Моноқала саналатын Кентау шаһарының әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен ілгерілеу байқалады. Қаланың маңызды мәселелеріне жергілікті билік дер кезінде көңіл бөліп, оларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Атап айтқанда, тұрғындар көтерген көпқабатты тұрғын үйдің ауласына «Воркаут» спорт алаңдары осы жылы пайдалануға беріледі. Лоток және дренаж жүйелерін салу мәселесі бойынша 11 ұңғыма қазылып, су бұру бойынша 6 шақырымға монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар жалғасуда. Қаратау шағынауданына инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 8 шақырым кәріз жүйесін және 11 шақырым жол салудың құрылысы 1,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл бойынша Ұлттық экономика министрлігі тарапынан қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде екен. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр.
Кентаулықтар үшін тағы бір күрделі мәселе – жылыту мәселесі. Әбден тозығы жеткен жылу орталығына жыл сайын қазынан қыруар қаражат бөлінеді. Кентауды сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін 6 жылу қазандығын, подстанцияларын, 21 шақырым магистралдық жылу құбырларын, 81 шақырым ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын 3 кезеңмен жүзеге асыруды жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3,8 млрд. теңге бөлініп, 5 шақырым құбырлар жаңартылу үстінде. Өңір басшысы биылғы тамыз айындағы сапары барысында сол жұмыстарды көріп, тиісті тапсырмалар бергені — есімізде. Жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Жылу электр орталығын қайта құру үшін 3 млрд. теңге қарастырылды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Білуімізше, облыс басшылығы келешекте жылу орталығын газға ауыстыруды көздеп отыр.
Тұтастай алғанда, Қаратау тәжі саналатын Кентаудың даму әлеуеті зор. Шаһарда жаңа кәсіпорындарды ашу үшін индустриалды аймақ құрылған. Аймақ жол, жарық, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бүгінде ол жерде 4 млрд. теңгенің 11 жобасы орналасқан, 270 жұмыс орны ашылған. 71 млрд. теңгеге 7 өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Әлбетте, бұл өз кезегінде бюджеттің салық түсіміне оң әсер етері сөзсіз.
Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлер салынып, 377 тұрғын үй сапалы инфарқұрылым жүйесімен қамтылады. Апатты деп танылған 47 кентаулық азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 451 млн. теңге бөлініп, баспана сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 55 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл аманаты» пилоттық жоба аясында сүт, құс шаруашылығы және етті бағытты дамыту бойынша 3 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Жалпы 86 мүшеден құрылған кооперативтерден құжаттар қабылданды. Жалпы құны 112 млн. теңгені құрайтын 18 жоба мақұлданды. Алтыншы бағыт «Өз кәсібін бастау» бойынша 18 жоба қаржыландырылды.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасына алдыңғы кезекте Кентау қаласы бойынша 2 ауыл, яғни Хантағы және Қарнақ ауылдары енген. Айталық, Хантағы ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өз ісін бастаған шаруа қожалығы бар. Ауыл тұрғыны А.Салы 8400,0 мың теңге несие алып, мал бордақылау жұмысын бастаған. Бүгінгі таң 35 бас жылқы бодақылануда.
«Ауыл Аманаты» жобасын мерзімді жүзеге асыру мақсатында қажетті шараларды қабылдау үшін жұмысшы топ құрылған. Аталған бағдарлама аясында құрылған топ тарапынан «Ауыл Аманаты» жобасына енген ауыл тұрғындарына бағдарлама басталғаннан бүгінгі күнге дейін бірнеше кездесулер өткізіліп, толық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық береді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елдімекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Бүгінгі күнге, Қарнақ ауылы бойынша: сүт бағытында «Жаннат-2020» кооперативі құрылып 40 адам мүшелікке енді. Құс бағытында «Тажитдин Ата» кооперативі құрылып 23 адам мүшелікке енді. Қосымша 12 тұрғын кооперативке мүшелікке енуге ниет білдіруде. Хантағы ауылы бойынша: етті бағытта «Хантағы береке» кооперативі құрылып 23 адам мүшелікке енді. Қосымша 11 тұрғын кооперативке мүшелікке енуге ниет білдіруде. Кентау қаласы бойынша осы бағдарлама аясында құрылған қалалық жұмысшы топ мүшелері және «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілі тарапынан құжаттарды қарау күнделікті жалғасуда. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Бұл бағдарламаның несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің пайдасы көп. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды пайдалануға мүмкіндік береді. Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Кентау қаласы бойынша бағдарлама шарты негізінде тізімге сәйкес жинақталған құжаттар саны 117, оның ішінде 44 құжаттан кемшіліктер анықталып қайта дайындалуда. Ал 39 құжат «Ырыс» МҚҰ – на қарауға ұсынылып, 15 құжат мақұлданып отыр.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесі алғашқы орында тұр. Өйткені ауылдың деңгейі тұрғындардың табысына тікелей байланысты.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру жолымен ауыл халқы табысының деңгейін арттыру жоба аясында кеңінен қарастырылады. Агроөнеркәсіп пен өндіріс орындарын жандандыру ауыл экономикасын жақсартуға үлес қосады. Сонымен қатар фермерлікті дамыту туралы да айта кеткен жөн. Ауыл шаруашылығы техникаларының жеткілікті деңгейде болуы — ауыл тұрғындарының табысын арттыруға себепкер.
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртейік, кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі – (2023 жылы – 7,0%, 2024 жылы – 6,6%, 2025 жылы – 6,3%, 2026 жылы – 6,0%), 2027 жылға қарай – 5,8%. Ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейі – (2023 жыл – 4,9%, 2024 жыл – 4,7%, 2025 жыл – 4,5%, 2026 жыл – 4,3%) 2027 жылға қарай – 4,2%.
Ауыл шаруашылығы министрлігі «2023 жылға ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жобаны кеңінен тарату үшін ауыл тұрғындарына микрокредиттер берудің негізгі шарттарын бекіту туралы» үкімет қаулысының жобасын дайындады.
Микрокредит беру есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру жобасы іске асырыла бастады. 2023 жылы жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыс әкімдігіне 52,4 миллиард теңге бөлінді. Бұл ақшаға 11 мың микрокредит беру және 12 мыңнан аса жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.
Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасы да ауыл тұрғындарының табысын арттыруға зор үлес қосады. Жобаға сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника, жабдық лизингі және т.б. қамтамасыз етіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.
Бағдарлама аясында жыл сайын еліміздің барлық облыстарына жобаны іске асыруға бюджеттік кредиттер берілетін болады.
Жоба 2023 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру.
Айта өтейік, жуырда ғана ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының орындалуы жөнінде кеңес өтті. Оған «AMANAT» партиясының, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, облыстық әкімдіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында аралық нәтижелер қаралып, келелі мәселелер талқыға түсті.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов бағдарлама аясында бөлінген 100 млрд теңгенің 51%-дан астамы игерілгенін жеткізді. Алайда кей өңірлерде бұл көрсеткіш 10%-ға да жетпейді. Есесіне кей аймақтар бекітілген соманы толық игеріп, несие алуға өтініштер қабылдауды тоқтатты. Мәселен, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев бүгінге дейін 141 жобаға өтініш келіп түскенін айтты. Ал бөлінген 1,6 млрд теңге жеткіліксіз, тағы 800 млн теңге қажет.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл сұрақты заң аясында пысықтасын. Егер қайшылық болмаса, игермей жатқан өңірлерден қысқартып, сұранысы көп аймақтарға мүмкіндік беру керек», — деді Тамара Дүйсенова.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына 5-7 жылға 2,5 проценттік үстемемен микронесиелер ұсынылады. Алайда бұл несие түрі бәріне бірдей қолжетімді емес. Мәселен, Түркістан облысында ұстаздар мен дәрігерлер секілді бюджеттік мекеме қызметкерлері бағдарлама шеңберінде несие алуға ынталы. Дегенмен кредит беру Ережесінде мұндай мүмкіндік қаралмаған. Талқылау қорытындысы бойынша бұл сұрақ қосымша пысықталатын болады.
Жоба ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтардың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін арттыруды көздейді. Сол себепті Тамара Дүйсенова жобаны жүзеге асыру барысында туындаған кедергілерді дер кезінде жойып отыру керектігін қадап айтты.
«Әр тиын мақсатты жұмсалуы шарт. Санды қуып, сапаны ұмыт қалдыруға болмайды», — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.