![]()
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Маңызды саяси оқиғаға Құрылтай депутаттары, Үкімет пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам өкілдері және еңбек ұжымдарының мүшелері қатысты.
Шымкент қаласының әкімдігінде Мемлекет басшысының Жолдауын тікелей эфир арқылы ұжым болып тыңдау ұйымдастырылды. Жолдауда еліміздің алдағы даму бағдары айқындалып, экономиканы нығайту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы басым міндеттер белгіленді.
Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында биылғы Жолдаудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы тәуелсіздікке қол жеткізу мен ұлттық мемлекеттілікті нығайту жолындағы тарихи кезең болғанын еске салды. Сондай-ақ бүкілхалықтық қолдауға ие болған жаңа Конституцияның қабылдануына тоқталып, бұл қадам елдің саяси жүйесін ауқымды жаңғыртуға және биліктің жаңа институттарын қалыптастыруға негіз болатынын жеткізді.
Жолдауда экономиканы дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды міндет қойылды. Олардың қатарында Салық кодексін жетілдіру, инфляцияны тежеу, ең төменгі жалақыны арттыру, шағын және микробизнесті қолдау, соның ішінде кәсіпкерлерді тексеруге мораторий енгізу ұсынысы бар. Сонымен бірге Президент жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу қажеттігін атап өтіп, инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Алатау қаласында инвестициялық сот құруды ұсынды.
Инфрақұрылымды жаңарту мәселесі де Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі болды. Мемлекет басшысы Үкіметке сұранысқа ие әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандарды салу мен жаңғыртудың ауқымды жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осы мақсаттарға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Президент 2027 жылды Жаппай құрылыс жылы деп жариялады. Келесі жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар басталмақ. Жоспарға автомобиль жолдары, өнеркәсіптік және энергетикалық нысандар, теміржолдар, көпірлер, инженерлік желілер, гидротехникалық құрылыстар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендері мен мәдениет нысандары кіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи инфрақұрылым қалыптастыру жаңа өндіріс орындарын ашумен және цифрлық экономиканы дамытумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, қолға алынатын бастамалар елдің экономикалық әлеуетін нығайтып, өңірлердің тұрақты дамуына және азаматтардың, әсіресе өскелең ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Жолдаумен танысу қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты басшыларға Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Қала басшысы белгіленген басымдықтарды орындау үшін тиісті шаралар қабылдап, жұмыстарды нақты нәтижеге бағыттау қажеттігін атап өтті.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
