Қаладағы жол-көлік инфрақұрылымының сапасы тек магистралды көшелермен ғана өлшенбейді. Сондықтан қаланың әкімдігі елді мекендердегі ішкі жолдарды да назардан тыс қалдырмай отыр. Соның дәлелі ретінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданы Игілік тұрғын алабындағы жолдардың орташа жөндеу жұмыстарымен танысып, жұмыстың сапасын жеке өзі бақылағанын айтуға болады. Мұнда бірқатар көшелерге биыл асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата, Атауы жоқ 32,33,34,35 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игілік тұрғын алабында жалпы 6,8 шақырым жолға асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары көзделген. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.
Айта кетейік, биыл бекітілген жоспарға сәйкес, қаламыздың магистралды көшелерінен бөлек ішкі орам көшелерге көбірек көңіл бөлінуде.
Басқарманың мәліметіне сенсек, Шымкент қаласында бүгінгі таңда 182 нысан немесе 311,3 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жыл соңына дейін 169 нысан (270,3 шақырым) пайдалануға беріледі. Шымкент қаласы бойынша 71 көше, яғни 49,8 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, Қаратау ауданы бойынша 15,4 шақырым, Абай ауданы бойынша 9,1 шақырым, Еңбекші ауданы бойынша 9,1 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша жалпы ұзындығы 21,9 шақырым 9 магистралды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ішкі орам көшелері бойынша жалпы 151 көше, 180,4 шақырым жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда 66 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Шымқалада 230 нысанда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 307,2 шақырым жол қамтылды. Соның 211-і немесе 267 шақырымы пайдалануға берілген болатын.
«Аnyq.kz» – ақпарат