Түркістан облысы: Сарыағаш ауданындағы мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды

Сарыағаш ауданында екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы Арман Абдуллаев жаңа оқу жылына дайындық аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Жартытөбе ауылдық округінде орналасқан Б.Гафуров атындағы №35 жалпы білім беретін мектебінің, сонымен қатар, Дербісек ауылдық округіндегі Елшібек батыр атындағы №22 жалпы білім беретін мектептеріне арнайы барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Мердігер мекеме мамандары өкілдерімен бірге ауданның білім бөлімінің басшысы Д. Ақатов жөндеу жұмыстары туралы баяндады. Білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтаған аудан әкімі күні бүгінге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарын саралады. Жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, жаңа оқу жылына дейін барлық шаруа мүлтіксіз орындалуы керектігін атап өтті.

– Біз үшін әр сәт қымбат. 2 апта алдын келгенімдегі көрініс өзгермеген. Жоспарланған уақытта балалар мектепте білім алуы үшін жұмыс қарқынын күшейтіңіздер, құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтіңіздер, – деген аудан әкімі білім бөлімінің басшысына тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жартытөбе ауылдық округіндегі Б. Гафуров атындағы №35 білім ұясында және Дербісек ауылдық округінде орналасқан Елшібек батыр атындағы №22 мектепте ғимарат шатырын жабу, ішкі сылақтарын жүргізу, электр жүйелерін жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар аталған білім беру ордаларының есіктері, едендері, шатырлары, жылу жүйелері ауыстырылады. Әжетхана мен қоршаулар жаңарады. Ішкі және сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеу жұмыстарын тамыз айында аяқтау жоспарланған.

Жалпы, Түркістан облысында 1900-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Оған қажетті қаржы көлемінің жалпы сомасы 80 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда 66 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Бұл ретте күрделі жөндеуге қажетті қаржы 50,4 миллиард теңгені құрап отыр.

2024 жылға 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы 7,7 миллиард теңге қаржы қаралды. Тарқата айтсақ, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен 7 мектеп (2,7 миллиард теңге), облыстық бюджеттен 15 мектеп (4,9 миллиард теңге) күрделі жөндеуден өткізіледі. Оның ішінде 5 мектепті («Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен – 3, облыстық бюджеттен – 2) ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегіне пайдалануға беру жоспарланған. Ал, қалған 17 мектеп («Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен — 4, облыстық бюджеттен — 10) келесі жылға өтпелі.         

Айта кету керек, демографиясы жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен және қолдауымен аймақтағы күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет ететін білім ұяларының, жаңа мектептер қажет елді мекендердің тізімі әзірленіп, мәселені шешу бойынша нақты шаралар қолға алынған. 2024 жылы облыста балабақша, мектеп, колледж, лагерь жалпы 300-ден аса білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған.

Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір – Түркістан. Бүгінде жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13-і пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салу көзделген. Оның ішінде 29-ы биыл тапсырылады деп жоспарланған. Мектеп салу бағытындағы жұмыс жалғасады.

Өңірде тозығы жеткен білім ұялары көп. Талай жыл бойы қордаланған бұл мәселені шешу бағытында жүйелі жоспар жасалған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, биыл 300-ден аса білім беру ұйымында жөндеу жұмысын жүргізу және мектептер салу арқылы апатты деп танылған мектептердің 60%-ның мәселесі шешіледі. Бұл ретте үнемделген қаржы есебінен де көптеген жоба жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн.

– Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен білім саласында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 22 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Құрылысқа «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы және облыстық бюджеттен жалпы қаржы қаралған. 5 мектеп 1 қыркүйекте ел игілігіне тапсырылып, оқушыларды қабылдауы керек. 200-дей білім ұйымы ағымдағы жөндеуден өтуде. Ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда. Бұл мақсатқа 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 106 мектептің жылу қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыруға 2,1 миллиард теңге бағытталды. Осы жұмыстар арқылы 300-ден аса білім беру ұйымының мәселесі шешімін табады, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.

Түркістан облысында 520 мыңға жуық оқушы білім алады. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту үшін 5200-дей жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында жобамен 52 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады. 912 мемлекеттік мектептегі бастауыш сыныбындағы 224 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Тасымалдау мәселесіне келсек, 17 мыңнан аса бала арнайы автобустармен қатынайды. Педагог кадрларды қалыптастыру жайы да маңызды. Өткен жылы облыс ұстаздары шетелдерде және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында мұғалімдер біліктілігін көтерді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, педагог білімін көтеру жөніндегі тапсырмалары орындалуда. Сонымен бірге білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да жұмыс жүргізіледі.

Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта өңірде мектеп саны 1052-ге жетті. Соның ішінде 193 мектеп пен балабақшада, 12 колледжге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 7-уі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. 5-еуі жаңа оқу жылында халықтың игілігіне тапсырылады. Қалған мектептерге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Сонымен қатар 106 білім нысанының жылу жүйесі газға ауыстырылмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin