Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің «Бастапқы әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 12 шілдедегі №347 бұйрығының 9 тармақшасы, Түркістан облысының білім басқармасының 2024 жылғы 3 сәуіріндегі №105 және Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 2024 жылғы 3 сәуірдегі №18 бірлескен бұйрықтары негізінде жасөспірімдердің алғашқы әскери дайындық пәнінен оқыту процесінде алған білімі мен дағдысын орнықтыру мақсатында Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің базасында оқу-далалық жиынының ашылу салтанаты болып өтті.
Жиынның ашылуына Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова, Түркістан қаласы, Сауран ауданы Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі тобының бастығы, сержант Рүстем Қамбарұлы Жұмабеков, Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қожахмет Пірмашев, Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің директоры Дилбар Абдуразакқызы Дийметова, Әмір Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің директоры Гүлназ Бақытқызы Мамбетова қатысып, жас сарбаздарға сәттілік тілеп, құттықтауларын жеткізді.
Бес күндік оқу-дала жаттығуының негізгі мақсаты қарулы күштердің мәртебесін арттыру және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.
Әрбір жасөспірімнің мектеп қабырғасынан-ақ өзін әскери қызметке дайындауы, Отан алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінуі, болашақ сарбаз екенін ұғынуы еліміздің тәуелсіздігінің кепілі екені айқын. Қазақстанды қорғау баршамыздың қасиетті парызымыз екендігін міндеттейді.
Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік, іргесін берік, бірлігін бекем ету – мемлекетіміздегі барлық азаматтың басты борышы.
Жалындаған жас қырандардың қалың легі тұрғанда елді дау, жерді жау алмайды.
Тақырыптың орайы келгенде, салаға қатысты күрмеуі тоқсан түйткілдерді де көңілге бір түйе өтсек. 11-сынып оқушылары үшін оқу жылындағы жалпы 34 сағат сабақтың 10 сағаты жол қозғалысын түсіндіруге жұмсалатын көрінеді. Былтыр Парламент Сенатының депутаттары тарапынан мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәні өз деңгейінде өтпей жүргені, ал бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың әскери міндетін өтеуге деген құлықсыздығына жеткізіп отырғаны көтерілді. Елімізде өскелең ұрпақты патриот, ержүрек, шыдамды, табанды күрескерлерді тәрбиелеу мақсатында ерекше маңызы бар сабақтардың бірі бастапқы әскери және технологиялық даярлық (БӘТД) пәні өткізіліп келеді. Бұл жастардың болашақта ел намысын сындарлы сәтте лайықты қорғайтын жастардың тәрбиеленіп шығуы үшін, сол сияқты келешекте Отанын, жерін, елін қорғай алатын, ұлттық намысы мол, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеу, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азаматтар даярлау үшін маңызды.
«1996 жылдан бері мемлекет тарапынан салаға көңіл бөлініп, алғашқы әскери даярлық пәні оқытылып отырғанымен, жастар арасында әскери борышын өтеуге құлшыныстың төмендігі байқалуда және осы мақсатта проблемалар туындап жатыр. Мұндай өкінішті жағдайлардың болуына БӘТД пәнін оқытудың материалдық базасының болмауы, сабақ мазмұнындағы кемшіліктер себеп болып отырғаны анық. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін барлық мектептердегі оқу-тәжірибелік қарулар, көрнекіліктер жинап алынған. Содан бері көптеген мектептерде ұжымның жеке қаржысына сатып алынған макеттер пайдаланылып келеді. Сабақ өту барысында 1970-1980 жылғы улы газдан қорғайтын газқағар қолданылып жүр», — дейді сенаторлар.
Мәліметтерге жүгінер болсақ, 2016 жылғы 22 қаңтарда Білім және ғылым министрінің №70 бұйрығына сай білім беру мекемелерін құралдар және жиһаздармен жабдықтау нормалары бекітіліп, БӘТД пәнін оқытуға қажетті әскери-техникалық мүліктің 49 түрі болуы көрсетілген. Олардың қатарында химиялық барлау аспабы – 1, дозиметр – 1, әскери компас – 13, қорғаныс костюмі – 2, жаяу әскер шағын күрекшесі – 13, Калашников автоматының макеті -3, зембілдер – 3, азаматтық газтұтқы – 13, тұмылдырық – 13, жүрек-өкпе және ми реанимациясының тренажері — 1 және т.б. бар. Депутаттардың айтуынша, іс жүзінде аталған заттардың басым бөлігі жоқ көрінеді.
«Пән мұғалімдерінің айтуынша, соңғы екі жылда бірқатар мектептерге құны 7,5-8 миллион теңгені құрайтын кабинеттер мен құралдар, қарулардың лазерлік нұсқасы берілген. Алайда, алынған заттардың сапасы төмен, лазерлік құрылғылар жұмыс істемейді.
БӘТД пәнін оқытудың күнтізбелік-тақырыптық жоспары да қайта қарауды талап етеді. Пән мазмұны алғашқы кезекте әскери қызметке даярлауды мақсат тұтса да 11-сынып оқушылары үшін оқу жылындағы жалпы 34 сағат сабақтың 10 сағаты жол қозғалысы, ал 16 сағаты өмір қауіпсіздігінің ережелеріне арналған. Бұл сабақтар бастауыш және орта сыныптарда өтілуі керек. Осылайша негізгі пәнге 8 сағат қана қалып, 3 сағаты құқықтық негіздерге, 3 сағаты атыс дайындығына, 2 сағаты саптық даярлыққа арналған.
Бүгінгі таңда әскери дайындық робототехника және IT-технологияларға бағытталу керек. Ал шын мәнінде мектептерде әскери робототехника бойынша ешқандай оқу құралы жоқ», — деп депутаттар проблеманың түйткілді тұсын қозғап өтті.
Сондай-ақ, жаттығу қарулары, кіші калибрлі винтовка мен олардың патрондарын сақтауға арналған арнайы бөлме (қару-жарақ бөлмесі) мен атыс тирі мектептердің басым бөлігінде арнайы талапқа сай емес көрінеді. Тіпті жаңадан пайдалануға тапсырылған мектептерде мұндай арнайы бөлмелер мен кедергілер жолағы, тактикалық алаңы қарастырылмапты.
Ал халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Ұлыбританияда кадет сыныптарында оқыған жастардың 30 пайызы өмірін сол саламен байланыстырады. Ал АҚШ-та генералдардың 40 пайызы — запастағы кіші офицерлерді даярлау оқуларының түлектері. Ресей мемлекеті тоқырау жылдары тоқтап қалған бастапқы әскери даярлық оқуларын жедел түрде қолға алып, оқушылар дәріс ала бастады.
Шыны керек, кеңес уақытында әскерге бармай қалып қалу үлкен ұят болып саналатын. Ауылда біреу әскери міндетін орындаудан қашыпты десе, бәрі күлетін. Ол адам бейне бір отанын сатқан азамат ретінде көз алдымызда қалатын. Кеңес заманы тұсында әскерге кемінде екі жылға барып, борышыңды өтеуге міндеттелетінсің. Ал қазіргі заманда ол қысқартылып, небәрі бір-ақ жылға белгіленген. Жастарымыз осыдан да қашып жүр. Бәлкім, проблемалары бар шығар. Мүмкін, екі ұрпақтың тәрбиесі екі түрлі болған шығар.
Рас, соңғы жылдары әскери міндетін өткеруден жалтаратын жастар қатары көбейгені анық. Дегенмен оның да өзіндік себептері жоқ емес болар. Осы орайда соңғы жылдары әскерге міндетін атқару үшін кеткен бірқатар сарбаздың суицид жасап, үйіне мәйіті ғана оралғаны — есімізде. Бұл кімнің болмасын көңіліне алаң күй салатыны анық.
Сенаторлар Үкіметке жолдаған сауалында мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәнін дамыту жөнінде бірқатар ұсыныс жасады.
«Республика аумағында 365 мыңнан астам жоғары сынып оқушылар аталмыш пәнді оқитынын және патриот жастар мемлекеттігімізді сақтаудың бірден-бір шарты екенін ескере отырып келесі шараларды қабылдауды ұсынамыз:
- Білім беру мекемелерінде БӘТД пәнін оқытудың күнтізбелік-тақырыптық жоспарының мазмұнын қайта қарап, жабдықтау нормасына сәйкес қажетті әскери-техникалық мүлікпен қамтамасыз етуді;
- Мектептерде робототехника және IT-технологияларды оқытуға, геймификация тәсілдері мен тәжірибелік механизмдерін қолдануға жағдай жасауды;
- Білім беру мекемелерінде жаттығу қарулары, кіші калибрлі винтовка мен олардың патрондарын сақтауға арналған арнайы жабдықталған бөлменің, атыс тирінің, кедергілер мен тактикалық дайындық сабағын жүргізетін алаңдарының болуын қамтамасыз етуді;
- Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі ретінде жастарды өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа бағыттау, өмірлік және әскери қызметте қажетті кәсіптерді меңгеруіне жағдай жасауды сұраймыз» — дейді олар.
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі 2030 жылға дейін жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын әзірледі, ол негізгі төрт бөлімнен тұрады.
«Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бірлік пен тұрақтылықтың, әділдік пен ынтымақтастықтың, заң мен тәртіптің, сенім мен жауапкершіліктің ұлттық құндылықтарына негізделуге тиіс, бұл жаңа Қазақстанның құрылуының көрінісі болуға тиіс. Ең алдымен, жеке тұлғаның ең маңызды қасиеттерінің бірі – оның жері мен еліне деген құрмет сезімі бағалануы керек», — делінген құжатта.
Сондай-ақ, әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге мүмкіндік беру арқылы орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың тұрақты және жүйелі жұмысына бағытталғаны айтылады. Осылайша, әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасының мазмұнында төрт негізгі мазмұндық ұғым бар. Олар: тәрбие, білім, патриотизм және Отанды қорғау.
Тұжырымдамаға сәйкес, әскери-патриоттық тәрбие процесінің негізгі локомотиві елдің Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен білім беру мекемелері болып табылады.
Бүгінгі күні Қазақстанда әскери-патриоттық клубтардың саны 9 мыңнан асты, тартылған жастар саны 260 мыңнан асады. Жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Оған жыл сайын екі мыңнан астам әскери-патриоттық клубтар, сондай-ақ 55 мыңнан астам бала қатысады.
Сонымен қатар бұл салада түйіткілді мәселе жеткілікті. Олар – әскери-патриоттық тәрбие саласында жүйелі тәсілдің болмауы, білім беру процесінде тәрбие жұмысының маңыздылығын төмендету. Сондай-ақ қажетті дағдылар болмаған кезде ата-аналардың тәрбие процесіне қатысуы төмен. Яғни бұл мәселелерді шешу үшін жақсы әдістемелік негіз, дайындалған материалдық-техникалық база, оқу процесіне жоғары білікті мамандарды белсенді тарту қажеттілігі, тұтастай алғанда жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің проблемалық мәселелерінің кешенін шешуге бағытталған жұмыстарды одан әрі жетілдіру және іс-қимылдарды үйлестіру қажет.
Бес жылдан бері елімізде «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ құрылып, табысты жұмыс істеп жатыр. «Баланың тәрбиесі бесіктен басталады» дейді. Өкінішке қарай, қазір әскерге барғысы келмейтін жастар көп. Жалпы қоғамның әскерге деген көзқарасы басқа. Әскерге барған азаматтар уақытты босқа өткіздім деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті бұл бағытта жұмысты дұрыс жүргізу керек. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін арнайы тұжырымдама қабылданып жатыр. 2018 жылдан бері Қазақстанның барлық аймақтарында «Жас сарбыз» әскери-патриоттық қозғалыс құрылған болатын. Оның негізгі бағыты – мектеп жасындағы жасөспірімдер – 18 жасқа дейінгі жастармен жұмыс істейді.
Қозғалыс аясында Халық Қаһармандары, ҰОС ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, ерлік сабақтарын өткізіледі. Сонымен қатар жасөспірімдерді әскери бөлімшелерге апарып, әскердің бір күндік өмірімен таныстырылады.
Ол жерде әскерилердің тәртібінен бастап, қандай сабақ өтіп, немен айналысатынын көзбен көреді. Нешеде тұрады, қандай тамақ ішеді, қайда ұйықтайды деген сұрақтарарға жауап алады. Сонымен қатар қазір ІТ саласы да қарқынды дамып жатыр. Біздің қозғалыс осы бағытта да жұмыс істейді. «Smart sarbaz» робототехникасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл роботехниканың көмегімен қашықтықтан басқару арқылы көп іс атқаруға болатынын үйретеді. Мәселен, қазір дорн, датчик арқылы минаны залалсыздандыру сияқты әскери саланың міндеттерін шешуге болады.
Сала өкілдерінің сөзіне сенсек, 2018 жылдан бері жасөспірімдер мен жастардың әскерге баруға, қорғаныс саласына деген ынт- жігерлері бірнеше есе артқан.
«Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы мен Астана қаласы жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Былтыр елордада көктемгі және күзгі шақырылымның әрқайсысына 800-1000 мың, яғни 2 мыңға жуық азамат әскерге жіберіліп жатыр. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Дәл осындай көрсеткішті Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы да көрсетіп отыр. Бірақ әлі күнге әскерге деген қызығушылықты арту жұмысы өзекті», — дейді сарапшылар.
Бұдан бөлек әскерге барған жастар үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, әскерде борышын өтеп келген азаматтар ЖОО-ға емтихансыз түсе алады.
Атап айтқанда, әскреге барған азаматтар ҰБТ-ны тапсырмай-ақ ЖОО-ға түсе алады. Бірақ оқуға ақылы бөлімге түседі, егер үлгерімі жақсы болып, өзін көрсете алса, грантқа ауысуға өтініш бере алады. Бұл көптеген озық елдерде бар тәжірибе, енді бізде де енгізілді. Алдағы уақытта мұны жетілдіреміз, себебі Канадада бірден грантқа түсу мүмкіндігі де қарастырылған. Ал бізде емтиханнан босатылды әрі ақылы түрде ғана түсу мүмкіндігі бар. Ақылы түрде оқу көп қаражатты қажет ететін болғандықтан, алдағы уақытта екі министрлікпен бірлесіп, оны жетілдіру жұмысы жүріп жатыр.
Алайда мамандар әскерді тартымды ету үшін бұл шараның жеткіліксіз екенін айтып отыр. Себебі әскерде орын алып жатқан әлімжеттік мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ…
Әскер адамды тәрбиелемейді, тек оқу-жаттығу арқылы әскери өмірге үйретіп, қорғаныс саласына қатысты білім береді. Тәрбиемен отбасыда ата-ана айналысуы керек.
«Жас сарбаз» қатарына кіру тегін. Бір ғана талап қойылады – оқу үлгерімі жақсы, физикикалық дайындығы жақсы болуы керек, сосын психологиялық тест тапсырады. Бір сөзбен айтқанда, қозғалысқа іріктеу арқылы қабылданады.
Қозғалыстың артықшылығы – жастар бос уақытын тиімді өткізеді. Әскери базаларға барады, Бауыржан Момышұлының ерлігін дәріптейміз, Тоқтар Әубәкіров, Бақытжан Ертаев сияқты батырлармен кездесулер өтеді. Футбол, волейбол, шахмат сияқты тегін спорттық іс-шаралар бар. Ардагерлер үйіне барады. Қабылданған жас сарбазға куәлік беріледі. Ол куәлік мектеп бітірген соң әскери оқу орнына түсуге жеңілдік береді. Әскери оқу орнына түсемін деген баланың оқу орнына қозғалыс хат жіберіп, оның «жас сарбаз» болғанын» растайды. Оқу-әдістемелік бойынша тәжірибесі бар деп анықтама беріледі. Бір сөзбе айтқанда, бұл қозғалыс жастарды әскери өмірге дайындайды.
Мемлекет «Жас қозғалыс» әскери-патриорттық қозғалысына арнайы қаржы бөлмейді. Мектептердегі клубтарға алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі жетекшілік етіп, үйірме ретінде жүргізеді. Сонымен қатар арнайы грант та бөлінбейді. Бірақ қазір бұл қозғалысты мектеп бағдарламасына қосу үшін жұмыс істеліп жатыр.
2030 жылға дейін жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын іске асырудың нәтижесінде қазіргі жастардың сапалық сипаттамалары жақсарады деп жоспарланып отыр.
Әскери-патриоттық тәрбиенің негізгі қағидаттары:
- Қазақстан Республикасы Конституциясы мен мемлекеттік рәміздерді құрметтеу қағидаты;
- жастардың бойында ұлттық сананы, Қазақстанға, өз ұлтына деген сүйіспеншілікті, оның мәдениетіне құрметпен қарауды, өзінің ұлттық бірегейлігін сақтау, өз мемлекетінің дамуы мен қорғалуына қатысу қабілетін қалыптастыруды көздейтін ұлттық мүдделерді қорғау қағидаты;
- Қазақстан азаматының жоғары құндылық ретіндегі жеке басының қағидаты және оның өмірлік табысқа жетуі үшін жағдай жасау, жеке қабілеттерін, адал, саналы және жан-жақты дамыған азаматты дамыту;
- ерте жастан 35 жасқа дейінгі тәрбие жұмысының бағыттары мен кезеңдерінің тұтастығы мен сабақтастығы принципі;
- басқа елдер мен этностардың мәдениетіне төзімділік принципі.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты ішкі және сыртқы қатерлерге қалыптасқан идеологиялық иммунитеті бар Қазақстан Республикасы жастарының әскери-патриоттық тәрбиесін одан әрі жетілдіру болып табылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.