Шымкент: Халықтар достығы университеті жаңа белеске қадам басты

Loading

Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде жаңа оқу корпусының салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Ұлы мұрадан жарқын болашаққа» тақырыбымен ұйымдастырылған айтулы шара білім ордасының даму тарихындағы маңызды оқиға ғана емес, жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған игі бастамалардың жарқын көрінісі болды.

Салтанатты жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, білім және ғылым саласының өкілдері, ардагер ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жалпы аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын бес қабатты жаңа оқу корпусы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Ғимарат білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамына қолайлы жағдай жасауға, оқу үдерісінің сапасын арттыруға және ғылыми ізденістерге кең мүмкіндік беруге арналған.

Жаңа корпуста білім мен ғылымды, цифрлық технологиялар мен инновацияларды тоғыстырған бірқатар арнайы кеңістік қарастырылған. Олардың қатарында заманауи Media Hub мультимедиялық студиясы, лингафон кабинеті, жасанды интеллект технологиясына негізделген «Софи» виртуалды көмекшісі, кітапхана және академик Ә. Қуатбеков атындағы ғылыми-зерттеу орталығы бар. Сонымен бірге студенттердің білімін тереңдетіп, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға арналған арнайы оқу кеңістіктері жасақталған. Қабаттар арасында еркін әрі ыңғайлы қатынауды қамтамасыз ететін заманауи лифт те орнатылған.

Жаңа оқу корпусының басты ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне енгізу, цифрлық шешімдерді кеңінен қолдану және студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолайлы орта қалыптастыру. Мұндай инфрақұрылым білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, заманауи технологияларды меңгеруіне жол ашады.

Салтанатты жиында университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекова құттықтау сөз сөйлеп, жаңа оқу корпусының ашылуы білім ордасының дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек пен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген сөз сөйлеп, университет ұжымын айтулы жетістігімен құттықтады.

Рәсімнен кейін мәртебелі меймандар жаңа кампусты аралап, оқу орнының заманауи білім беру инфрақұрылымымен танысты. Қонақтарға академик Ә. Қуатбековтің ғылыми және рухани мұрасына арналған кеңістік, лингафон кабинеті, Media Hub интерактивті студиясы, кітапхана мен ғылыми-зерттеу орталығы таныстырылды. Сонымен қатар олардың оқу үдерісінде пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді. Жаңа ғимараттағы цифрлық шешімдер, жасанды интеллект технологиялары, заманауи оқыту әдістері мен ғылыми ізденістерге жасалған жағдайлар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Жаңа оқу корпусының ашылуы – жай ғана ғимараттың пайдалануға берілуі емес. Бұл – білім мен ғылымға салынған инвестиция, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған мүмкіндік және университеттің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Академик Әбдімұса Қуатбеков негізін қалаған білім ордасы қалыптасқан дәстүрді жаңашылдықпен сабақтастырып, ғылым мен білімнің, инновация мен ізденістің жаңа белесіне қадам басып отыр. Жаңа оқу корпусы осы сабақтастықтың айқын көрінісі ретінде білікті мамандар даярлауға, ғылыми ізденістерді дамытуға және білім беру сапасын арттыруға қызмет етпек.

Біз де өз тарапымыздан: “Білім ордасының жаңа корпусы құтты болсын! Университеттің абыройы асқақтап, ғылыми жетістіктері еселеніп, білімді де білікті мамандар даярлау жолындағы бастамалары жемісті бола берсін!” — деп тілек қосамыз.

“ANYQ.KZ”—ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You