![]()
Кентауда балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заманауи нысанның іске қосылуы қаладағы бұқаралық спортты дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс алаңына барып, нысандағы жұмыстардың барысымен танысты. Қазіргі таңда кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа спорт нысанында бір мезетте 1000 балаға дейін спортпен шұғылдана алады.
Құрылыс барысында аумақты тегістеу, іргетас құю, футбол алаңының негізін дайындау, ішкі электр желілерін тарту, терезелерді орнату, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізу және төбе фермаларын монтаждау жұмыстары атқарылуда.
Жаңа кешеннің басты ерекшелігі – балалар мен жастардың спорттық белсенділігін арттыруға, бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортқа кеңінен тартылуына жағдай жасау.
Нысандағы жұмыстардың сапасы мен мерзіміне назар аударған қала әкімі мердігер мекеме өкілдеріне құрылысты белгіленген талаптарға сай аяқтауды тапсырды. Жауапты мамандарға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді дер кезінде шешу жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Заманауи спорт кешенінің пайдалануға берілуі Кентауда спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытуға және тұрғындардың, әсіресе, өскелең ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
