Түркістан облысы: Сарыағаш пен Келес аудандарында әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сарыағаш пен Келес аудандарына іссапармен барып, күрделі жөндеу жұмыстары басталған білім, денсаулық, мәдениет нысандарын аралады. Құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысын қадағалады.

«Абай» Келес аудандық ауруханасының бас корпусында процесс басталған. 40-қа жуық жұмысшы тартылған. Облыс әкімінің орынбасары мұның өте аз екенін айтып: «Жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындарды тарту керек» — деді. Мердігерге бұдан бөлек кемшіліктер бойынша ескертулер жасалды.

Сарыағаш ауданының Қапланбек ауылдық округінде 150 орындық жаңа мәдениет үйі әрі кітапхана құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы қаралған. Қыркүйек айында ел игілігіне тапсыру жоспарлануда. Қолданысқа берілген соң ғимарат бос тұрмауы қажет. Үйірмелер, шығармашылық кештер, іс-шаралар ұйымдастырылады.

Іссапар әрі қарай Сарыағаштағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде жалғасты. 7 ауысымда 2100 оқушыны қамтиды деп жоспарлануда. Алғашқы легі де қабылданған. Лагерьде әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалар демалатын болады. Экологиялық таза аймақта орналасқан. Тазалық талаптарына сай. Материалдық-техникалық базасы да жаңартылған. Жаз бойы мамандандырылған күзет, учаскелік полиция қызметкерлері қауіпсіздігін бақылайды.

№22 Елшібек батыр және №35 Б.Гафуров атындағы мектептердің құрылыс алаңына барып, жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу барысымен танысты. Жоспар бойынша есіктері, едендері, шатырлары, жылу жүйелері ауыстырылады. Әжетхана мен қоршаулар жаңарады. Ішкі және сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары жасалады. Биыл тамыз айында аяқталуы тиіс.

Өңірде 22 мектепке күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Жалпы 200-ден астам құрылыс жүргізіліп жатыр. Барлығы да облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тұрақты бақылауында тұр. Мердігерлер, бас жобалаушылар, техникалық қадағалаушылар, жауапты басқармаларға құрылыс кестесінен кешікпеу, жұмысшы күшін екі есе көбейту, құрылыс сапасына аса мән беру тапсырылды. Егер мерзімнен кешігу немесе құрылыс сапасы төмен болған жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді.

Облыс әкімінің орынбасары балалардың болашағын ойлап, жанашырлықпен атқаруды тапсырды. Сондай-ақ алдағы уақытта мониторинг жұмыстарының күшейетінін жеткізді.

Бұдан бөлек Сарыағаш пен Келес аудандарына іссапармен барған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев онда өңірдегі әлеуметтік және қоғамдық өзекті мәселелерді талқылау, шешу жолдарын қарастыру мақсатында жиын өткізді. Мәжіліске аудан әкімдіктері және жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Тұрғындар тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып, сауалдарға жауаптар берілді. Жиынға қатысушылар этносаралық қарым-қатынасты нығайту, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жөнінде пікір алмасты.

Зейнет жасына дейінгі ел азаматтарына «Күміс жас» жобасы, жастарға 12 бағыттағы мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Солардың ішінде облыстағы колледжерге гранттар мен «Серпін» бағдарламасының, 2,5 пайыздық жастарға арналған жеңілдетілген несие алудың мүмкіндіктері түсіндірілді. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бойынша «Ауыл аманаты» жобасы туралы Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев толықтырды.

«Тұрақтылық пен келісімді сақтау тұрғысынан жауапты мекемелерден бөлек этномәдени бірлестіктердің, ел ағаларының белсенділігі қажет. Әсіресе, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мен татулықты берік ұстануға үлесі зор. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мен жұмысты күшейтуді тапсырдым. Алдағы уақытта әр ауылдық округтерде қоғамдық кеңестер құру жоспарлануда. Этномедиацияға баса мән беріледі» — деген облыс әкімінің орынбасары келушілердің талап-өтініштері орынды екенін атап өтті. Олар негізінен жұмыспен қамту, жастарды қолдау, мектеп салу, зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, диқаншылар өнімдерін экспортқа шығаруға ықпал етуді сұрады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin