2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Түркістан қаласына Түрікменстан Республикасының делегациясы келді

Түркістанда облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Түрікменстан Президенті жанындағы Арқадаг қаласының құрылыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Дерьягельды Оразов пен Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов бастаған Түрікменстан Республикасының делегациясы кездесті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы айтылды.

Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасын, білім беру және тәжірибе алмасу бойынша белсенді түрде ынтымақтастық орнату жолдарын талқылады.

– Түркі елдерінің астанасы Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Бүгінгі кездесуде Түркістан облысы мен Түрікменстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты талқылауға жақсы мүмкіндік бар. Түркістан облысымен Түрікменстан Республикасының өңірлері арасындағы екі жақты ынтымақтастығының дамуы өте маңызды екенін атап өткім келеді. Алдағы уақытта екі ел арасындағы екі жақты ынтымақтастығымыз одан әрі дамитынына сенемін, — деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі Түркістан облысында шетелдік компанияларының өндірістерін ұйымдастыру үшін индустриалды аймақтар және дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалдау немесе сатып алу құқығымен берілетін Шағын өнеркәсіптік парктер бойынша толық мәлімет берді. Сондай-ақ терең өңдеу өндірісін ұйымдастыру үшін инвесторлар салықтардан, кедендік төлемдерден босатылатын «TURAN» арнайы экономикалық аймақтың жұмыс атқарып тұрғанын жеткізді.

Кездесу нәтижесінде тараптар жаңа бастамаларды іске асыруға дайын екендерін білдіріп, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Өткен жылдың қорытындысымен екі жақты тауар айналым көлемі 26,5 миллион. АҚШ долларын құрады (импорт: 20,1 миллион доллар, экспорт: 6,4 миллион доллар.)

Естеріңізде болса, биыл 21-22 сәуір күндері Түркістанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің бейресми кездесуі өткен болатын. Келіссөз барысында қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту перспективасы және өңірдің күн тәртібіндегі өзекті мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы, түркі халықтарына ортақ қасиетті мекен саналатын Түркістан қаласына сапармен келгені үшін ризашылығын жеткізді.

– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Оның айтуынша, БҰҰ қолдаған бұл бастама Түрікменстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді.

Халк Маслахатының Төрағасы Мемлекет басшысына киелі Түркістанда қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанның ең негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді.

– Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша сан қырлы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасы талқыланды.

Өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланыстарды дамытудың тың мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі атап өтілді.

Газ саласындағы серіктестікті кеңейту, нақты айтқанда, Қазақстан тарапының шетелдік серіктестермен бірге Галкыныш кен орнын игеру жобасына қатысу мәселесіне мән берілді.

Мемлекет басшысы «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» темір жол құрылысының жобасына назар аударып, аталған жоба табысты жүзеге асса, көлік бағыттарын әртараптандыруға, экспорт нарықтарын кеңейтуге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзит әлеуетін арттыруда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралы мен құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолы маңызды рөл атқарады.

Бұдан бөлек, кездесуде білім беру, цифрландыру салаларындағы өзара тиімді ықпалдастық мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы Түрікменстанға мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ IT-мамандардың біліктілігін арттыру ісінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесуден соң Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы «SPK Turkistan» индустриалды паркін аралады. Қазір мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салу, сондай-ақ жалпы сомасы 40 миллиард теңгеге жуықтайтын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты. Маңызды келіссөздер өткізіп, бірнеше нысанды аралағаннан кейін Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан әуежайынан шығарып салды.

Еске салайық, Түрікменстан — мұхитқа шыға алмайтын Орталық Азиядағы мемлекет, халық саны шамамен 7 миллион адам. Орталық Азия аймағындағы халқы ең аз мемлекет болып келеді. Ең ірі қаласы және елордасы — Ашхабад. Солтүстік-батысында Қазақстанмен, солтүстік, шығыс және солтүстік-шығысында Өзбекстанмен, оңтүстік-шығысында Ауғанстанмен, оңтүстік және оңтүстік-батысында Иранмен және Каспий теңізімен шектеседі.

Жерінің 80 % артығын аптап шөл (Қарақұм шөлі), құм көшкіндері, тасты таулар мен ащылы алаптар басып жатыр.

