрланып, оның 775-і табылған. Көлік ұрлы­ғына кәсібиленген қылмыскерлердің жалғыз жүрмейтіні анық. Ішкі істер министрлігінің дерегіне қарағанда, жыл басынан бері 19 қылмыстық топ құрық­талған. Көбіне «Toyota» және «Lexus» маркалы автокөліктер ұрланады екен.

Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітовтің айтуынша, еліміздегі «қара нарыққа» автокөліктердің негізгі бөлігі таяу шетелдерден, көбіне Ресейден әкелінеді.

– Бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрлігі ТМД елдерінің құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Осы бағыттағы жұмыстар елімізде 2017 жылғы желтоқсанда ратификациялаған «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісім» негізінде жүргізіледі. Халықаралық шартта өзара қарым-қатынас нысандары, қажетті ақпараттық базаларды қалыптастыру және қолдау, ұрланған автокөлікті қайтару мерзімдері және оларды қайтарудан бас тарту негіздері нақты жазылған. Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ТМД елдерінде Қазақстанда ұрланған 50-ден астам автокөлік табылды. Өз кезегінде, біздің елімізде достастық мемлекеттерінің аумағында ұрланған 200-ге жуық автокөлік іздестірілді, – дейді Қ.Нұрсейітов.

Өңірлер бойынша автокөлік ұрлығының басым бөлігі Алматы қаласында тіркелді: 57 жағдай – бір жыл бұрынғыға қарағанда бірден 46,2%-ға артық.

«Көшбасшы» үштікке Қостанай (31 автокөлік ұрлығы, бір жыл ішінде көбею – 19,2%) және Қарағанды (28 автокөлік ұрлығы, төмендеу – 24,3%) облыстары кірді. Көлік ұрлығы ең аз тіркелген өңір – Солтүстік Қазақстан облысы, мұнда былтырғыдай 2 оқиға болған.

Атырау облысында автокөлік ұрлығының айтарлықтай көбейгені байқалды: бір жыл ішінде 3 есе жиілеп, 6 жағдай тіркелді. Ал, Ақтөбе облысында ұрлық саны үш есеге жуық азайған: 10 факт тіркелді, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 27 жағдай болған.

Көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтау қажет. Ешуақытта автокөлікті есігін ашық және кілтімен қалдырмаңыз; көлікті түнде тұраққа қойғанда гаражды немесе күзетілетін тұрақты пайдаланыңыз; қылмыскер сіздің көлігіңізді тез иемденбеуі үшін тиісті шаралар қабылдаңыз: оны электронды және механикалық ұрлыққа қарсы құрылғылармен және GPS маяктары бар ұрлыққа қарсы кешендермен жабдықтаңыз; автокөлік салонында құжаттар мен құнды заттарды қалдырмаңыз; басқа мемлекетте тіркелген автокөлікті сатып алғанда, әртүрлі интернет сайттар ұсынатын қызметтер арқылы қолда бар деректер бойынша автокөліктің «тазалығын», яғни бұрын ұрланған-ұрланбағанын тексеріңіз!

 «ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.