Түркістан облысы: Отырар ауданындағы Көксарай және Сулы каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, ауыл халқы ағын сумен қамтылды

Отырар ауданының әкімі Сұлтанханов Сәкен Асылханұлының халықпен кездесуі бүгін түс ауа Көксарай, Аққұм ауыл округтерінде жалғасын тапты. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбай, бөлім мен мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алдымен Көксарай ауылындағы көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысқан аудан басшысы жергілікті кәсіпкерлердің ауыл халқының жағдайын жақсартудағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.

Ауыл әкімінің айтуынша, кәсіпкер Оразхан Жанысбековтың демеушілігімен орталық көшенің бойы қоршалып, 3 мыңға жуық көшет егілген. Мұнан бөлек Көксарай және Сулы каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, ауыл халқы ағын сумен қамтылған.

Естеріңізде болса, облыс әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және шаруаларды ағын сумен қамту бағытында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. 

Өңір басшысы «Тұран су» мекемесі мен аудан, қала әкімдіктеріне шаруааралық каналдарды механикалық тазалау жұмыстарына қажетті техникаларды жұмылдырып, маңызды істі бірлесе атқаруды тапсырған еді. 

Осыған сәйкес су арналарын тазалау жұмыстары бүгінде бірлескен түрде облыстың бірнеше аудандарында қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте «Тұран су» ШЖҚ МКК арнайы техникалары тоқтаусыз жұмыс атқаруда. 

Жалпы Сауран, Арыс, Ордабасы аудандары бойынша ұзындығы 250 шақырым су арналарын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланса, бүгінде оның 32 шақырымы тазартылды. Бұл жұмыстар көктемгі су беру маусымында өз тиімділігін көрсетіп, егістікке баратын ағын су шығынын азайтуға мол септігін тигізбек.

Осы тапсырма аясында Келес ауданында су арналарын тазалау жұмыстары жүзеге асуда. «Бүгінде Келес ауданындағы ағын су жүйелеріне зерделеу жүргізе келе механикалық тазалауды қатты қажет ететін аумақты тазалау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, «ҚазСуШар» РМК мекемесі өз теңгеріміндегі В-15, В-24 және Аққойлы каналдарының 12 шақырымын тазалауды бастап кетті. Жоспарлы жұмыстар жалғасады», — дейді аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев. Келес ауданында коммуналдық меншіктегі ұзындығы 157 шқ құрайтын каналдар механикалық тазалаудан өткізіледі. Бұл жұмыстар су беру маусымында өз тиімділігін көрсетіп, егістікке баратын ағын су шығынын азайтуға мол септігін тигізеді. Айта кетейік, Келес ауданы бойынша жалпы 148 канал, 144 қашыртқы орналасқан. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды.

Сайрам ауданына қарасты суармалы жерлерді 53 канал ағын сумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 47 коммуналдық меншікте, 6 жеке меншікте. Аудан аумағындағы каналдарды тазалау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудандағы Құтарыс ауыл округінің аумағында орналасқан коммуналдық меншіктегі «Мұсабек», «Қызылжар» және «Оймауыт» каналдарына жоспарға сәйкес механикалық тазалау жұмыстары басталды. Тазалау жұмыстары ұзындығы 15 шақырымды құрайтын бөлігіне жоспарланған. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының техникалары тартылған. Бүгінгі таңда аталған каналдардың 6 шақырымы тазаланып, су өткізу қабілеті жақсарды.

Өткен жылы Сайрам ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» МКК-і меншігіндегі эксковаторлардың күшімен 132 шақырым канал механикалық тазалаудан өтті. 2023 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 25,6 шақырымды құрайтын Көлкент, Манкент, Қайнарбұлақ, Қарамұрт, Құтарыс ауылдарындағы каналдар мен арықтар тазаланды. Сондай-ақ қауіпті бөлігі бар Арыс а/о ұзындығы 4 шақырымды құрайтын «Қалмақтоған» каналын қазу, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы аталған мекеме тарапынан биыл ұзындығы 65 шақырым каналды тазалау жоспарлануда.

Сонымен қатар облыстық бюджеттен 7 каналдың күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 105,2 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаржы бөлінген. Қазіргі таңда 13,1 шақырымды құрайтын «Әсіл» және 1,4 шақырымды құрайтын «Жоғарғы Аққала» каналдарына мердігер тарапынан жұмыстар басталды.

Ал Жетісай ауданы Атамекен ауылдық округіндегі К-25-16 каналының сын көтермес жағдайы көптен бері айтылып келеді. Жалпы ұзындығы 5 шақы­рымға жуық канал 810 гек­тардай егістік алқабына ағын су жеткізеді. Осыдан бес-алты жыл бұрын каналды жөн­деу жұмыстарына 49 миллион тең­ге қаржы қаралған. Алай­да жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген. Су өткізу деңгейі өте төмен. «Қазсушар» мекемесі қойып берген құбыр тесіліп, су сыртқа ағып жатыр. Шаруалар су ақысын төлесе де егістік алқаптарын насоспен суаруға мәжбүр. Алайда оған да жетпейтіндіктен су сорғыларын кезекпен қосады екен. Аудандық мәслихат депутаты Қаршыға Ақтөреева шаруалардың жанайқайын төрт-бес жылдан бері көтеріп жүргенімен, билік тарапынан құлақ асқан жан болмапты. Сондықтан диқандар жыл сайын бірігіп, өз қаржылары есебінен каналды шама-шарықтарынша тазалап, егістік алқаптарын суарып келген. Бұл мәселенің шешімін табуына жуырда шаруалармен кездескен аудан әкімі Серік Мамытов ықпал етпек. Аудан әкімі жауапты сала мамандарына аталған проблеманы қысқа мерзімде шешуді тапсырып, нәтижесін өз бақылауына алатынын айтқан. Облыстағы егіс алқаптарын ағын сумен қамту мәселесіне қатысты кезекті рет жауапты басшылардың басын қосқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды шаруа­ларды ағын сумен қамтуды жүйелеп, тұрақ­ты бақылауда ұстауды тапсырды.

Өңірде биыл 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде суармалы жер көлемі – 552 мың гектар. Өңірдегі жалпы суармалы жердің 30%-ы облыстың оңтүстік бөлігі Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Осы аумақтағы суармалы жерлердің барлығы Өзбекстан Республикасынан келетін трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні сұранысқа сай шаруаларға қажетті суды жеткізу үшін машиналық канал іске қосылып, қосымша қажетті су жеткізілуде. Сонымен қатар облыстың Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласындағы 75 мың гектар суармалы жерлерге шаруалардың сұранысына сәйкес «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы секундына 50 текше метр ағын су босатылып отыр. Қажеттілік толықтай қамтамасыз етілген.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатыны туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суар­малы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті және тұрақты назарда» — деген болатын Дархан Сатыбалды.

Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін нақты тариф бекітілген. Шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынған. Су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде, «Қосқарған» және «Кеңсай-Қосқарған-2» су қоймаларында су жеткілікті. Өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу үшін бірқатар су нысандарының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» су қоймасы салынғанда суару маусымында «Бөген» су қойма­сына 68 млн текше метр, сондай-ақ аталмыш су қоймасына «Боралдай» су қоймасы жобасы нәтижесінде суару мау­сымында 65 млн текше метр ағын су қосымша жеткізіледі. Екі қойманы салу есебінен алдағы жылдары Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіру, мелиоративтік жағ­дайын жақсарту мақсатында, облыс әкі­мі­нің тапсырмасымен 15 су нысанын күрделі жөндеу, 5 нысанды ағымдағы жөн­деу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 63 шақырым канал күр­делі және ағымдағы жөндеуден өткі­зіліп, 11,2 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Ал «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен биыл Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласында жоспарланған 230 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстарының бүгінде 72 шақырымы атқарылған. Тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру мақсатында Сайрам ауданында төтенше жағдай қаупі бар «Ақбай қарасу» каналын, Шардара ауданында каналдарды күрделі жөндеу, Келес ауданында жалпы 75 каналды ағымдағы жөндеу көзделіп отыр. Сондай-ақ 5 ауданда орналасқан 12 су қоймасын аудандық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке қабылдау шаралары атқарылуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов мол өнім алу диқандарға ғана емес, сала мамандарына да үлкен жауап­кершілік жүктейтінін айтады. «Енді егіс көлемін арттырып қана қоймай, сапаға мән беретін кез жетті. Сапалы өнім диқанның маңдай терінің ғана жемісі емес, ол тұқымның сор­ты мен тыңайтқышқа да, суға да тәуелді. Тұ­қым жақсы болмаса алқапты қанша кеңейт­кенімен, өнім молаймайды» — дейді басқарма басшысы. Аталған бас­­қар­маның ресми мәліметтеріне сүйе­н­сек, биыл облыс бойынша егістік­ті әртараптандыруға сәйкес дәнді да­қылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, барлығы 318 мың гектарға ұлғайтылған. Ал мал азығы дақылдары алқабы 6,7 мың гектарға көбейіп, 227,7 мың гектарға жетті. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарын егетін алқап 9,7 мың гектарға ұлғайтылып, 129,1 мың гектар болады. Керісінше мақта плантациясы өткен жылмен салыстырғанда 14,9 мың гектарға қысқарады. Майлы дақылдар алқабы да 6,3 мың гектарға қысқартылып, 73,5 мың гектар болады. Жалпы, облыс­та жоспарланған 488,6 мың гектар жер жырту және 115 мың гектар сор шаю жұмыстары толығымен аяқталған.

Бұған дейінгі кездесуде тұрғындар ауылдағы жастар инспекторы жергілікті жерде тұратын азаматтар болса деген ұсынысын айтқан болатын. Аталған мәселе бойынша сала басшыларына тапсырмалар жүктеліп, тұрғынның өтініші қанағаттандырылған. Қазіргі таңда ауылдағы жастар инспекторы болып жергілікті ауыл азаматы Азамат Кеңесбек жұмыс істеуде.

Елді мекендегі ауыл су мәселесі де біршама шешімін тауып, тұрғындардың төлем жасау мәселесі де бір жолға қойылып келеді. «Енді үйде отырып-ақ телефон қосымшасы арқылы төлем жасауға болады» — дейді ауыл округінің әкімі Әлімжан Қалмұрат.

Ашық аспан астындағы еркін форматта өткен кездесуде ауыл тұрғыны Махатай Пердебеков Шеңгелді елді мекеніне тартылған Беларық және Көларық каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, сусорғыш насостар жаңартылса деген ұсынысын айтса, зейнеткер Сәуірхан Қайымов ұзақ жылдар елге қызмет етіп ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Амантұр Мұсаевтың атына көше беру туралы, Бейсенбай Ибраев пен Мейрамбай Шекербеков жайылымдық жер мәселелері бойынша сауалдарын жолдады. Аталған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, жан-жақты зерделеп заң аясында тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Осы тұста айта өтейік, Отырар ауданының даму жоспарына сай 2025 жылға дейін егіс көлемін 40 000 га ұлғайтып, жалпы аудандағы суармалы жердің 95,2 пайызын игеру жоспарланып отыр. Негізінен қайта айналымға қосылатын жерлерге жүгері жоңышқа дақылдарымен қатар өңіріміздегі соңғы жылдардағы ағын су тапшылығын ескере отырып күздік бидай (2022 жылы егілгені 300 гектар болса, 2025 жылға 2600 гектарға жеткізу) егуге басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсіліне көшуді қолға алып, 2025 жылға 4100 гектарға жуық алқапқа осы технологияларды пайдалану межеленген. Нәтижиесінде 2025 жылға жалпы ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 50,0 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Жоғарыда аталған егіс көлемдерін игеру үшін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, жоспарға енгізіліп отыр. Бүгінгі таңда Шәуілдір суармалы алқабындағы 13 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 11 текше метр/секунд су жеткізетін «Сырдария-Арыс» каналының құрылысына және осы алқаптағы жер асты суы деңгейін түсіріп топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған 368 шақырымды құрайтын дрендер жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар республикалық бюджеттен, Европалық қайта құру және даму банкі есебінен жүргізілетін болады.

Сонымен қатар бүгінгі таңда арнайы жұмыс тобы құрылып 11 ауылдық округтегі ағын су нысандарын аралап, зерделей отырып 2025 жылға дейін негізгі деп саналатын 8 каналға күрделі және 37 каналды механикалық тазалау жұмыстары жоспарға енгізілді (аудан бойынша 118 канал). Аталған барлық су нысандары республикалық «Қазсушар» мекемесіне тиесілі. 2025 жылға дейін жалпы болжамды қажетті қаржы көлемі 11,2 млрд. теңгені құрауда.

Сондай-ақ, ауыл тұрғыны Қайрат Баймырзаев пен Жолдасбек Досаев, Қалықұл Сеңгірбектовтер ауыл округіне қарасты Ызакөл, Жанкел елді мекендеріндегі ауыз су мәселесі мен газдандыру жұмыстары туралы көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Аудан басшысы айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе, ауыз су мәселесі ағымдағы жылы шешімін табатынын, ал газдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес келер жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталатынын жеткізді.

Кездесуден соң аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде болып, Ұлы Отан Соғысының ардагері, Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім Төрехан Кәрібайұлы атындағы ашық аспан астындағы математика алаңын аралап көрді.

Мұнан соң Аққұм ауыл округіндегі көгалдандыру жұмыстарымен танысып, елді мекендегі жасыл аймаққа егілген көшеттерді күтіп-қарау жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертті. Көшеттер егілген жасыл аймақты келешекте халық келіп демалатын саялы саябаққа айналдыру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Жалпы Аққұм ауылындағы жасыл желекке 2450 көшет егіліп, бүгінде 80 пайыздан астамы өнген.

Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша салынған ауылдық заманауи мәдениет үйінің алдында ашық аспан астында әкіммен кездескен ауыл халқы игерілмеген жерлерді қайтару, көшелерге тас төсеу, спорт алаңшаларын салу және өзге де мәселелер бойынша сауалдарын қойып, жауапты сала мамандарынан тұщымды жауаптар алды.

Алдағы жылдары ауыл округінде атқарылатын газдандыру жұмыстары туралы да баяндалып, жеке қабылдауда тұрғындардың өтініштері тыңдалды.

Жалпы, Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі — 640 667 гектар. Оның ішінде: суармалы жерлер — 42 250 гектар, жайылымдық жерлер — 596 690 гектар, шабындық жерлер — 1294  гектар, көп жылдық екпелер 433 гектарды құрайды.

Ауданда пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда 57 949,78  гектар (оның ішінде: 2743,9 гектар суармалы, 55205,84 гектар жайылым) жерлердің қаулылары жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылды (2022 жылға жоспар 67,5 мың гектар).

Сондай-ақ, агроқұрылымдардың мақсатына сай игермеген 162 703,81 гектар (оның ішінде: суармалы 8191,7 гектар, жайылым 154 512,11 гектар) жерлері анықталып, тізімі сәуір айында Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне шара көру үшін жолданды.

Биыл ірі агроқұрылымдармен екі жақты меморандум жасау арқылы елді мекенге жақын орналасқан 47 745 гектар жайылымдық жерлер ортақ жайылымға пайдалану үшін келісім жасалды (2022 жылға жоспар 90,7 мың гектар).

Қазіргі уақытта ауыл округтері бойынша 50,6 мың гектар ортақ мал жайылым жерлер бар. Аудан көлемінде жалпы қолда ұсталатын мал 81 284 (МІҚ 40196, Уақ мал 40568, Түйе 520) басты құрайтындықтан, қазіргі таңда ауыл округтеріне 317 189 га ортақ мал жайылым жерлерге қажеттілік туындауда.

Ағымдағы жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 140,0 мың гектар, 2024 жылы 89,1 мың гектар, 2025 жылы 90,2 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылым жеріне беру жоспарлануда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.