Түрікменстанның ең үлкен өзені Әмудария. Оның ұзындығы 1415 шақырым болса, соның 1000 шақырымы — осы елдің аумағында. Осы өзеннен бастау алып, Түрікменстанның Ашхабад, Мары, Бүзмейін, Балқанабат (Небітдақ), Түрікменбашы (Красноводск) сияқты ең үлкен қалаларына ауыз суын жеткізіп жатқан Қарақұм каналы.

Сонымен бірге, канал 1 миллион гектар жерді суландырады. Оның ұзындығы — 1100 шақырым.

Елдің қыс айларындағы орташа температурасы 26—32 °C, ал жаздағы ыстық 70 °C асады.

Түрікменстан 5 әкімшілік-экономикалық аумаққа бөлінген. Олар уәлаят (облыс) деп аталады. Ахал, Балқан, Дашоғыз, Лебап, Мары уәлаяттарын және Ашхабад қаласын президент тағайындаған хәкімдер басқарады. Уәлаяттардың құрамына 46 атырап және 528 кеңесшілік енеді.

1959 жылғы халық санағы бойынша елдің нақты халқының саны 1,516 миллион тұрғынды құрады; 1979 жылғы халық санағы бойынша – 2,759 миллион; 1989 жылғы халық санағы бойынша – 3,534 миллион; 1995 жылғы халық санағы бойынша – 4,481 миллион. 2006–2017 жылдары халық саны бойынша еш ресми дерек жарияланбаған.

БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша департаменті Түрікменстан халқын 2008 жылы 4,936 миллион, 2012 жылы 5,268 миллион, 2017 жылы 5,758 миллион деп бағалады.

2021 жылғы санақ бойынша елдегі туу коэффициенті бір анаға 2,04 балаға тең болды.

2015 жылдың ақпан айында оппозициялық басылымдарда 2012 жылғы халық санағының нәтижелерін бейресми дереккөздерден білдік деген жарияланымдар пайда болды. Бұл басылымдарға қарағанда, ел халқының саны 4 751 120 адам болар еді; ұлттық құрамы бойынша 85,6% түрікмендер, 5,8% өзбектер, 5,1% орыстар. Қалғандарының барлығы басқа ұлт өкілдері ретінде көрсетілген. Елде 58 ұлттың өкілдері тұрады.

Түрікменстан халқының басым көпшілігі мұсылмандар (негізінен сунниттер) — 89-90%. Христиандар халықтың шамамен 9%, басқа конфессиялар 2% құрайды. Рұқсат етілген барлық діни конфессиялар мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында: 1994 жылы оларды бақылау үшін мүфти, мүфтидің орынбасары, православиелік декан және бір шенеунік кіретін Дін істері жөніндегі «Генгеш» («Кеңес») құрылды. Дін істері жөніндегі генгеш мүшелері мемлекеттің зайырлылығына қарамастан, дін істері жөніндегі велаят кеңестерінің мүшелері (оларды жергілікті бас имамдар басқарады) сияқты бюджет есебінен жалақы ала бастады.

Мемлекет діни білім беруді қатаң шектейді. 2016 жылы қабылданған заң дінді жеке оқытуға толығымен тыйым салды, ал балаларға діни ілімді үйрету тек жеке Комиссия келісімімен ғана рұқсат етіледі.

Тарихи тұрғыда үнді-ирандықтар мекендеген Түрікменстанның жазба тарихы оның Ежелгі Иранның Ахемен әулетіне қосылуынан басталды. Кейінірек біздің заманымыздың VIII ғасырында түркі тілдес оғыз тайпалары қазіргі Моңғолиядан қазіргі Орта Азияға қоныс аударды. Күшті тайпалар конфедерациясының бір бөлігі болып табылатын бұл оғыздар қазіргі түрікмен халқының этникалық негізін құрады. X ғасырда «түрікмен» атауы алғаш рет Исламды қабылдап, қазіргі Түрікменстанды басып ала бастаған оғыз топтарына қатысты қолданылды. Онда олар қазіргі Иран мен Түркіменстанда тұратын оғыз топтарынан құралған Селжүк әулетінің билігінде болды. Империяға қызмет еткен оғыз топтары қазіргі Әзірбайжан мен шығыс Түркияның қоныс аударған кезде түркі мәдениетінің таралуында маңызды рөл атқарды.

XII ғасырда түрікмен және басқа тайпалар Селжүк әулетін құлатты. Келесі ғасырда моңғолдар түрікмендер қоныстанған жерінің солтүстігін басып алып, түрікмендерді оңтүстікке шашыратып, жаңа тайпалық топтардың қалыптасуына үлес қосты. XVI-XVIII ғасырларда көшпелі түрікмен тайпалары арасында бірнеше бөлінулер мен конфедерациялар болды, сонда да олар берік тәуелсіз болып қала берді. XVI ғасырға қарай бұл тайпалардың көпшілігі екі отырықшы Өзбек хандықтарының – Хиуа мен Бұхараның атаулы бақылауында болды. Түрікмен жауынгерлері осы кезеңдегі өзбек әскерлерінің маңызды элементі болды. XIX ғасырда түрікменнің Йомуд руы жорықтары мен көтерілістерінің нәтижесінде өзбек билеушілері бұл топты таратып жіберді.

XIX ғасырдың екінші жартысында солтүстік түрікмендер Хиуа хандығында негізгі әскери және саяси билік болды.

Экономиканың барлық саласында мемлекет үстемдік етіп отыр.

Мемлекеттік бюджет кірісінің қомақты бөлігін мұнай мен газды сыртқа шығарудан басқа мақта иіру кәсіпорындарының тізбесінен түсетін салық та құрайды.

Мұнда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі де бар. Жерінің 80% мұнай мен газ бар. Осы уақытқа дейін олардан 144 кен орны табылған. Бірақ соның әзірге 40-қа жуығы ғана игерілуде. Газдың болжамды қоры 21-23 триллион текше метр, ал мұнайдікі 12 миллиард тоннаға жуық делінеді.

Жоғары технологияға негізделген ондай кәсіпорындар саны қазір 63-ке жеткен. Жыл сайын бұл елде 158 миллион шаршы метр мақта-мата бұйымдары мен 82 мың тонна жіп иіріледі. Осы өнімдерін Түрікменстан әлемнің жоғары дамыған 30-дан артық еліне шығарып тұрады.

Жалпы, бұл ел әлемнің 80-нен артық елмен белсенді сауда-экономикалық байланыстар жасайды.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы құрлықтағы шекараның ұзындығы — 426 шақырым. Ол 2001 жылы 5 шілде күні ратификацияланған екіжақты келісімшартпен толығымен шегенделген.

Түрікменстан жағы Қазақстаннан негізінен өсімдік өнімдерін, темекі, ұн және химия өнеркәсібі өнімдерін импорттайды, ал Қазақстан минералды және химиялық өнімдер алады.

Түркіменстанның мемлекеттік тілі — түркі тілдерінің оғыз тобына жататын түрікмен тілі. Түрікменстаннан басқа тіл Иран, Ауғанстан, Түркия, Ирак, Қарақалпақстан, Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан, Ставрополь өлкесінде және Ресейдің Астрахан облысында кең таралған.

Түрікменстанда түрікмен тілінен басқа орыс тілі кең таралған, сонымен қатар ағылшын, өзбек және белуж (Мари оазисінің бірнеше ауылдарында) тілдері қолданылады

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрады. Алайда, екі елдің алдында бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, 1 млрд АҚШ долларына жеткізу бойынша өршіл міндет тұр. 

Орайы келгенде атап өтер маңызды мәселе, соңғы уақытта Түркі мемлекеттері өзара электоралды ынтымақтастықты да тереңдетіп келе жатыр. Мәселен, бүгін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы (ОСО КП) туралы Ережеге қол қою рәсімі өтті.

Рәсімге:

– Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстан (ТМҰ жанындағы бақылаушы мемлекет) орталық сайлау органдарының басшылары;

— ТМҰ, А-WEB, ТүркПА, Түркі академиясының өкілдері;

— ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР ОСК жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент аумақтық сайлау комиссияларының басшылары қатысты.

Платформаны құру бастамасын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Астанада өткен 10-шы ТМҰ саммитінде (2023 жылы) ұсынған және Бішкекте өткен 11-ші саммитте (2024 жылы) барлық мүше мемлекеттер қолдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You