Түркістан облысы: Білім беру ұйымдарында мектепті дамыту жоспарының құрылымын әзірлеу мәселесі талқыланды

2024 жылдың 23 cәуір күні Білім беруді дамыту орталығының «Инновация және стратегиялық жоспарлау» кафедрасының басшылығымен Түркістан облысының мектеп директорлар ассоциациясының мүшелерімен ҚР Оқуағарту министрінің 2023 жылғы 28 тамыздағы «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын дамыту бағдарламасының құрылымын және оны әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» №273 бұйрығы негізінде кеңес отырысы өтті.

Кеңестің мақсаты — білім беру ұйымдарында Мектепті дамыту жоспарының құрылымын және оны әзірлеу бойынша ұсынымдармен таныстыру, әдістемелік көмек көрсету.

Іс-шара барысында «Көшбасшы» Ассоциациясының өңірлік үйлестірушісі Ш.А.Кудайбергенова, Ассоциация төрағасы Е.Мақашов Мектептің даму жоспарын әзірлеу бойынша әр бөлімге тоқталып, теориялық түсінік беріп, талдау жасады.

Кафедра жетекшісі Р.Б.Алтынбеков мектептің даму жоспарын құрастыру кезінде білім саласындағы басым бағыттарын, нысаналы индикаторларға қолжетімді көрсеткіштерді көрсетуін және оны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын тиімді жасауды атап өтті. Кеңесте мектептің даму жоспарының үлгілік нұсқаларын жасап, алқа мүшелеріне ұсыну фракция жетекшілеріне жүктелді.

Атап өту керек, ұлттық бiлiм беру жүйесiн модернизациялау жағдайында шетелдiк озық тәжiрибелердi пайдалану мүмкiндiктерiн бағалау, ұлттық дәстүр мен ерекшелiктердi ескеру, бiлiм мазмұнын жаңарту, бiлiм беру жүйесiн басқару мен ұйымдастырудың тиiмдiлiгiн арттырудың жаңа жолдарын iздестiру секiлдi өзектi жайттар ерекше маңызға ие болып отыр. Мектеп директорынан өзгерістер енгізуді басқаруда нағыз көшбасшы болу талап етіледі.

Көшбасшылық дегеніңіз – бұл мектеп директоры барлық оқушылардың табысты оқып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, оқыту туралы ортақ ұстаным қалыптастыру жұмысына жетекшілік ететін, мықты ұйымдастырушылық миссиясы бар және оқушылардың үлгеріміне үлкен үміт артылатын интерактивті үдеріс. Көшбасшылық дегеніміз — жеке әлеуметтік қозғаушы күш емес, көзге көріне қоймайтын бағыттар мен қозғалыстар арасындағы қарым-қатынас

Еліміздегі білім беру саласында қарқындап жүріп жатқан жаңалықтардан қалыс қалмай, мектептің оқу-тәрбие үдерісіне өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайды. Бұл мақсаттағы жұмыстарды анықтап алу үшін мектеп басшысы қазіргі жағдайға талдау жасауы қажет. Мектеп жағдайы туралы бастапқы деректер жинау, мектептің мықты жақтары мен дамытуға болатын салалары туралы білу мақсатында мектеп ата-аналары, оқушылары және педагогтар арасында сауалнамалар жүргізіледі. Мектеп ата-аналарына арналған сауалнаманың мақсаты баланың мектептегі көңіл күйін, жетістіктерін, қаншалықты көмек көрсетілетіндігін, тәрбие беру сапасы, қажетті ақпараттарды алу мүмкіндіктерін анықтау және мектеп тәжірибесіне өзгерістер енгізу алдында ата-аналардың пікірлерін білу. Мектеп тәжірибесіне келелі өзгерістер енгізу алдында мектепті дамыту аймағын айқындаудағы оқушылардың пікірін білу мақсатында оқушылар арасында, бүгінгі мектептің жағдайына мұғалімдердің көзқарасын білу мақсатында мектеп педагогтары арасында сауалнамалар жүргізіледі.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының оқыту мен оқудағы халықаралық зерттеуі (TALIS) мұғалімдер мен мектеп басшыларына білім беруді талдап, осы саладағы саясатты дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Зерттеу мұғалімдердің кәсіби біліктілік арттыруға көзқарасын, оның әсерін, бағалаудың маңыздылығын және қажеттіліктерін анықтауға көмектеседі. Жұмыстың басымдықтарын айқындау мақсатында өзгерістер енгізу (көшбасшылар) тобы құрылады. Коучинг-сессиялар өткізу арқылы енгізілетін өзгерістердің қажеттіліктері талқыланып негізделеді. Осы зерттеулердің нәтижесін ескере отырып, мектепті дамытудың, өзгерістер енгізудің стратегиялық басымдықтары нақтыланады.  Мектепті дамытудың жоспары жасақталып, нені дамыту қажеттігі, дамыту үшін қандай іс-әрекеттер жасалады, олардың нақты, қолжетімді және шынайы болуы SMART-қа сай белгіленеді. Қажетті ресурстар анықталып, күтілетін нәтижеге болжам жасалады. Өзгерістерді эвалюациялау тәсілдері көрсетіледі.

Стратегиялық жоспарлау дегеніміз – бұл мектептің қандай екендігін көрсететін, болашаққа бағдар жасай отырып, түбегейлі өзгерістер енгізу мақсатында шешімдер қабылдап, оны іске асыруға арналған іс-әрекеттер жоспары. Мектепті дамыту жоспары – ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында білім беру ұйымын дамытудың стратегиялық басымдықтары мен бағыттарын анықтайтын құжат.

Мектепті дамытудың стратегиялық жоспары сауалнамалар қорытындысында анықталған басты проблемаларды шешуге, берілген ұсыныстарды іске асыруға бағытталған. Олар:

1) Мектептің даму жоспарын жасау кезінде оқушылардың және ата-аналардың пікірін ескеру.

2) Мектептің дамуына қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық ұйымдармен байланысты күшейту.

3) Озық тәжірибелерді енгізу мақсатында жүйелі жұмыс істеу.

4) Мұғалімдерді өз жұмыстарына талдау жүргізуге бағыттау.

5) Мұғалімдердің бірлесіп, ортақ проблеманы анықтап, білім сапасын арттыруда біріккен жұмыстарын жетілдіру.

6) Мұғалімдерді бөлінген көшбасшылық принциптеріне сай жұмыстарға тартып, қабілеттерін дамытуға мүмкіндіктер туғызу.

Жоспардың төлқұжаты болады. Онда кезеңдері, мақсат-міндеттері, күтілетін нәтиже белгіленеді.

Мектептің даму жоспары сауалнама қорытындысы негізінде алынған басымдықтарға сүйене отырып, жасалынады. Жоғарыдағы басымдықтарды ала отырып, мұғалім + ата-ана + оқушы араларында коучингтер, тренингтер, зерттеу сабақтары жоспарланады. Сонымен қатар жоспарланған шаралардың уақытында өтілуін, өзгеріс енгізу тобы арқылы және бөлінген көшбасшылықты жұмылдыру арқылы анықтап, кері байланысын жасап, нәтижеге қол жеткізіліп отырады. Мектептегі оқу-тәрбие жұмысының нәтижелілігі мұғалімдердің оқушыларға беретін білімінің сапасымен, олардың оқушыларға қолдау көрсету және ынталандыру, сондай-ақ олардың қол жеткізген жетістіктерін бағалауынан да көрінеді.

Жоғарыдағы басымдықтарды шешудің тағы бір жолы — мектепте сабақты жоспарлау үдерісіне көп көңіл бөлу.  Бұл негізде деңгейлік курстан өтіп келген мұғалімдермен ОМЖ, ҚМЖ жасақтаудың үдерісін қалыптастырып, әдістеме жетекшілерімен біріге отырып, мұғалімдерді сабақты жаңаша жоспарлауды жетілдіру мақсатында кеңестер беріліп, тәлімгерлік көрсетіледі. Сабақ үдерісінде оқушының сыни тұрғыдан ойлау белсенділігін жетілдіру әдіс-тәсілдері арқылы, табыс критерілеріне негізделген білім сапасына қол жеткізу көзделіп, мұғалімдер оқыту мен оқудың жеті модулін меңгеріп, жаңа әдіс-тәсілдерді сабақта пайдалану шеберлігі қалыптасып, критериалдық бағалау, формативті бағалауды игереді және оқушылардың сыни ойлау қабілетін жетілдіреді.

Келесі басымдық бұл ата-аналар мен оқушылардың, мұғалімдердің ой-пікірі бағалаудың әділ, нақты   жаңа түрлерін енгізуді талап етіп отыр. Сондықтан өзін-өзі басқаруды жетілдіру мақсатында коучингтер ұйымдастырып, сыныпты басқару, оқушылардың тәртібі мен мінез-құлық проблемаларын оңтайлы шешуде «мектеп — ата-ана — оқушы» арасындағы бірлескен ынтымақтастық ортаның жұмысын жетілдіру нәтижесінде мектептегі оқушыларға қатысты проблемаларды оңтайлы шешуде оқушы мен ата-ананың пікірі үнемі ескеріледі, ата-аналар мен оқушыларға деген сенімді қарым-қатынас орнап, ынтымақтастықтағы тиімді іс-әрекеттер жүзеге асады.

Барлық басымдықты оңтайлы шешудегі ең үлкен жұмыстың бірі — желілік қоғамдастық жұмысын жолға қою, бұл бағытта қала мектептерімен бірлескен жоспар құрылып, сонымен қатар интернет желісі арқылы тәжірибе алмасу, пікірлесу, ортақ проблеманы шешу жұмыстары жоспарланады.

Қорытындылай келе айтарымыз, оқыту мен оқу үдерісінде мұғалім жұмысының тиімділігін бақылау және эвалюациялау, тәлімгерлік пен коучинг үдерісін өткізу, мұғалімдердің кәсіби дамуын жоспарлау, ұжымдық жұмыс пен бірлескен оқуды көтермелеу тәсілдері арқылы мектептің оқыту тәжірибесінің жақсаруына ықпал етуге болары анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin