Түркістан: Заң шегінен шыққан карьерлердің лицензиясы қатаң қаралады

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі барлық карьерлер жаппай тексерілуде.


Заңды бұзу әрекеттері анықталған және табиғатқа зияны тиіп жатқан карьерлердің лицензиясы алынады. Бұл қадамға тұрғындардың талап-тілектері де түрткі болды. Қазығұрт тауының бөктерінде орналасқан елді мекендердегі құрылысқа тас, құм қазып алатын карьерлердегі жарылыстардың зақым келтіру ықтималдылығы жоғары. Карьерлердегі жұмыстардың салдарынан іргелес ауылдарда ауыз су мен ағын су азайып, таудағы бұлақтар тартылуда. Әзірге Түркістан облысы әкімдігінің күш салуымен жарылыстар уақытша тоқтатылды.

«Ел тілегі ескеріліп, сең қозғалып отыр. Көтерілген мәселе бойынша «ШымкентЦемент» АҚ зауытына хат жолдадық. Бүгінде қаралып жатыр. Ресми хаттың жауабын күтіп отырмыз. Егер табиғатқа, экологияға, мәдени мұраға зиян тудыратын болса, онда біз оны мәжбүрлі түрде тоқтату процесін алдағы уақытта заң жүзінде жүргізетін боламыз», – деді Түркістан облысы инвестиция және экспорт басқармасының басшысы Қайрат Әзімов.

«Төлеби ауданына қарасты Ақбастау елді мекенінде Шымкент қаласындағы цемент заводына тиесілі тас алатын 2 карьер орналасқан. «Северный» карьер жұмысын 1957 жылдан бастаған. Жалпы 105 гектар аумақты алып жатыр. Ал «Южный» карьерлері жалпы 119 гектарды құрап отыр, 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда «Северный» карьерін пайдалану тереңдігі +877 метрге жетті. Тұрғындардың наразылығы — карьерлерді қазған кездегі жарылыстар елді мекендердегі тұрғын үйлерге зақым келтіруде, ауылда ауыз су мен ағын су азайып барады. «ШымкентЦемент» басшалығына 27 тамызға дейін жарылыс жұмыстарын тоқтату жөнінде талап қойылды. Ақбастау елдімекенінде 3 бұлақ бар. Олар: Қотырбұлақ, Ажарбұлақ, Жаманбұлақ. Қазіргі таңда су көзінің дебеті өте төмен. Бүгінде тұрғындар тек қана Қотырбұлақтың суын пайдалануда. Қалған екі бұлақтың суын күз айынан бастап пайдаланады. Біздің тарапымыздан тиісті хаттар жолданды», – деді Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев.

Бұл мәселе бойынша жарылыстардың зияндығын анықтау үшін Түркістан облысы бойынша экология департаментіне, ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне, ҚР АШМ СУ ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал – Сырдария бассейндік инспекцияға, Оңтүстік Қазақстан Гидрогеологиялық мелиоративтік экспедицияға тиісті хаттар жолданған.

Төлеби ауданына қарасты Ақбастау елді мекені ауызсуды үш бұлақ көзінен тұтынады. Елді мекен аумағынан «ШымкентЦемент» зауыты өз өндірісіне қажетті өнеркәсіптік шикізатты (тас алу) жарылыс жасау арқылы алады. Қазіргі таңда тас өндіріліп жатқан «карьердің» тереңдігі 1000 метрге дейін төменге түсіп кеткендіктен, бұлақ көздерінен қашқан су карьердегі шұңқырға құйылады. Сала мамандарының айтуынша, оны шикізат өндіруші мекеме техникалық су ретінде насос арқылы сыртқа тоқтаусыз ағызуда. Техникалық су деп аталу себебі – жарылыс арқылы өндірістік шикізат алғандықтан, бұлақ көзінен қашқан сулар халық тұтынуға жарамсыз деп есептелінеді. Қазіргі таңда Қотырбұлақ су көзінің дебеті 40-50 пайызға азайған. Ажарбұлақ су көзі дебеті 60-70 пайызға, ал Жаманбұлақ су көзінің дебеті 70-80 пайызға азайып отыр.

Жалпы, елдімекенге тәулігіне 24 сағат бойы су берілуде. Алайда су дебетінің аздығына байланысты кейбір көшелерге су түнгі кезеңде көтерілуде. Елді мекенде ағын судың болмауына байланысты тұрғындар бау-бақшаларын құбыр суымен суарады.

 «ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.