Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» ұлттық жобасы аясында «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің «KitapХАН@» кітап оқу инновациялық жобасы 2021-22 оқу жылында бастау алды.
«KitapХАН@» кітап оқу жарысының мақсаты – оқу мәртебесін, оқу белсенділігі мен оқу сапасын арттыру, жалпы педагогтердің мәдени және оқу құзіреттілігін дамыту, шығармашылық әлеуетін арттыру. Жобаға «Болат Өтемұратов» қоры, «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Steppe World» баспалары серіктестік етеді.
«Кітап оқу жарыс жобасы апта сайын Zoom платформасында фейсбук желісіне тікелей қосыла отырып өтеді. Оқырмандар тарапынан өте жоғары деңгейде қызығушылық бар. Мамыр айында жылдық қорытынды сайыс ұйымдастырылып, қатысушы үміткерлерге облыстық кәсіподақ ұйымының демеушілігімен жеңімпаздар мен барша қатысушыларға құнды сыйлықтар табыс етілді. Нәтижесінде педагогтер мен оқушылар арасынан «KitapХАН@» кітап оқу жарысында Созақ ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің қатысушылары жеңімпаз атанды. Ескере кететін жайт, келесі жаңа оқу жылында кітап оқуға жалпы ата-аналарды да қатысуға шақырамыз деген жоспарымыз бар», — дейді Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы Б.Төлімбет.
Сонымен қатар, аймақтағы мектептердің кітапхана мамандарымен WhatsApp желісі арқылы аталған жоба негізінде сауалнамалар алынып, әртүрлі тапсырмалар беріледі. Кітапхана мамандарының да кітап оқу мәдениетінің терең қалыптасуына оң ықпалын тигізетін онлайн сабақтар жүзеге асырылып жатыр.
«Облыста жаңашыл кітапхана құруға деген басты қадамдар жасалынды. Айталық, облыстың аудандарындағы Coworkink орталықтар жаңа жиһаздармен, цифрлық ресурстармен, электронды кітаптармен және көркем әдебиеттермен толықтырылған. Интернет желісін күшейту де қарастырылуда. Облыстағы аудандар яғни Төлебиде – 5, Түлкібаста – 3, Келесте – 8, Мақтааралда – 12, Ордабасы – 7, Отырарда – 3, Сайрамда – 1, Шардарада – 2 Coworkink орталығы бар», — дейді Бақытжан Төлімбет.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы 41 білім беру ұйымының кітапханасы Coworkink орталықтарына бейімделіп жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта барлық аудандарда аталған орталықтарды ашу жоспарланып отыр.
«Anyq.kz» — ақпарат