Түркістан облысы: Созақ ауданындағы Жылыбұлақ каналының құрылыс жұмысы толық аяқталады

Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің Құмкент ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесуінде айтылды. Онда ауылдық округте атқарылатын жұмыстарды кеңінен баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

— Ағымдағы жылы Құмкент ауылдық округінде халық сұранысына орай іске асып жатқан бірқатар жобаларды аяқтап, жұмыстарды жоспарға сәйкес атқарамыз. Осы жылы Жылыбұлақ каналы мен облыстық маңызы бар «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Бұған дейінгі айтылған ұсыныстарыңыз бойынша Құмкент ауылынан Амангелді және Берденұлы көшелері мен Қызылкөл елді мекеніндегі Бөкенов, Төлеуұлы көшелері асфальт жолмен қамтылып, Абай көшесіне көше жарықшамдары орнатылады. Біз мұнымен тоқтатпаймыз. Алдағы жылға да нақты жоспарларымыз бар. Аудандағы өзекті мәселелер маған етене таныс. Шешу үшін кезең-кезеңімен тиісті шараларды атқарамыз, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Канал демекші, бұдан жарты ғасыр бұрын салынған Жылыбұлақ каналы әбден тозып, жарамсыз болып қалған болатын. Бұл канал Созақ ауданының Құмкент ауылын 30 жыл бойы ағын сумен қамтамасыз етіп келген еді. Енді ауыл тұрғындары арық суын пайдаланады. Бірақ жазда су көбіне топыраққа сіңіп, рәсуа болады. «Сондықтан суды ысырап етпей арықтың түбін бетондап берсе», — деп дабыл қаққан-тын ауыл жұрты.

Жылыбұлақтың суы Құмкент ауылынан 7 шақырым қашықтықтағы Баба Түкіт Шашты Әзіз кесенесінің жанынан, яғни, жер астынан шығып жатыр. Ғасырлар бойы ауыл халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп келеді. Кеңес заманында егістікке суды тез апару үшін лотоктан канал салынған. Алайда жылдар өте ол әбден тозып, жарамсыз болып қалған еді. Су ысырап болып, далаға ағып жатқандықтан, халық қайтадан бұлақ суын ескі арнасына бұрған. Алайда шаруалар жаздың күндері арықтың ішін қамыс басып, судың дені топыраққа сіңіп кететінін айтады. Соның салдарынан етектегі егістікке су жетпей қиналады.

«Кеңес Одағының кезіндегі арық тозып, әбден шаршаған. Бұнымен енді су апару қиын. Бізге бұрынғы ескі оман арығымыздың ішін цементтеп берсе, бізге сол тиімді. Бидай, арпа, жүгері, жоңышқа егеміз, майда көкөністерді де егеміз. Барлығын ауылдан өндіреміз. Пияз, сәбіз, картопқа дейін. Судың салдарынан еге алмай отырмыз. Халық дүкеннен сатып жеуге мәжбүр болып отыр» — деген Құмкент ауылы тұрғындарының өтініштері жер қалмады.

Жалпы, Құмкент ауылдық округінде жеті жүздей түтін, төрт мыңдай халық тұрады. Жеті жүз гектардай суармалы жер бар. Бірақ арық суы ауылға толық жетпейтіндіктен, шаруалар егіс алқабының жартысына жуығын ғана игеріп отыр. Айта кетейік, «Жылыбұлақ» каналы осы уақытқа дейін «ҚазСуШар» мекемесінің баланысында болған. Енді ауданның қарамағына өтті. Содан кейін ғана жобалық-сметалық құжаты дайындалып, бюджетке ұсынылды. «Аықтың табыны бетондалған соң, 700 гектар суармалы алқап пен жүз гектардан астам үй іргелік жерді ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады» — дейді жергілікті жұрт.

Осы тұста атап өтерлігі, Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасып жатыр. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында тұр.

«Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 миллион текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.

Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 миллион текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескерткен-ді.

– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырмалар берген болатын.

Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар: «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы, «Қараспан» магистральдық каналын күрделі жөндеу» жобасы және «Қараспан» су торабын күрделі жөндеу» жобасы.

Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 2023 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан-қала аумағындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Айта өтейік, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 триллион теңге қажет екенін мәлімдеді.

«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 триллион теңге қажет», – дейді министр.

Естеріңізде болса, биыл жыл басында Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданған-ды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.

Тасымалдау кезіндегі судың өнімсіз шығынын 50-ден 25%-ға дейін төмендету, ал қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы, жоспарланған тәсілдерді іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 миллион гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Осының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданы 1,3 миллион гектарға дейін өседі, шамамен 2,1 текше шақырым су үнемделеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде.

Бүгінде «hydro.gov.kz» цифрлық платформасын құру жұмыстары аяқталуда, онда су объектілері, гидротехникалық құрылыстар, су шаруашылығы бассейндері мен учаскелері, гидропосттар және т.б. жинақталған бірыңғай Су кадастры қалыптастырылатын болады. Оны биылғы ІІІ тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар министр Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру көзделгенін айтты.

Премьер-Министрдің айтуынша, суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі, сол үшін ұсынылып отырған Тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады.

«Оны іске асыру су ресурстарына мониторинг жүргізу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді», – дейді Үкімет жетекшісі. 

Мысал ретінде Үкімет басшысы Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы – Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы стансалары жұмысының тиімділігі небәрі 30% екенін айтты. Үлкен Алматы каналына пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген.

Одан бөлек, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған – нәтижесінде 40% су ысырап болуда.

Үкімет басшысының сөзінше, тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру. 

«Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ын өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ға дейін көтеру жоспарлануда», – деді Премьер-министр. 

Сонымен қатар Премьер-Министр елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу қарқыны төмен деңгейде қалып отырғанын айтты.

«Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет», – дейді Премьер-Министр. 

Жалпы, Үкімет басшысы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керектігін айтты. Атап айтқанда, Ертіс өзенінің ресурсын аумақтар арасында қайта бөлуді қарастырудың маңызы зор.

Келесі кезекте – трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу. Үкімет басшысы көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу аясында келіссөздер процестерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуі тиіс екенін атап өтті.

«Жалпы, Тұжырымдамада жоспарланған барлық іс-шараны сапалы іске асырып, оған жауапкершілікпен қарау еліміздегі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірге оны тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – дейді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін Су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылғанын айтып өтті.

Сонымен… Жиында тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер жолданды. Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков халықпен кездесудегі басты мақсаты алдағы жоспарларды ашық айтып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, соның төңірегінде жұмыс атқарылатынын айтты. Көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеді.

Жалпы, Құмкент ауылдық округі Түркістан облысы Созақ ауданындағы әкімшілік бірлік саналады. Құрамына Құмкент, Қызылкөл ауылдары кіреді. Орталығы – Құмкент ауылы. Аудан орталығы – Шолаққорған ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 39 шақырымдай жерде. Округ құрамында болған Қызылқанат ауылы 2017 жылы таратылған. 2 орта мектеп, 1 емхана, 1 ФАП, 1 балабақша, 2 ауылдық клуб, 2 кітапхана, 2 қазпошта бөлімшесі, байланыс бөлімшесі, телестанциясы бар.

Құмкентте 1928 жылы “Құмкент”, “Қызылқанат”, “Қызылкөл”, “Тасарық”, “Құрсай” деген колхоз ұйымдастырылған. Колхоздардың шаруашылық жұмыстарын ұйымдастырып, халықтың әл-ауқатының артуына колхоз бастықтары болған Балабек Асқанбеков, Жүсіпбек Есіркепов, Рахыш Сатиев, Байтемір Жайлаубаев, Бұзау Айқожаев, Рахыш Асқаров, Бердібай Нұрлыбаев, Омар Балтабаев, Жапан Қалдыбаев, Қуаныш Ақпанбетов, Кенбай Иманбердиев, т.б. өз үлестерін қосты.

1957 жылы бірінші наурызында 5 колхоз бірігіп, кеңшар (совхоз) болған. Бұл халықтың 1 жерге топтасып орнығуына, әл-ауқатының артуына көп әсерін тигізді. Кеңшар 70000-ға дейін қой өсіріп, 3000 гектарға дейін арпа, 400 гектарға дейін жүгері дақылын өсіруге қол жеткізді. 1994 жылы кеңшар таратылып, соның негізінде қазіргі уақытта бір өндірістік кооператив, бір ЖШС, 31 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Құмкент ауылдық кеңесінің төрағалары болып Сопиев (1950-1954 жылдары), Салхауов (1954-1956 жылдары), Темірәлиев (1956-1958 жылдары), Сексенбай Ілегенов (1958-1960 жылдары), Кенжеғұл Бергенов (1960-1965 жылдары), Мелдебек Атенов (1965-1974 жылдары), Досбол Саметов (1974-1983 жылдары), Аманкелді Құсмашов (1983-1986 жылдары), Жайлау Айтбаев (1986-1994 жылдары) қызмет атқарды. Құмкент ауыл әкімдері болып Жайлау Айтбаев (1994-1995 жылдары), Исатай Тілепов (1995 жылы), Жанәділ Төлбаев (1995-2004 жылдары) қызмет атқарды. 2004 жылдан бері Болат Айдарбеков ауыл әкімі болып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin