Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік қаржылай қолдау мәселесі бойынша Түркістан қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр

«Түркістан қаласы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында көрсетілетін жұмыспен қамту шараларын іске асыру бойынша Түркістан шаһарында еңбек индикаторына талдау жұмыстары жүргізіліп, ағымдағы жылы алға қойған міндеттерді орындау мақсатында қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің бастамасымен 2022 жылға ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары бекітілді. Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2022 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес, биыл 5355 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларымен қамтамасыз ету көзделген. Жылдың 9 айында атқарған жұмыстарға талдау жүргізсек, жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларына жүгінген 6912 азамат бағдарламаға қатысып, жоспар көрсеткіші артығымен орындалды». Түркістан қаласы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында бекітілген кешенді жоспардың  ағымдағы жылдың  9 айында орындалу барысын сараптаған Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы Жолаева осылай дейді.

— Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету һәм оларды нәтижелі жұмыспен қамту басты назарда тұр. Осы мақсатта ұйымдастырылған жүйелі жұмыстар нәтижесінде ұлттық жобаға жүгінген жастар санатындағы 3277 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың қатарына енді. Атап айтқанда: 501 жас түлек Жастар практикасына, 44 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 35 жас алғашқы жұмыс орындарына, 384 азамат қоғамдық жұмыс орындарына тартылып, 1070 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 29 жасқа дейінгі 126 азаматтың бизнес идеяларына мемлекеттік грант қаражаттары  ұсынылды. 1087 жас «Бастау Бизнес» жобасын аяқтаса, 30 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жолданды, — дейді орталық басшысы.  

Атап өтер жайт, бүгінгі таңда «2021 — 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің төмендегі шаралары қолданылады.

Біріншісі – «Жастар практикасы». Түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады. Он екі (12) айға дейінгі мерзімге «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа тұруға болады. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер «Жастар практикасына» қатысушылар ретінде белгіленеді.

«Жастар практикасына» арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.

Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

«Жастар практикасына» қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгіну» тиіс. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат.
  2. Еңбек кітапшасы (бар болса).
  3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.

Екіншісі – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы.

Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге (оның ішінде ЖОО түлектеріне), жұмыс іздеушілерге, жұмыссыздарға, жұмыспен қамту орталығына тіркелгеніне қарамастан, жиырма тоғыз жастан асқан жастар, оның ішінде NEET санаттары, жұмыс тәжірибесі жоқтар қатарынан жүзеге асырылады.

Алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектердің «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасу кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жүзеге асырылады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, ал жұмыспен қамту орталығы жалақыны 1 жылға субсидиялайды.

Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат.
  2. Білім туралы құжат (бар болса).

Үшіншісі – «Ұрпақтар келісімі» жобасы.

Жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды, оның ішінде білім беру ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша қосымша шараларды іске асыру шеңберінде жұмыс берушілердің өтініштері бойынша Ұлттық жобаға қатысушыларды кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. Бұл ретте зейнеткерлік жасқа жеткен белсенді қызметкерге де еңбек етуге мүмкіндік қарастырылған.

«Ұрпақтар келісімі» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа алады, ал жұмыспен қамту орталығы субсидиялайды. Нақтырақ айтсақ, 6 айлық жұмыс үшін жалақы төлейді.

Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.

«Ұрпақтар келісімі» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат.
  2. Білім туралы құжат (бар болса).
  3. Еңбек кітапшасы (бар болса).

Ал кәсіпкерлікті дамыту арқылы еңбекпен қамтуды көздейтін «Бастау Бизнес» жобасына келсек, естеріңізде болса, 2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді.Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Осы орайда, «Бастау Бизнес» жобасындағы өзгерістер, жұмыспен қамту жобалары мен оқыту шаралары туралы толығырақ оқырмандарымызға мағлұмат бере өтсек дейміз.

Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің мәліметінше, аталған ұлттық жоба шеңберінде бірқатар іс-шараны іске асыру көзделген. Ол үшін 2022 жылға республикалық бюджеттен 33,2 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттен 8,5 млрд. теңге қарастырылған.

«Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр», — деді министрлік өкілдері.

Бірінші міндет. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту

Жалпы, алғашқы міндет аясында аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беріледі.

Жауаптылардың сөзінше, шебер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады. Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 шебер-жоспар әзірленеді. Шебер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады..

«Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ.

«Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал, жеңілдікті шарттармен шағын бизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ, грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру іске асуда», — деп толтықтырды министрлік жауаптылары.

Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылуда, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтіп жатыр.

«Бұл «Бастау Бизнес» Түркістан қаласында 25 шілдеден бастап онлайн ретінде басталды, — дейді Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жолаева, —  Бүгінгі күнде көптеген адам өз өтініштерін беріп жатыр. Егер онлайн түрде өздері білмеген жағдайда бізде – жұмыспен қамту орталығында өзіне өзі қызмет  көрсету бұрышы бар. Сол жерге келіп, мамандардан кеңес алып, оқуды бастап кеткендер де бар. Ағымдағы жылға бізге 273 үміткерге жоспар берілген. Алда тағы 3 дүркін бар. Осы 3 дүркінде тұрғындарға мемлекеттік грант беру бойынша түсіндіру жұмыстары жүреді».

Енді «Бастау Бизнес» жобасындағы өзгерістерге тоқталсақ. Биыл «Бастау Бизнес» жобасы «Бастау 2.0» жаңа форматында жүзеге асып жатыр. Оның аясында өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді. Бұл технологиялық карталар сұранысқа ие бағыттар бойынша халықты кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі.

Техникалық карталарға сәйкес нақты кейстерді оқыту неғұрлым сапалы өнім немесе шикізат өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қоса, кепілді өткізуді қамтамасыз етеді, бұл сайып келгенде ауыл халқының табысын арттыруға ықпал ететін болады. Осының аясында Ұлттық палата биыл аудандардың мамандануын айқындау және аудандардың шебер-жоспарларын әзірлеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу және бекіту, сауалнама жүргізу үшін аудандардың (42 аудан) тізбесін айқындауды ұсынған.

Ұлттық жобаға сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке кәсібін ашқан кәсіпкерлердің үлесін 35%-дан 60%-ға дейін көтеру көзделіп отыр.

Биыл «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру шеңберінде «Atameken Academy» онлайн-оқыту платформасында өтінім беру кезінде ЭЦҚ арқылы авторизациялау, қатысушыларды кезеңдер бойынша бөлуді автоматтандыру сияқты бірқатар өзгерістер болды. Оқуды іске асыру процесінде онлайн өтінім беру, қатысушы статусын верификациялау арқылы жолдамаларды беру кезеңі алып тасталды.

«Бастау Бизнес» түлектерін несиелендіруге бюджеттен 22,5 млрд теңге бөлінді. «Атамекен» Ұлттық палатасының ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл туралы мәлімет көп. Кез келген адам оқып танысуына және 1432 байланыс орталығына хабарласып, барлық сұраққа жауап ала алады.

Екінші міндет. Жұмыс орындарын көбейту

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, Ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы 2,5 млн. жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орыны – 803,7 мың, уақытша жұмыс орыны – 1 727,9 мың. Ал биыл, яғни 2022 жылы 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады, оның ішінде 335 мың тұрақты жұмыс орындары, 660 мыңы уақытша болмақ.

«Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 5 жыл ішінде 100 мың тұрақты және де 630 мыңнан аса уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оның басым бөлігі жеке бизнес нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз етуге бағытталған», — дейді сала мамандары.

Сонымен қоса, жастарды жұмыспен қамтуға тоқталсақ, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады. Бұл жобалармен 140 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Ал, зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылмақ, оның шеңберінде 20 мың адам қолдау алады.

Бұдан басқа, «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасын іске асыру арқылы 60 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Ал, жұмысынан айырылған азаматтарға «Қоғамдық жұмыстар» жобасы арқылы тағы 415 мыңға жуық уақытша жұмыс орны берілмекші.

Осы жобалардың көпшілігіне қатысу үшін жақын орналасқан Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Не болмаса, Электронды еңбек биржасы немесе Электронды үкімет порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам және жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.

Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оларды іске асырудағы кемшіліктер ескерілген, оларға сәйкес әрбір нысаналы топтың қажеттіліктерін ескере отырып, өзгерістер енгізілген.

Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру барысында барлығы 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. 3,5 млн. адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 1,7 млн адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасады. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, халықтың нақты ақшалай кірісінің өсмі 27,1% деңгейіне жетеді.

Үшінші міндет. Кәсіпкерлердің дағдыларын дамыту

Кәсіпкерлердің қажеттілігі бойынша дағдыларын дамыту жөніндегі міндет шеңберінде Ұлттық жобада жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес, оқу ұйымдарында да, тікелей жұмыс орындарында да білім беру, сондай-ақ талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту көзделіп отыр.

«Осылайша, жұмыс берушілердің сұрауы бойынша білім беру ұйымдарында оқу үшін өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, өңірлік бөліністе сұранысқа ие кәсіптер бойынша қажеттілікті жыл сайын айқындау көзделетін болады. Жыл сайын 11 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Олар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүруге материалдық көмекпен, тұрумен және медициналық тексеруден өтумен қамтамасыз етіледі», — дейді министрлік жауаптылары.

Жыл сайын 5 мыңға дейін адам жұмыс орнынынан оқуға жіберіледі. Олар оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызығушылық танытқан жағдайда тұрақты жұмысқа қабылданады.

Талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту skills.enbek.kz платформасында жүзеге асады. Онда сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн курстардың легі қалыптасады. Жыл сайын 20-35 мың адамды оқыту жоспарланған.

Электронды еңбек биржасында түйіндеме орналастыру немесе бос жұмыс орындарын іздеу кезінде өтінім беруге және курстан өтуге болады. Ізденушіге тиісті өтінім беру жеткілікті. Курс аяқталғаннан кейін және жұмыс беруші талап ететін дағдыларды игергеннен кейін жұмыс іздеуші дағдыларды игеру туралы сертификат алады және ашық бос орынға өтінім қалдырады.

Мамандардың мәліметінше, 5 жыл ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 205 мың азамат қамтылмақ, ал 2025 жылға қарай оқудан кейін жұмысқа орналастыру деңгейі 52-ден 80%-ға дейін өседі деп жоспарланған.

Биылғы өзгерістер туралы түйіндей айтқанда, 1 млн. 200 мың теңге иемденгісі келетіндер оқитын курстың мерзімі бұрынғыдай 21 күнге созылмайды. Бар күш-жігеріңізді салып тәлім алсаңыз, бар-жоғы 1 аптада меңгере аласыз.  Айта кетейік, дәріс интернет желісі арқылы жүргізіледі. Оқуды аяқтап болған соң тестілеудегі сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап берсеңіз, 3 жылға жарамды сертификат тапсырылады. Тестілеуден өте алмай қалсаңыз, 1 жыл ішінде қайта тапсыруға болады. 

Қаперіңізде болсын, қайтарымсыз қаражатты кез келген адам иемдене алмайды. Жобаға өтініш беруге 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, қандастар, мүгедектер, өзге өңірден қоныс аударушылар мен асыраушысынан айырылғандар қатысуға құқылы.

Оқытуға өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» Мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business.Enbek кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады. Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде нысаналы топқа тиесілігі тексеріледі. Business.Enbek порталында мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі. Курсты Atameken Academy порталында онлайн оқиды. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 (жиырма бес) күннен аспайды және тегін өтеді.

Оқыту нәтижелері бойынша қатысушыға тиісті сертификат беріледі:

  • оқуды аяқтау туралы сертификатты бизнес-жоспарды дайындаған және бизнес-жоспарды бағалау мен қорытынды тестілеудің қорытындылары бойынша қажетті балл санын – кемінде 60% жинаған қатысушылар ала алады;
  • оқуға қатысу туралы сертификатты құзыреттілік деңгейін арттырған, бірақ оқу аяқталған кезде әзірленген бизнес-жоспары жоқ немесе бизнес-жоспардан теріс баға алған қатысушылар ала алады.

Оқуды аяқтау туралы сертификат үш жылға жарамды.

Оқу неге мүмкіндік береді?

  • Өз ісін жүргізудің негізгі дағдыларын алу;
  • Он екі айға дейінгі мерзімге бизнес-жобаны іске асыруда сүйемелдеу;
  • Бизнес-идеяны қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізу.

Грантқа кімдер үміткер бола алады?

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан кейін төмендегі санаттарға жататын қатысушылар Жұмыспен қамту орталығынан берілетін 400 АЕК мөлшеріндегі грантқа үміткер бола алады:

  • Жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар;
  • бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар қатарынан);
  • жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі бір жылдан кем);
  • жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар.

Бұл ретте грантқа үміткерлер төмендегі санаттардан болуы тиіс:

  • Жастар (29 жасқа дейін),
  • аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар,
  • көпбалалы отбасылар — көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар,
  • қандастар, қоныс аударғандар,
  • мүгедектігі бар адамдар,
  • мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Атап өту қажет!

  • Жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын өткен жылдардағы жобаға қатысушылар гранттық қаражатқа үміткер бола алмайды;
  • Грантқа үміткерлер жұмыспен қамтудың басқа да қолдау шараларына қатыспауы тиіс;
  • Грант бір рет қана беріледі, бұрын алған қатысушылар қатыса алмайды;
  • Грант қаражатын тек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту барысында әзірленген бизнес-жоспарға сәйкес пайдалануға болады.

Грантқа қалай өтініш беруге болады?

Оқуды аяқтаған және сертификат алған «Бастау Бизнес» жобасының түлектері Еңбек министрлігінің Business.Enbek порталындағы «Грант» бөлімінде өтініш бере алады.

Микроқаржыландыруға кім үміткер бола алады?

Бизнес-жобасын қорғаған «Бастау Бизнес» жобасының тыңдаушылары, оның ішінде 2017-2021 жылдардың қатысушылары кәсіпкерлік қызметтін дамытуға «Атамекен» микроқаржы ұйымдарынан жылдық 6%-бен жеңілдетілген несие алуға өтінім бере алады.

Шағын несие алуға өтінімді қалай беруге болады?

Өтінім беру үшін сізге облыстық  және аудандық «Атамекеннің» Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жүгіну қажет. Сілтеме бойынша мекенжайлар: https://atameken.kz/kk/pages/1331-novaya-volna-instrumentov-finansirovaniya-malogo-predprinimatel-stva.

Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы Жолаева: «Жоспар көрсеткіштеріне сәйкес, ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың жұмыс берушілердің сұраныстары бойынша жұмыс орнында дуальді оқыту түріне 23 азаматты, ал кәсіптік оқытудың жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде оқу ұйымында оқыту түріне 54 азаматты оқыту жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспар көрсеткіші толығымен орындалып, 77 азамат оқу курстарына жолданды. Жұмыс берушілермен түзілген келісімшарт негізінде аталған азаматтар оқуын аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылатын болады» — деп отыр. 

Сонымен қатар орталық басшысы: «Кешенді жоспардың Тұрақты және жаңа жұмыс орындары бойынша орындалу деңгейіне тоқталсақ, үстіміздегі жылы 3155 азаматты тұрақты бос жұмыс орындарымен, ал 2200 азаматты жаңа жұмыс орындарымен қамту міндеттелді. 9 ай ағымында 3272 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданса, 2150 азамат салалық бағдарламалар аясында құрылған жаңа жұмыс орындарына  жолданды» — дейді.

Түркістан қаласының осал топтағы тұрғындарын әлеуметтік қолдау шаралары назардан тыс қалған емес. Жылдың 9 айында мүмкіндігі шектеулі 66 азамат белсенді шараларға тартылыпты.

Ал, жалақылары мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына тоқталсақ, биыл Түркістан қаласының экономикалық белсенді 125 тұрғынына әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру көзделіп, жыл басынан бері жұмыссыз 126 азамат аталған жұмыс орындарына жолданған екен.

Кешенді жоспардың жастарды жұмыспен қамту бойынша көрсеткіштеріне сәйкес, есепті жылы 500 азаматқа жастар практикасын ұйымдастыру көделсе, жылдың 9 ай ағымында 501 түлек аталған практикаға жолданып отыр. Әлеуметтік белсенділігі төмен NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында, 30 азаматқа алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру міндеттеліп, жылдың 9 айында жоспар көрсеткіші толығымен орындалған.

Бұдан бөлек Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы Жолаева: «Түркістан қаласы аумағын көріктендіру және көгалдандыру үшін 650 азаматқа ақылы қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру жоспарланды. Есепті айда бағдарламаның бұл бағытына жүгінген жұмыссыз 843 азамат қоғамдық жұмыстар орындарымен қамтылды» — деп, біраз істің еңсерілгенін білдірді.

Ақмарал Жолаеваның сөзіне сенсек, Ұлттық жобаның жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша Түркістан қаласында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылуда. Жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес, 2022 жылға 273 азаматтың жаңа бизнес идеяларына қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттарын ұсыну көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 190 азаматтың бизнес идеялары комиссия шешімімен мақұлданып,  қаржылау қолдау шараларымен қамтылыпты.

Сөз соңында атап өтер мәселе, әлеуметтік қаржылай қолдау мәселесі бойынша Түркістан қаласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Үстіміздегі жылы 3608 отбасыға немесе 20500 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр екен. Жоспарға сәйкес, жылдың 9 айында 3727 отбасыға немесе 20530 адамға әлеуметтік көмек қаражаты тағайындалған.

Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.