Түркістан облысының алтын қолды хирург дәрігерлері үш жасар қыздың бөлшектенген саусақтарын жалғап берді

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері саусағын еттартқыш шайнап кеткен бүлдіршінге бірнеше күрделі ота жасады. Қолы қатты зақымданған үш жасар қыз бес айдан бері ауруханада ем қабылдап жатыр.

Оқыс жағдай 2024 жылдың наурыз айында болған. Белгілі болғандай, зардап шеккен бала анасының жанында ас үйде жүрген кезде электронды еттартқыш баланың қолын тартып кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, науқас ауруханаға қолы еттартқышқа кептелген күйінде жеткізілді. Саусақтарын ет тартқыш шайнап кеткен қызды дәрігерлер Сайрам ауданынан Түркістан облыстық балалар ауруханасына санавиация желісімен ауыстырған.

Түркістан облыстық балалар ауруханасындағы білікті дәрігерлері Ғалым Байтөре және Оралбаев Нұрлыбек бүлдіршінге нэкректомия және тері алмастыру отасын жасап, зақымданған саусақтарын хирургиялық жолмен қайта қалпына келтіріп берді.

Атап өтерлігі, көп профильді облыстық балалар ауруханасы — республика бойынша ірі ауруханалардың бірі әрі бірегейі. 895 000-нан астам балаға қызмет көрсетуге қауқарлы ауруханада науқастарға шұғыл және жоспарлы түрде медициналық қызметтер ұсынылады.

Ауруханада педиатрия және балалар хирургиясы бойынша мамандандырылған стационарлық және стационарды алмастыратын көмектің барлық бейіндері қамтылған. Сондай-ақ, кардиохирургия бағыты бойынша жоғары мамандандырылған қызметтер көрсетіледі. Бүгінде ауруханада балалар кардиохирургиясы, ангиохирургиясы, неонатальды хирургия, нейрохирургия, жарақат және ортопедия, офтальмология қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар, 50 төсек стационаралмастырушы төсек орындар және күніне 240 келіп-кетушіге арналған консультативтік-диагностикалық емханасы бар. Жыл сайын ауруханада 18 мыңнан астам бала емделеді. Емхана құрамында барлық бейіндер бойынша мамандардың консультациясын алуға болады. Одан бөлек, сурдологиялық орталықта аудиограмма арқылы балалардың есту қабілетін анықтауға болады. 

Сонымен қатар, ауруханадағы телемедицина орталығы Ұлттық Ғылыми орталықтарымен телемедициналық кеңес пен бейнеконференциялық байланыс жүргізуде. Былтыр аудандық ауруханалармен 1237 телеконсилиум ұйымдастырылған. Оның 263-ы республикалық және Ұлттық орталықтармен байланысқа шыққан. Ал, Облыстық балалар ауруханасының санитарлық желісімен атқарылған қызметі 953 рет аудандық ауруханаларға шыққан. Оған 1270 маман қатысып, 512 науқасқа кеңес берілген. Сондай-ақ, 109 науқасқа сол жерде ота жасалынып, 402 бала облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.

Тағы бір жаңалық, Түркістан облыстық балалар ауруханасының медицина мамандары операция залына балаларды ерекше әдіспен кіргізуді ойлап тапты. Ақ халаттылардың айтуынша, кішкентай пациенттердің операция алдында қорқыныш сезімін болдырмау үшін «сен қаһарман батыр боласың» деп белгілі мультфильм кейіпкерінің киімін кигізіп, аналары операция залына өздері ертіп кіргізуде.

Бұл әдісті облыстық балалар ауруханасының қызметкерлері University Medical Center-де операция ісі мамандарын біріктіретін IV Ұлттық Симпозиумына қатысып, жақсы тәжірибе жинақтап, іс-жүзінде өз жұмыстарына енгізген.

Қаһарман батыр кейіпкерінің киімін киген балақайлар операцияға көтеріңкі көңіл күймен кіруде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл әдісті әлемнің озық елдері қолданысқа енгізіп, оң нәтиже беріп жатқанын айтты.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin