Түркістан облысы: Созақ ауданының орталығында биыл 17 көшеге асфальт жабындысы төселіп, 26 көше түнгі жарықшаммен қамтылады

Өткен жылы ауданда әр сала бойынша түрлі жобалар іске асырылды. Биыл аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан ауқымды жобалар аяқталып, ел игілігіне ұсынылады. Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу және Қарабұлақ елді мекендеріндегі ауыз су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады.

Сондай-ақ ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары және көшелерді жарықтандыру, абаттандыру сынды инфрақұрылымдық жобалардың қарқыны арта түспек. Жеткіншек елді мекеніндегі Шәкен Айманов, Кенесары, Әл-Фараби көшелері мен аудан орталығындағы Сиязбеков, Асқанбеков, Атауы жоқ №1-ші, Атауы жоқ №2-ші, Кеңесбаев, Темирбекова, Мұханов, Жамбыл, Ш.Қалдаяқов, Тастанова, Теріскей және Жынысбаев көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, Абай елді мекенінің орталық екі көшесі мен аудан орталығындағы 24 көше түнгі жарықшаммен қамтылады. Біресек каналы ағымдағы жөндеуден өтіп, жоспарға сай жұмыстар атқарылады. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндады. Сонымен қатар, санитарлық тазалық пен көгалдандыруға қатысты шараларға кеңінен тоқталып, бұл мәселені қоғам болып қолға алу керектігін атап өтті.

Жиында тұрғындар бірқатар ұсыныс-пікірлері мен түрлі сала бойынша сауалдарын жолдады. Аудан басшысы айтылған әрбір мәселенің маңыздылығын ескеріп, шешу жолдарын жауапты мамандармен бірлесе талқылады. Бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша да жүгінді.

Есептік жиынға аудан басшысының сала орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Осы тұста айта өтейік, аудан орталығын кешенді дамытуға бағытталған жұмыстар пысықталды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін аралап, атқарылу керек мәселелер мен орталықты кешенді дамытуға бағытталған жұмыстарды пысықтады.

Әлеуметтік нысандар мен білім беру ұйымдарының сыртқы қоршауларын сырлап, аулаларын абаттандыру мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ жаңадан салынатын құрылыстарға қажетті жер телімдерін көріп, аудан орталығындағы «Достар» стадионында болды. Онда стадионды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі қарастырылып, жауапты мамандарға тиісті сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырды.

Бұдан соң Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағына барды. Онда отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйімен танысып, мамандарға жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын бақылауына алды. Қазіргі уақытта аумағы артқан “Жасыл белдеу” толықтай қоршалды. 10 мың метрге жуық шарбақ тартылып, егілген тал көшеттерін суару жүйесі орнатылуда.

Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясында аудан аумағында санитарлық тазалық пен көркейту-көгалдандыру жұмыстарының қарқыны артуда.

Акция аясында барлық ауылдар мен елді мекендерде гүл мен тал көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, тұрғын үйлердің ауласындағы қоршауларды ретке келтіріп, талдардың түптері әктеліп, жол белгілері мен көше бойында орнатылған электр бағаналарын сырлау сынды жұмыстар жүргізілуде.

Енді Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған дерек-дәйектерге сүйене отырып, Шолаққорған ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына тереңірек бойлап көрсек. Әуелі бюджет бойынша. 2024 жылға бекітілген кірістер көлемі – 297 124,0 мың теңге. Оның ішінде субвенциямен трансферттен –191672,0 мың теңге; салықтық түсімдер – 102307,0 мың теңге; салықтық емес түсімдер 3145,0 мың теңгеге қалыптастыру жоспарланған.

2024 жылғы  бюджет шығыстары  297 124,0  мың теңгеге жоспарланып отыр. Оның ішінде ауылдық округі әкімінің қызметін қамтамасыз етуге 176 476, 0 мың теңге бөлінген.  

Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Мәселен, Шолаққорған ауылдық округі бойынша барлық жер көлемі 270419 гектар десек, оның ішінде егістік жерлердің, нақтырағы, ауылдық округі бойынша үй іргелік суармалы жер көлемі 506 гектарды құрап отыр. Қазіргі таңда үй іргелік жерге егілген егіс көлемі 503,3 гектар болса, 88,5 гектарға — жүгері, 97 гектарға — картоп, 104 гектарға — көкөніс, 91 гектарға — бақша, 83 гектарға жаңа жоңышқа егілген және оған өткен жылдардан бері келе жатқан 39,8 гектар ескі жоңышқаны қосыңыз.

Сондай-ақ, жоспар бойынша агроқұрылымдар меншігіндегі барлығы     2359,88 гектар жердің 853,7 гектарына егіс егілді. Оның ішінде жүгері – 63,5 гектар,  картоп – 36 гектар, көкөніс – 35 гектар, бақша – 47 гектар, жаңа жоңышқа 217 гектар болса, ескі жоңышқа 455,2 гектарды құрап отыр.

Үш жақты келісімшарт бойынша 2023 жылы егістік жерді игеру тапсырмасы 1357 гектарды құраса, орындалуы 1357 гектар болып, 100 пайызды құрап отыр.

Суармалы жердің көлемін ұлғайту мәселесі әрқашан күн тәртібінен түскен емес. Шолаққорған ауылдық округіндегі суармалы жердің көлемі 12,7 гектарға ұлғайтылды. Тамшылатып суғару әдісі 1,2 гектар жерге енгізіліп, тапсырма 100 %-ға орындалды. 

Айта өтейік, бүгінде бірқатар шаруа қожалығы осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп: тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды. Есесіне мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді. Алайда мамандар: «Ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру керек» — дейді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, биыл Қазақстанда 1,58 миллион гектар суармалы жер игеріледі. Оның ішінде 1,1 миллион гектары немесе 74%-ы жер үсті тәсілімен суарылады, 227,3 мың гектары немесе 14,3%-ы, заманауи жаңбырлатып суару жабдықтары пайдаланылады, 97,9 мың гектары немесе 6,2%-ы тамшылатып суарылады.

Осы орайда тамшылатып суару және жаңбырлату технологиясын дамытуға отандық өндірушілер қандай үлес қосып отыр деген сұрақ туындайды. Жалпы, суару жүйесіне арналған құрал-жабдық өндіретін қандай компанияларды білеміз? Вице-премьер Серік Жұманғарин отандық кәсіпорындарды атап, оларға мүмкіндігін арттыру керегін айтады.

«Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында мемлекет пен бизнес арасындағы табысты әріптестіктің бұл үлгісін атап өтіп, негізгі азық-түлік өнімдері бойынша елдің импортқа тәуелділігін төмендету үшін оны ауыл шаруашылығының басқа салаларында қолдануға тапсырма берді. Биыл Үлкен жоба бойынша көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын салу мен суару, мал шаруашылығы жобаларын іске асыруға 100 млрд теңге көлемінде қаржыландырудың екінші траншы бөлінді. Бүгін біз кеңеске жұмыс істеп тұрған және әлеуетті отандық суару жүйелеріне арналған жабдықтарды өндірушілерді, суару жобалары бойынша тәжірибесі бар фермерлерді шақырдық. Жаңбырлату техникасы мен тамшылатып суару жүйелерін таңдау кезінде отандық өндірушілерге артықшылық беру қажет. Бізде «»Metzer Kazakhstan, «BNK irrigation», «Samal commodities», «Келет» АҚ сынды табысты кәсіпорындар бар», — деді Серік Жұманғарин. 

Осы орайда вице-премьер министр атап өткен «Metzer Kazakhstan» кәсіпорнына тоқтала кетейік. 

«Metzer group» тамшылатып суару жүйесіне қажет құрал-жабдықтар шығарады. Кәсіпорын Қазақстанда «METZER Kazakhstan» халықаралық брендін қалыптастырған. Тамшылатып суару жүйесі бойынша Израильдегі ең үздік өндірушінің бірі саналатын кәсіпорын нарықта 1970 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 

«Metzer Kazakhstan» 2014 жылдан бері Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан нарығында қызмет етіп, ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселені шешуге атсалысып келеді. Мәселен, «Metzer Kazakhstan» кәсіпорны шығарған тамшылатып суару технологиялары кез келген дақылға, топырақ түріне, су сапасы мен климатқа арналған. Құрал-жабдықтар Израиль, Италия, АҚШ, Португалия елдерінде шығарылады. Кәсіпорынның суару технологияларына сұраныс жақсы. Айта кетерлігі, компания көтерме және бөлшек саудамен айналысады.

Кәсіпорын мамандары тұтынушының ұсынысын қабылдаған соң алдымен егістікке барып, шолу жасайды. Аумақты өлшеп, су алатын жерді белгілейді. Шығынды, қажет материалдарды есептеп, ары қарай суару жұмысын бастайды. Кәсіпорын мамандары тамшылатып суару технологиясының пайдасы зор екенін айтады. Бұл әдіс судың ысырап болмай, қажет жерге баруына, егінді ерте жинауға, мол өнім алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар топырақ эрозиясының алдын алып, арамшөптің көп таралуына жол бермейді. 

Осы тұста жағымды жаңалықпен бөліспек болмас. Түркістан облысында 1 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі арқылы жоғары сұрыпты мақта тұқымы өсіріле бастады. Бірінші кезеңде мақта кластерін құру, одан кейін толығымен Қазақстанда жасалған маталардан жұқа, жоғары сапалы жейде және үй тоқыма бұйымдарын шығару жоспарлануда. Қытайдың жібек жіптерін шығаратын «Lihua Spinning Technology» компаниясы кеңесші ретінде жұмысқа тартылды. Бұл туралы Premierminister.kz үкімет порталы хабарлады.

Мақта-тоқыма кластерін «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (жалғыз акционері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы) және «Алтын дала мақта» серіктестігі құрып отыр. Бұл мақта өсіруден бастап өңдеуге және жұқа зығырдан жасалған киімдерді, сондай-ақ үй тоқыма бұйымдарын өндіруге дейінгі толық өндірістік цикл болатыны нақтыланды. Тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы элиталық мақта өсіру шикізат жинауды айтарлықтай арттырып, егіс көлемін қысқартатыны атап өтілді. Қазірдің өзінде өндіріс орнында 50-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауытты пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрады. Ал қазақстандықтарды жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді.

2023 жылдың желтоқсан айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихаймен кездесті. Сол кезде Түркістан өңірінде мақтаның жоғары сұрыпты түрін өсіру, тамшылатып суғару технологиясын енгізу және мақта өңдеу зауытын салу мәселесі сөз болды.

Дархан Сатыбалды «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға зауыт ашу үшін дайын инфрақұрылым, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынатынын айтты.  

«Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихай Түркістан облысында мақта өңдеу зауытын ашуға ниетті екенін жеткізді.

– Біздің компания – мақта кластері бойынша Қытайдағы көшбасшылардың бірі. Мақта өсіру, өңдеу, жіп және мата, киім шығаруға дейінгі жобаларды жүзеге асырамыз. Компания иелігінде 115 зауыты бар. Компанияның жалпы активі 3 миллиард АҚШ долларынан асты. Қытай нарығына 8,5 миллион тонна мақта керек. Оның 3,5 миллион тоннасын шетелден алуымыз керек. Келудегі мақсатымыз – Қазақстаннан мақта сатып алу және мақта өңдеу зауытын ашу. Осында тамшылатып суғару технологиясын енгізіп, жоғары сұрыпты мақта өсіру. Әріптестік орнатуға дайынбыз, – деген еді Чжан Цихай.

2026-2027 жылдары Түркістан облысында жалпы құны 223 миллиард теңгеден асатын екі жоба іске қосылады. Өндіріс орындарына Қытай мен Өзбекстанның компаниялары инвестиция салмақ. Мақтаарал ауданында құны 21 миллиард теңге болатын мақта кешенін салу жобасы жоспарланған. Мұнда логистикалық хаб салынады.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай суды үнемдейтін технологияларды сынап көруге және отандық ауыл шаруашылығы өнімдері үшін «жасыл дәліз» құруға келісті. Қазақстанда суармалы жерлердің 50%-ына дейін су үнемдеу технологияларымен қамту жоспарланып жатыр.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстанның сауда серіктестері арасында алғашқы орында тұр.

 Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда 31,5 миллиард АҚШ доллар болған рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстандық өнімнің Қытайға экспорты 12,6 пайызға өсті. Сөйтіп 14,7 миллиард доллар болды. Импорт 50,5 пайызға өсіп, 16,8 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтарға ауыл шаруашылығының егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны ауқымды түрде енгізу қажеттілігі жөнінде тапсырма берген болатын.

Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы бірқатар аудандар осы бағыттағы жұмыстарды күшейткен. Мәселен, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылының тұрғыны Төлеген Жұмабеков егістік алқаптың 3 гектар жеріне тамшылатып суару әдісімен пияздың «Кэнди» тұқымын еккен. Сонымен қатар, шаруақожалық қосымша 10 гектар жерді игеруді бастаған. Шаруаның сөзінше, тамшылатып суару әдісі — ағын суды үнемдеп ғана қоймай, артық арамшөптерден арылуға да мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ауылдағы «Тұрар» шаруақожалығы да 33 гектар аумаққа еккен пияз дақылын тамшылатып суару әдісімен суғарып отыр. Сондай-ақ, Жаушықұм массивіндегі Көксу ауыл округінде «Абыт» және «Бауыржан» шаруа қожалықтары 50 гектар жерге Жамбыл облысының диқандарымен бірлесіп пияз егістігіне тамшылатып суару әдісін енгізіп отыр.

Иә, агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемде өсіп келе жатқан алаңдаушылық тудырады. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлар алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы мүмкін. Осыған орайда, ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 миллион гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысы үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған. Су үнемдеу технологияларын ендіріп, өнімділікті арттыруда Мақтаарал ауданында «Хамро-Ата» шаруа қожалығы өз үлесін қосуда. Қытайлық «Peng Seng» компаниясымен бірлесіп, осы елдің тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, 310 гектар егістік алқапқа мақта дақылын егуде. Жобаның жалпы инвестициялық құны 500 миллион теңгені құрайды, қаражат Абдужалил Боев басшылық жасайтын шаруа қожалығына тиесілі. Тартылған инвестициялық көлемі — 500 миллион теңге. Жобаның ерекшелігі — дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын суды 50% үнемдей отырып, өнімділікті 60-70 центнерге арттырады.

Қазіргі таңда жалпы аудан бойынша ағымдағы жылы 2000 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 500 гектар мақта, 346 гектар қырыққабат, 793 гектар бақша және жаңбырлатып суғару технологиясымен 30 гектар жоңышқа егіледі. Бүгінгі таңға орындалғаны 1281 гектарды құрап отыр.

Қазақстандық талшық сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жоғарыда аталған технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Су үнемдеу технологияларының тиімділігі — өсімдіктерге қажетті суды тікелей беріп, суды, суда еритін тыңайтқыштарды айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етеді, персоналдың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.

Тамшылатып суару жүйесінің тағы бір артықшылығы — тегіс жерлер үшін де, биіктік айырымдары бар аумақтар үшін де жарамды, жерді тегістеу бойынша артық жұмыстарды атқарудың қажеті жоқ.

Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылуда. «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 миллиард теңге құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. «BNK Group LTD» ЖШС-і құны 2 миллиард теңге 50 мың гектарға тамшылатып суғару, «Тұран су» ШЖҚ МКК-ны құны 480 миллион теңгені құрайтын жылына 9 мың гектар тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны алғашқы жартыжылдықта іске қосты.

Шолаққорған ауылдық округінде мал басын арттыру жұмыстары да көңілден шығып тұр. Айталық, 2023 жылдың қаңтар айына 5774 мүйізді ірі қара болса, 2024 жылдың қаңтар айына 5900 басты құрап, 102 %-ға артқан. 2023 жылдың қаңтар айына 7656  бас жылқы болса, ағымдағы жылдың қаңтар айына 6845 басты құрап, көрсеткіш 90% күйінде қалып отыр. Сол іспетті 2023 жылдың  қаңтар айына 32421 бас майда мал болса, ағымдағы жылдың қаңтар айына 29197 басты құрап, 90 %-ды төңіректеген. 2023 жылдың қаңтар айына 1490 бас түйе болса, ағымдағы жылдың қаңтар айына 1235 басты құрап, орындалғаны 83 %-ды маңайлады.

Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге).

Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион)

Егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар).

Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104%-ға орындалды (жоспар: 5 гектар).

30 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 100% орындалды.

Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100% орындалды (жоспар: 164 гектар).

4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже (100%) орындалды.

8 дана жоғары отбасылық құс фермасы 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма).

Сонымен қатар, 2023 жылы 13 127 тонна ет, 16 429 тонна сүт, 2 470 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес Созақ ауданында мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.

2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы негізінде «Созақ арго өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (АШӨК) құрылып, 77 азамат 453 млн 500 мың теңге несие алды.

Оның ішінде, «Созақ арго өнімдері» кооперативі 27,600 мың теңгеге ауыл шаруашылық техникаларын алса, 4 азамат өз кәсібін ашуға, 3 азамат балық шаруашылығына, 70 азамат мал басын көбейтуге  қаржыландырылған.

 Ағымдағы жылы «Игібай» ауыл шаруашылығы ӨК құрылып, құжаттары тіркетілді. Алайда республикадан қаржы бөлінбеуіне байланысты құжаттар қабылдау тоқтап тұр.

Орайы келгенде еске салайық, Созақ ауданында өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

«Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды.

Ал 2024 жылдың 3 айындағы деректерге үңілсек, 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылып, қатысып отыр.

Шолаққорған ауылдық округі бойынша 2024 жылдың қаңтар айынан бастап 274 бас  ит пен 21 мысық, барлығы 295 ит, мысық жойылды. Барлығына акт жасалып, «Беккери» шұңқырына тасталды.

Келесі коммуналдық шаруашылық саласы бойынша жолдарды жөндеу жұмыстары туралы тілге тиек етсек.

Шолаққорған ауылы округі бойынша 146,7 шақырымды құрайтын, жанама, қуыс көшелерді қоса алғанда, барлығы 151 көше бар болса, оның ішінде асфальттанғаны — 96,5 шақырымды, тас жолдар — 25,3 шақырымды, топырақ жолдар 24,9 шақырымды құрап отыр. Топырақ жолдардың 12 шақырымын Шолаққорған-Жеткеншек аралығындағы жаңадан түсетін үйлердің жолдары құрап отыр.

Ағымдағы жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Шолаққорған ауылындағы 8 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, З.Темірбекова — 1,270 шақырым, Қ.Рүстемов — 0,350 шақырым, А.Мұқанов — 0815 шақырым, Жамбыл — 0,210 шақырым, Ш.Қалдаяқов — 1,030 шақырым, Ү.Тастанов — 0,710 шақырым, Теріскей — 0,300 шақырым және Ә.Жынысбаев — 0,200 шақырым.

Жергілікті бюджет есебінен Жеткеншек елді мекеніндегі атауы жоқ №1 көшесіне тас төселеді, жалпы ұзындығы — 5,0 шақырым және Ш.Айманов, Кенесары және Әл-Фараби көшелері (жалпы ұзындығы — 3,345 шақырым), Шолаққорған ауылының С.Сиязбеков, А.Асқанбеков, атауы жоқ №1, атауы жоқ №2 және І.Кенесбаев көшелері (жалпы ұзындығы — 2,315 шақырым) асфальтталады. 

Аудан бойынша жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. 2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары 100% асфальт жолмен қамтылды.

Бұл ретте 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді тілге тиек етсек. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Көшелерді жарықтандыруға ойыссақ. 2024 жылы аудандық бюджет есебінен Шолаққорған ауылындағы Ж.Жабаев, Т.Насыров, Ш.Бекжанұлы, Ә.Молдағұлова, Е.Ембергенов, А.Асқанбеков, О.Анарбеков, Ы.Алтынсарин, Қ.Сәтбаев, Б.Момышұлы, Нұрлы жол, Ордабасы және Абай елді мекеніндегі 2 көше, барлығы 14 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Қосымша Шолаққорған ауылындағы Д.Қонаев, Ә.Оспанов, Қ.Әубәкіров, С.Еспенбетов, Руханият, З.Темірбекова, С.Тоқпанбетов, А.Мырзалиев, Төле би, Т.Тоқбергенов, Әйтеке би, Ә.Зейілбекұлы барлығы   12 көшені жарықтандыруға қаржы бөлініп отыр.

Ауыл әкімдігі «Инкай» БК» ЖШС демеушілігіне Т.Әубәкіров, Ә.Жангелдин көшелерін жарықтандыру,  Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендеріне және Шолаққорған ауылының Ж.Ерімбетов көшесіне балалар ойын алаңын салуды және Ш.Оқшиев көшесіне аяқ жол салу жұмыстарын ұсынуда екен.

«КАТКО» БК ЖШС демеушілігімен өткен жылы Шолаққорған ауылындағы Қ.Рүстемов, А.Иманов, Әйтеке би  көшелері жарықтандырылып, С.Әбуов, Жібек жолы-2, А.Спатаев көшелеріне балалар ойын алаңдары салынды. Ағымдағы жылы Шолаққорған ауылындағы көшелерді жарықтандыру және балалар ойын алаңын салу жұмыстары ұсынылып отыр.  

Шолаққорған ауылында жарықтандырылған 56 көше бар. Оның ішінде 15 көше «ТорланСтрой» ЖШС-на мемлекеттік жекеше әріптестік бойынша берілген. Қалған 41 көше жарықтандырулары — Шолаққорған ауылдық округі әкімі аппаратының балансында. Ағымдағы жылы жарықтандырылатын көшелерді қосқанда барлығы 53 көше жарықтандырулары ауылдық округі әкімі аппаратының балансында болады.  

Бүгінгі таңда ауылдық округі әкімі аппаратының қарауындағы көше жарықтандыруларын күтіп ұстау, жөндеу, уақытылы қосып-өшіру жұмыстарын жүргізуде қиындықтар туындауда. Себебі көше жарықтандыруларын жөндейтін мамандар, техникалар, құрал-жабдықтар ауылдық округі әкімінің аппаратында қарастырылмаған. Алдағы уақытта автомұнара алу жоспарлануда.   

Жалпы, Созақ ауданында көшелерді жарықтандыру бойынша көзге көрінетін тірлік көп. 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді сараласақ, 2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.

Ауыз сумен қамту жұмыстары бойынша Балдысу және Қарабұлақ елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың аяғына дейін аталған елді мекендер халқын ауыз сумен қамту жоспарланған.

Абай елді мекені тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында А.Иманов жалпы орта мектебіне 25 метр және елді мекендегі  су беретін мекеме аумағы ішіне тереңдігі 140 метр болатын ұңғы құдықтар қазылды. «Ақмола» мазараты қасындағы бұлақтан құбырмен ауыз су желісіне су жеткізілді.

Ағымдағы жылы 11,2 шақырымды құрайтын Біресек каналының 5,2 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудан көлеміндегі 33 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 21 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 5 елді мекенге  (Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдық) кестемен берілуде.

«Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтекаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» нысаны 2022 жылы басталып, нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.

Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, аудандық бюджеттен 9 миллион теңге, облыстық бюджеттен Қарабұлақ, Балдысу елді мекендеріне 34 миллион 400 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерге жүгінсек, Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін және Сызған елді мекенін тәулік бойы ауыз сумен қамту үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың қазан айынан басталды. Нысандар осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

Көркейту, көгалдандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Шолаққорған ауылы 5 секторға бөлініп, жауапты 36 мекемеге, 78 көше бекітілген.

Бекітілген мекемелер тарапынан ағымдағы жылдың 25 ақпанынан бастап бірнеше сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалау жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың көшелерге қоқыстар тастау, үйлерінің сыртындағы құрылыс қоқыстарын алмау, қоқысқа арнап қазылған шұңқырларды жаппау, ауылдың шетіне қоқыстарын шығару жағдайлары жалғасып, ауыл ішін таза қалпында ұстап тұруға кедергілер жасауда. Жұмыстардың нәтижелілігін арттыру үшін  тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескертулер берілді. Секторларда атқарылған жұмыстар нәтижесінде ауыл көшелері қоқыстардан тазартылып, жүргізілген түсіндірме жұмыстары тұрғындардың тазалықты сақтауына,  жиналған қоқыстарын шығаруына ықпал етуде.

Көктем айларында ұйымдастырылған сенбіліктер барысында ауыл маңындағы Біресек каналынан темір жол көпіріне дейінгі аралық, темір жолдың төменгі жағы полигон маңы, «Достар» стадионының шығыс бөлігінен мұнай айдау станциясына дейінгі аралық, Ә. Жангелдин және А.Спатаев көшелерінің қиылысындағы шоғырланған қоқыстар жинақталып, мал өлекселері арнайы орындарға тасымалданды.

Созақ аудандық мәслихатының 2022 жылғы 23 қарашадағы «Созақ ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» №140 шешімі қабылданған.

Бүгінгі таңда тұрғындар «Созақ сәулет» МКК мен жеке келісімшартқа тұру арқылы жинақталған қоқыстарын шығара алады. Бұл жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда, кейбір тұрғындар қоқыстарын шығаруға салғырттық танытып, ауыл ішіне белгіленбеген орындарға тастап кетуде. Аталған жағдайлар көбіне түнгі мезгілде орын алатындықтан, құқық бұзушылықты дер кезінде анықтап, әкімшілік шаралар көру мүмкіндігі болмауда.

Дегенмен тұрғындарға ауыл тазалығын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта ақпараттық хат басшылыққа алынып, тазалықты сақтау бойынша жұмыстар нақты жұмыстар жоспарланып, орындалатын болады.

Шолаққорған ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған полигон — «Созақ сәулет» МКК балансында. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны толуға жақындаған. Жыл сайын арнайы техникалар көмегімен, айналасындағы қоқыстарды сырып, жинақтау жұмыстары ұйымдастырылады.  Аталған жұмыстар ағымдағы жылы да ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Шолаққорған ауылындағы аурухана жанындағы шұңқырға тасталған қоқыстар демеушілер есебінен жіберілген арнайы техника көмегімен тегістеу жұмыстары жүргізілген. Ағымдағы жылы толықтай тегістеліп, бітелді.  

Бүгінгі таңда Шолаққорған ауылынан құрылыс қалдықтарын тастау орнына 1 гектар, қатты тұрмыстық қалдықтар тастау орнынан 9 гектар — барлығы 10 гектар жер учаскелері бөлінді.  Созақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан жаңа полигон құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалар жасалатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin