Түркістан облысы: Отырар ауданында сексеуіл алқабын ұлғайту арқылы құм көшкіні саябырсыды

Түркістан облысында сексеуіл орманының алқабы ұлғайып келеді. Былтыр Отырар орманшылары 5700 гектар жерге сексеуіл дәнін сеуіп, биыл жасыл желекке айналдырып отыр. Нәтижесінде, шөлді аймақта құм көшкіні басылған. Табиғат қорғаушылары сексеуіл алқабын сақтап, мүмкіндігінше кеңейтуге білек сыбана кіріскен. Сондай-ақ 2022-2023 жылдар аралығында өздері өсірген жергілікті тұқымбақтан жасыл желекке 4643600 дана сексеуіл көшеті егілген. Бүгін бір топ журналист облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында осы және өзге де жұмыстармен танысып қайтты.

Шара барысында орман шаруашылығына байланысты атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоспарлар айтылды. «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» қызметі таныстырылып, ағаш өсірумен айналысатын тұқымбақтар мен сексеуіл алқабы көрсетілді. Одан бөлек, облыстық басқарманың орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Хамит Жорабаев сексеуіл сүрегін сатуға тыйым салу және басқа да заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралардың атқарылып жатқанын атап өтті.

— Бүгінде қоршаған ортаны құм көшкінінен сақтайтын бірден-бір амал құмды алқаптарға өсімдіктер егу болып табылады, оның ішінде біздің өңірімізде сексеуіл көшеттерін егу мен тұқымынан себу арқылы мәдени орман алқаптарын құрып, құмды алқапты орманға айналдыру. 2000 жылдары сексеуілдің құрып кету қаупі төнген соң, елімізде сексеуіл кесуге тыйым салынды. Ол кезде 5 жылға мораторий жарияланған болатын. Жыл өткен сайын мораторий ұзартылып келеді. Қазіргі таңда сексеуілді шабуға да және сатуға да тыйым салынған. Бұл заңбұзушылықтар ҚР ӘҚБТ Кодексінде әкімшілік шара көру қаралған. Қазіргі таңда сексеуілді орман шаруашылығы қызметкерлері тарапынан басқа да заңбұзушылықтардың алдын алу — қатаң бақылауда, — деді ол.

Қазіргі таңда қатаң континенталды климатқа ие Отырар ауданында үлкен көлемде орманды молайту шаралары жан-жақты қаралып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

– Мекемеге қарасты орман қоры жерлерінде кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылы 33 мың гектар аумаққа 41 миллионнан астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Мекемеде 2021-2023 жылдар аралығында 11 мың гектар алқапқа 14 миллион сексеуіл көшеті отырғызылды. Бүгінде тұқым себу жоспары толығымен аяқталды. Биылғы жоспар бойынша алқапта сексеуіл тұқымын себу күз мезгілінің еншісінде тұр. Соңғы 2021-2022 жылдары егілген орман екпелерінің орташа көнімділігі 70-75 пайызды құраған. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес Түркістан облысының орман қоры жерлерінде орташа көнімділік 50 пайыз болып бекітілген, – деді аталған мекеменің орманды қорғау және күзету инженері Бағдаулет Таңатұлы.

Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Жоспар аясында аудан, қала әкімдіктеріне Отырар орман шаруашылығы мекемесінен 2022 жылдың күз айымен 2023 жылдың көктем айларында 400 000 түп сексеуіл, 148 500 түп әртүрлі ағаш-бұта көшеті босатылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Бүгінге дейін Арыс қаласы мен Отырар ауданына жалпы 548 500 дана ағаш-бұта көшеттері отырғызылып, оның 60-65 пайызы өнді.

Биыл жергілікті мекеменің тұқымбағына көлемі 2.7 гектар жерге қарағаш тұқымы себілді. Ал қазан, қараша айларында 30 гектар жерге сексеуіл себіледі. Сонымен қатар жергілікті тұқымбаққа жәй арша, боз арша көшеттері көлемі 0.07 соттық жерге көктем мезгілінде отырғызылды. Биыл тұқымбақта 3 гектар жер дайындалып, оған үйеңкі, шаған, жиде, айлант, жәй арша, боз арша тұқымдары қорғаныш орман алқаптарынан жиналып себіледі. Бүгінгі таңда былтырғы және биылғы көшеттерге күтім жасау, агротехникалық шаралар, арам шөптерден тазарту, суғару, культивациялау, тыңайтқыштар себу сияқты шаралар тұрақты түрде жүргізілу үстінде. Сонымен қатар 2023 жылы күз айында жергілікті тұқымбақтан қарағаш, шаған, үйеңкі сынды ағаш-бұта стандартқа сәйкес көшеттерін қазу жұмыстары жүргізіледі.

Облыста сексеуіл ағаштарының тұқымын жинау, тұқымбақтарда сексеуіл көшеттерін өсіру, оларды орман қоры аумақтарына отырғызу және себу жұмыстары қарқынды түрде атқарылып жатыр. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етеді. Егілген ағаштардың сапасын басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің жауапты қызметкерлері мен аудан, қалалардың жауапты мамандары қадағалайды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы өз Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында орман қорында 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызуды және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды тапсырды. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Сексеуіл демекші, бүгінгі таңда Арал теңізінің ұлтанында су бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан шығатын тіршілік нәрімен ең алдымен сексеуіл суғарылады. Одан қалды аң-құсқа суат. Жалпы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғап қалған 1 миллион 100 мың гектар алқабына сексеуіл егілуге тиіс. Қазір осы жоспардың жартысы орындалды.  Қызылорда облысы аумағының 7 миллион гектар жерін орман алқаптары алып жатыр. Даланы көмкерген жасыл желектің басым бөлігі – сексеуіл. Қазіргі таңда шөлейтті аумақта күй талғамай өсетін ағаш қорын молайту жұмыстары Аралдан бөлек, Жезқазған бағытындағы жол бойына да егіліп жатыр.    

«Алдыңғы жылдары 100 мың га, былтыр 250 мың га сексеуіл егілді. Биылғы көктем мезгілінде 50 мың га көшет отырғызылды. Қалған жұмыстар күзде жалғастырылатын болады. Оған қоса 150 мың га жерді Экология, табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің күшімен қосымша атқарылатын болады» — дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев.

Сексеуіл тұқымы мен көшеті 3 тәсілмен егіледі. 1 гектар аумаққа 3,5 келідей тұқым себіледі. Орман шаруашылығына қарасты тұқымбақта 3 санатты сеппе және қаламша өскін қоры дайындалып жатыр. 

Бұл жөнінде орманшылық басшысы Ғалымжан Қалдыбеков: «Ұшақпен, сосын дельтапланмен сеуіп шығады теңіз ұлтанына. Жалғыз Қазақстан екпейді, Өзбекстан мемлекетімен де келісімге келгенбіз. Олар да, біз де егіп, Арал теңізі ұлтанында құм мен тұздың көшпеуі үшін сексеуілді егіп жатырмыз. Бір түп сексеуіл 4-5 жылда өсіп шықса, 1 тоннадай құм-тұзды ұстап тұрады деген есеппен егіп жатқан жайымыз бар» — деп отыр.   

Қазіргі таңда тартылған Аралдың құрғаған ұлтанының көлемі 4,5 миллион гектардан асып кеткен. Оның жартысы Қазақстан аумағына кіреді. Тәуелсіздік алғалы экологиялық шаралар нәтижесінде теңіз табанының біраз бөлігі сексеуілді орманға айналды. Енді сол тоғайлы алқапты қорғау, өрттен сақтау шараларына жергілікті қазынадан былтыр 600, биыл 866 миллион теңге бөлініп отыр.  

«Бұл қаржыға орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қосымша 2 өрт сөндіру техникасын алдық. Қосымша 2 трактор алдық және 4 патрульдік машина алынды. 60 жуық мотоцикл алынды. Бұл да – орман өртінің алдын алу және болған жағдайда тез арада жою жөніндегі атқарылып жатқан шаралар» -дейді Марат Құрманбаев.

Орманшылар сексеуіл, сарсазан, барқын, түзгіннен бөлек шөлейтті климатқа бейімделген сыр талы, қарағаш пен үйеңкі ағаштарын да көптеп егуді жоспарлап отыр. 

Ал Түркістан облысында 2025 жылға дейін 110 210 гектар алқапқа 170 млн. көшет егу жоспарланған. Ал қала мен елді мекендерде 1149 га аумаққа 1 млн. 81 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Айталық, бүгінде Созақ ауданында орманды молайту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. 2021 жылға дейін мекемеге қарасты орман қорына қарасты 105,1 мың га аумаққа мәдени орман егілген. Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары 32 мың гектар аумаққа орман дақылдарын егу бекітіліп, іске асырылуда. – 2021-2025 жылдар аралығында Созақ орман шаруашылығына тиесілі 32 мың гектар жерге 40 млн. ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Созақ ауданының климаттық ерекшелігіне байланысты негізінен қара сексеуіл егіледі. 2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 8500 гектар алқапқа 10 млн. 400 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылған. Ал былтыр күз айларында сексеуіл тұқымы себілетін және сексеуіл көшеті отырғызылатын 6250 гектар жер жыртылып, дайындалды. Оның 4200 гектарына 21 тонна сексеуіл тұқымы себіледі. Алдыңғы жылы егілген 4650 гектар орман екпелерінің шығымдылығы 73,3% құраған. 2025 жылға дейін жоспардың толық орындалуы үшін жұмыстар жалғасын табады.

«Бүгінгі таңда техникалар 100 пайыз жаңартылды. Шөлді аймақтағы бір орман күзеті қызметкеріне 40,0 мың гектар жер бекітілген. Бұл енді өте көп. Орман орналастыру құжаттарына сәйкес, бір орманшының қарау аймағын 20,0 гектарға азайту қаралғанымен, әзірге қосымша штат берілген жоқ», – дейді «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жүнісхан Әлімбеков.

Созақтық тұрғындар бұл жұмыстарды жоғары бағалап отыр. Өйткені, өңірді көгалдандыру арқылы экологиялық мәселелер шешіледі.  Теріскейдегі орман қоры жері 3 орманшылыққа бекітілген. Созақ, Шолаққорған және Мойынқұм орман шаруашылығының әрқайсысында 400 мың гектарға жетеқабыл сексеуіл тоғайлары бар. Үш орманшылықта да өртке қарсы бекеттер ұйымдастырылған. Олар толығымен қажетті техникалармен жабдықталған. Әсіресе, өрт қауіпті маусымында бекеттерде күнделікті кезекшіліктер ұйымдастырылады. Мойынқұм орманшылығы Қақпансор алқабында да жұмыс жүруде. Құмда өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi болса, соның үшеуi Қазақстанда өседi екен. Олар – ақ сексеуiл, қара сексеуiл және зайсан сексеуiлi. Түркістан облысында ең үлкен сексеуілді алқап – Созақ өңірінде шоғырланған. 

– Сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор. Біріншіден, ол құм көшкіндерін ұстап тұрады. Алайда оның өсіп жетілуі өте қиын, баяу өседі. Сондықтан оны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс. Мәселен, былтыр егілген сексеуілдің тамыры – 1 метр. Тамырын терең 15-20 метрге жайғанда өсе бастайды. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Осыған дейін де орман шаруашылығы қызметкерлері өсімдік қорын молайтуға атсалысып келген. Бір ғана сексеуіл ағашы өзінің қуатты тамырларымен 4 тонна құмды ұстап тұруға қабілетті. Сексеуілді жойып алу шөлдердің өсуіне әкеледі, – дейді Жүнісхан Әлімбеков. Айта кетейік, биыл Түркістан облысындағы орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 млн. 214 мың дана ағаш егіледі. Өткен жылы 16 200 гектар жерге 23 млн. 818 мың дана ағаш егу және себу жұмыстары толығымен атқарылды. Өңір бойынша орман тұқымбақтарында 2017-2018 жылдары аралығында 12 млн. түп көшет өсірілсе, бүгінде өндірілген көшет саны 30 миллионды құрап отыр.

Атап өтерлігі, қазақ халқы сексеуілді ерекше қадірлейді. Жұртымыз қайратты алғыр адамды жігерлі десе, сынбайтын жас сексеуілді «жігер» деп атаған. Еліміздегі орман қорының басым бөлігі де — сексеуіл тоғайларының еншісінде.

Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді бұл ағаш түрінің Орталық Азия мен Араб елдерінде 10-ға жуық түрі бар болса, соның үш түрі ғана Қазақстанда өседі. Түркістан облысында ең үлкен сексеуілді алқап – Созақ өңірінде. Мойынқұмның шағылды құмына негізінен сексеуілдің ақ түрі бейімделген.

Аумағы 1 миллион 014 мың 888 гектар алқапты алып жатқан Теріскейдегі орман қоры 3 шаруашылыққа бөлінген. Созақ, Шолаққорған және Мойынқұм орман шаруашылығының әрқайсысында 400 мың гектарға жетеқабыл сексеуіл тоғайлары бар. Әрбір орманшылық 12 күзетшімен қамтамасыз етілген. Аға орманшыларға көмекшілері қолғабыс етеді. Үш шаруашылықта де өртке қарсы бекеттер орналасқан. Олар толығымен қажетті техникалармен жабдықталған. Әсіресе, өрт жиі орын алатын сәуір және қазан айларының аралығында бекеттерде қосымша кезекшіліктер ұйымдастырылады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті төрағасының 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 7-5 і/32 бұйрығына сай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қорының есебіндегі ағаштардың барлық түрлерін кесуге 2023 жылғы 31 желтоқсанына дейін тыйым салынған. Жалпы, түсіндіру жұмыстарынан кенде емеспіз. Мемлекеттік орман қоры аумағынан заңсыз ағаш кесуді болдырмау, өрттің алдын алу, заңсыз аң аулау, орманда заңсыз мал бағу, шөп ору, орманнан заңсыз дәрілік өсімдіктерді жинау, орманнан заңсыз «Қызыл кітапқа» енген аңдар мен өсімдіктерді аулау әрі жинауды болдырмау бойынша елді мекендерде тұрғындардың қатысуымен басқосулар өткізіліп, үнпарақтар таратылып, бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар беріліп отырады. Бұдан бөлек, орманмен шекаралас аймақтарда рейдтік шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бүгінде созақтық орманшылар сексеуіл қорын молайту үшін қажырлылықпен еңбек етуде. Шолаққорған орман шаруашылығында сексеуілден бөлек қарағаш, үйеңкі ағаштарының тұқымын өсіретін тұқымбақ бар. Онда қазір 15 мың дана үйеңкі, 265 мың дана қарағаштың 1 және 2 жылдық көшеттері өсіріліп жатыр. Ал, сексеуіл тұқымбағында 600 мың дана сексеуіл көшеті бар. Олардың ендігі бой тіктеп қалғаны бізді қуантып отыр. Себебі, бойымызға жылу, табиғатымызға сән беретін сары сексеуіліміздің өсіп-өнуіне жағдай жасап, әрбіріміз жанашырлықпен қорғай білсек, отын қорымыз одан әрі ұлғая беретіні сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You