Астанада «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» саммиті аясында Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесі өтті. Биыл 7-ші рет өтіп жатқан кеңеске Қытайдың өнеркәсіп саласындағы алпауыт компаниялары қатысты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің өзара іскерлік байланысы екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайта түсуде.
Бүгінде Қазақстан-Қытай іскерлік Кеңесі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бизнес-топтарының өкілдері үшін диалог алаңы, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды құралына айналған. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, маңызды келіссөздер жүргізді. Іс-шара қорытындысы бойынша қытайлық бизнесмендермен жалпы құны 1 миллиард 615 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Атап айтсақ, Түркістанда бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ. Жобаның жалпы құны 270 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтан 11,8 гектар жер учаскесі нақтыланған. Онда 18 қабатты қонақ үй, аквапарк және вилла кешені бой көтереді деп жоспарланып отыр. Ал ауқымды инвестициялық жоба «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі.
Сонымен қатар аймақта баламалы энергия көздерін өндіру бойынша да бірқатар жобалар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, қуаттылығы 500 МВт бу-газ қондырғысы және қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясы, сондай-ақ электр желісінің металл тіректерін және энергия жинақтау жүйелерін өндіретін зауыт базасында электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Аталған жобаларды іске асыру үшін Бәйдібек, Сауран, Түлкібас аудандарынан жер телімдері нақтыланды. Қуат көзін көп қажет етіп, өзге өңірлерден алып тұтынатын Түркістан облысы үшін жоба аса маңызды. Қазіргі таңда Қытайдың «China Energy Overseas Investment Co.,Ltd» компаниясы жобаға жалпы 915 миллион АҚШ долларын бөліп отыр.
Осымен қоса Ордабасы ауданында «Central Asia Aluminium» ЖШС алюминий бұйымдарын өндіретін зауыт құрылысы басталмақ. Құны 17 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобаны іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.
Елімізде мақта өсірумен айналысатын жалғыз өңір – Түркістан. Мұнда, тіпті, Мақтаарал деп аталатын аудан да бар. Алайда бүгінге дейін облыста тоқыма өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмаған. Салдарынан шикізаттық экономика деңгейінде қалып, ал мақта бағасы жыл өткен сайын арзандап, шаруалар еңбегінің жемісін толық көре алмай отыр. Сондықтан аймақта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен тоқыма кластерін құру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда мақтадан бұйым шығарып, әлемге экспортын жолға қойған қытайлық компаниялармен уағдаластықтарға қол жеткізілді. Инвесторлар мақта егуге көмектесіп, жергілікті шаруаларға тәжірибесін бөліседі. Нәтижесінде облыс аумағында мақта талшығын қайта өңдейтін зауыт, жіп иіру зауыты мен мата фабрикасы салынбақ. «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясы аталған жобаларға жалпы 440 миллион АҚШ доллар көлемінде инвестиция бағыттамақ.
Еске салайық, «ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл саммитте саясат, қауіпсіздік, сауда, инвестиция, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, туризм, халықаралық ынтымақтастық және ШЫҰ-ның құрылысы жөніндегі жұмыстарға назар аудара отырып, ШЫҰ-ның көпжақты ынтымақтастығының даму перспективалары талқыланады.
Саммит барысында 25 қорытынды құжат қабылданып, Астана декларациясына қол қойылды, бұдан бөлек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Мемлекет басшылары кеңесінің «Әлемдік әділеттілікті, келісім мен дамуды ілгерілету жөніндегі барлық елдердің бірлігі туралы» ШЫҰ бастамасын қабылдау туралы қарары, «Қытайдың Циндао қаласын 2024-2025 жылдарға Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Мәдениет және туризм астанасы деп жариялау туралы» резолюция және басқа да 20 құжатпен қоса «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ізгілік қағидаттары туралы мәлімдемесі; Көршілестік, өзара сенім және серіктестік» және басқа 3 мәлімдеме бар.
2001 жылы 15 маусымда Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан қатарлы 5 мемлекеттің ортақ мәмілесі бойынша құрылған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – сонан бері ықпалы артып, көлемі кеңейіп келе жатқан ұйым. 2017 жылы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Астана саммитінде Үндістан мен Пәкістанға мүшелік мәртебесін беру туралы қаулыға қол қойылып, ұйымға мүше мемлекеттердің саны 6-дан 8-ге дейін өсті. 2023 жылы ШЫҰ-ның Нью-Дели саммиті Иранның ШЫҰ-ға қосылуын ресми түрде мақұлдады. Ал 2024 жылғы Астана саммиті кезінде ұйымның құрамына 10-мемлекет болып Белоруссия қосылды. Осылайша Азияның шығысында құрылған ұйым арада 23 жыл өткенде Еуропаның шығысына дейін іргесін кеңейтіп, «өзара сенімділік, өзара тиімділік, теңдік, кеңесу, алуан түрлі өркениеттерді құрметтеу және ортақ дамуға ұмтылу» сынды «Шанхай рухын» ұстана отырып, сыртқы жағынан блоктарға қосылмау, басқа елдерді нысанаға алмау және аймақтар және ашықтық» сынды принципті ұстанатын, әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйымы, АСЕАН, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК, Халықаралық Қызыл Крест қоғамы, Еуразиялық экономикалық одақ және т.б. ұйымдармен өзара селбескен әрі беделі жағынан тең түсетін ұйымға айналды. Қазір ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында әлем халқының 40 пайызы өмір сүріп жатыр. Олар әлемдік жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 20% құрайды және әлемдік мұнай қорының 20%-ын иеленеді.
Қазақстан Даму Банкі (БРК) Қытайдың қаржы институттарымен бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жеңілдетілген несиелер алу туралы келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында Астанада өткен қазақстандық-қытай іскерлік кеңесінің аясында 2 шілдеде жасалды.
China Construction Bank Астанада БРК-ге 500 миллион доллар көлемінде жеңілдетілген несие береді. Бұл қаражат инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталады, бірақ нақты жобалар туралы мәліметтер берілмеген.
Сонымен қатар, Қытай Мемлекеттік Даму Банкі БРК-ге 250 миллион доллар және 2 миллиард қытай юанында жеңілдетілген несиелер береді. Бұл қаражат республикалық маңызы бар автожолдарды қалпына келтіру сияқты инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Жоба Қазақстанның барлық аумағында жүзеге асырылады және аймақтардың көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта БРК «ҚазАвтоЖол» компаниясына 450 миллиард теңге көлемінде несие желісін ұсынды.
Бұдан бөлек, БРК, China Power International Holding және Алматыдағы Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкі арасында Ақмола облысында жалпы қуаты 220 МВт болатын жел электр станциясын салу жобасы бойынша синдикатталған несие беру туралы ниет келісіміне қол қойылды. Синдикатқа сондай-ақ Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі қатысады деп жоспарлануда.
Бұл инвестициялық жоба бес жел электр станциясын: Борей ЖЭС (100 МВт), Energo Trust ЖЭС (50 МВт), Софиевская ЖЭС (39 МВт), Арқалық ЖЭС (17 МВт) және JasilJel Energy ЖЭС (14,95 МВт) салуды көздейді. Бұл станциялар аймақты экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етіп, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтады. Жоба Қазақстанның 2060 жылға қарай елдің жалпы энергобалансындағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін 80%-ға дейін жеткізу жоспарына сәйкес келеді.
Тағы бір маңызды құжат – БРК, Shijixianghe Asia Pte. Ltd. және Қазақстан Астық Консорциумы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум. Бұл меморандум жылына 1 миллион тонна астықты терең өңдеу инвестициялық жобасын жүзеге асыруды көздейді. Жоба жоғары сапалы өнім өндіруді және оны халықаралық нарықтарға экспорттауды мақсат етеді.
БРК ұлттық институт мәртебесіне ие және шикізаттық емес салалардағы жеке инвестициялық жобаларды, сондай-ақ мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларды орта және ұзақ мерзімді төмен пайыздық несиелер беру арқылы қаржыландырады. Оның жалғыз акционері – Қазақстанның Экономика министрлігіне тиесілі «Бәйтерек» холдингі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.