Түркістан: Жетісай ауданы әкімі ауылдағы ағайынмен жолығып, мәселелерді талқылады

Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек аудан орталығы – Жетісай қаласымен іргелес орналасқан Жаңа ауыл ауылдық округінде болып, округ ақсақалдарымен, шаруа қожалық иелерімен және ауыл шаруашылық өндірістік кооператив төрағаларымен жүздесті.


Басты мақсат округтегі қолбайлау болып отырған өзекті мәселелердің шешілу жолдарын ел ағаларымен бірігіп талқылап, шешу, егістікке қажетті ағын су мөлшерін тиімді пайдалануды ұйымдастыру, тамыз айында орын алуы мүмкін жылдағы ағын су жетіспеушілігінің аллын алу болып табылатын жиынға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Абуов, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұркен Әлмеш, «ҚазСуШар» РМК Жетісай аудандық филиалы басшысы Шадат Омаров қатысты.

Басқосу барысында округ әкімі Нұрлыбек Бахтияров бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстардың барысына, округтегі шешілуі тиіс мәселелерге тоқталды.

Округ аумағындағы елді мекендерде халық санының артуына байланысты жаңадан ашылған көшелерді асфальттау, электр бағаналарын орнату, мектеп салу, елдімекендерді газдандыру, таза ауыз судың жетіспеушілігін шешу мақсатында қосымша су мұнараларын орнату керектігін алға тартқан Жаңа ауыл әкімі егістік алқаптарда мүмкіндігінше вегетациялық жұмыстардың күшейтілгендігін жеткізді. Орын алуы ықтимал су тапшылығында шаруалардың шығынға батпаулары үшін түсіндіру жұмыстарының да жүргізіліп жатқандығын айтады.

Сонымен қатар, округ шаруалары мен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өкілдері топырақ құнарлығын сақтап, мол өнім алу үшін округтегі тік дренаждарды іске қосу, ескірген каналдар мен арық-атыздарды ауыстыру немесе күрделі жөндеуден өткізу керектігін, ағын су каналдарының үстіне салынған кафелер мен ойын-сауық орындарына заңға сәйкес шара көрілуін аудан басшысына өтінді. Өйткені, каналдарының үстіне салынған нысандардың астына жиналатын қоқыс ағын судың шаруаларға қажетті мөлшерде дер кезінде жетуіне үлкен тосқауыл жасап отыр.

«Ол ғимараттардың кезінде кімге қандай жағдайда беріліп кеткені маған беймәлім. Дегенмен, құжаттарын топтастырып, заңдылығын қараймыз. Егер заңсыз құрылыс болса рұқсат берген азаматқа да, құрылыс жүргізген азаматқа да тиісті шара көріледі. Шаруалардың қажетті мөлшерде алуы тиіс ағын суларының дер кезінде жеткізілуіне кедергі келтіруге ешкімнің құқы жоқ.

Мұнан да басқа елдің тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша айтқан ұсыныс-пікірлеріңізді хаттамаға енгіздік. Тиісті жұмыстар жүргіземіз» деді аудан басшысы.

Жиын соңында ауданға әкім болып келген сәттен бастап елдімекендердегі жұртшылықпен жүздесіп, өзекті мәселелердің шешілуіне мұрындық болып жүрген Мұрат Болатұлына сәттілік тілеген округ ақсақалдары ақ баталарын беріп тарасты.

 «ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.