
Қазақстанның педагогикалық академиясының профессоры, алғашқы еңбек жолын ұлы ақынымыз Абай атындағы мектепте ұстаздықтан бастап, он бес жылдан астам уақытын музей ісіне арнаған Құдайбергенова Ақмарал Асанқызы өңір басшыларының ұсынысымен Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры болып тағайындалды.
Ақмарал Асанқызы 1985 жылы Жетісай қаласында дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ тарих және география факультетін бітірген. Алғаш біраз жыл мұғалім болған. 2008 жылдан, яғни 23 жасынан облыстық музейде қызмет етіп, сатылап өскен. Сегіз жылдай «Ерлік» музейінде меңгеруші болып, ерекше еңбек сіңірген. Екі қабатты қосымша ғимарат салғызған.
Біраз уақыттан бері Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде басшылық қызмет атқарып, қысқа мерзім ішінде мәдениет мәйегінің жұмысын жан-жақты жандандырды. Небір жаңа жобалар жасалып, Қоғамдық ғылыми-сараптама кеңесі құрылып, насихаттық, ғылыми-зерттеу, археологиялық, өлкетану жұмыстары өрістетілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған еді. Балалар жылында балалар кітапханасына жіберілген Ақмарал Асанқызы онда да жаңашылдығымен, бастамашылдығымен, ізденгіштігімен көзге түсетіні анық.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде болған басқосуда Ақмарал Құдайбергенова: «Осы кезге дейінгі он бес жыл өмірім облыстық музейде өтіп еді. Қазақта терең ойлы, әдемі ән бар ғой. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген. Мен музейден көшсем де, музей менен көшпейді, бәріңізге рақмет, кітапхана мен музей – егіз», – деп, ерекше пікір білдірді.
