![]()
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, бөлімдер мен мекеме басшылары қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы мен бірқатар өзекті міндеттерді талқылады.
Мәжілісте ауданның даму индикаторларының орындалу барысы туралы Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай баяндама жасап, негізгі көрсеткіштердің қазіргі ахуалы мен алдағы межелерді саралады.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жұмыстарға тоқталды. Олардың қатарында: «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы мен елді мекендердің санитарлық тазалығы; Тұрғын үй кезегін түгендеу және әлеуметтік инфрақұрылым; Жылыту маусымына дайындық пен тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету; Ауыз су берешектерін өндіру және автокөлік салығын жинау; Қараусыз жүрген малдарды реттеу шаралары бар.
Жиын барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы экономикалық индикаторларды орындаумен қатар, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті қызметтер сапасын бақылауда ұстаудың маңыздылығын атап өтті.
– Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің толық орындалуы – ауданның дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі. Жылыту маусымына дайындықты тиісті деңгейде аяқтау, салықтық түсімдерді арттыру және тазалық талаптарын сақтау бойынша әрбір басшы өз саласына жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деді аудан басшысы.
Мәжіліс қорытындысы бойынша жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
