Түркістан облысындағы әлеуметтік нысандардың құрылысы пысықталды

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы аумағындағы 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, елді мекендерде жаңадан 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт салынады. Нысандардың құрылысын биыл аяқтау көзделіп отыр.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және мердігер мекеме өкілдерімен бірге Ұлттық пилоттық жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтады. Жұмыс барысын бақылап, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма міндеттеді.

– Бұл жоба – Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасына аса ден қою қажет. Ел игілігі үшін жұмысты абыроймен атқарыңыздар. Жұмыс белгіленген кестеге сай, мерзімінде орындалу керек. Жұмыс күшін көбейтіңіздер. Ауыл азаматтарын да жұмысқа тартыңыздар. Мәселе орын алса, дер кезінде хабар беріңіздер. Біз өз тарапымыздан көмек көрсетеміз, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Жиында құрылыс компанияларының өкілдері жұмыс барысын баяндады.

2023 жылы басталған 3 фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылысы қарқынды. Қазіргі уақытта республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, 30 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, денсаулық нысандарының құрылыс сапасын бақылау үшін арнайы қоғамдық комиссия құрылып, тұрақты тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Сонымен қатар өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыс аумағындағы тозығы жеткен мектептерді ретке келтіру жұмыстары атқарылу үстінде. Биыл облыстағы 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы 7,7 миллиард теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, 5 мектеп жаңа оқу жылына қарсы пайдалануға тапсырылады. Қалған 17 мектептің жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала өкілдері және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлармен онлайн режимде білім ұяларында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысын қадағалады. Жауапты басшыларға жұмысты өндірістік кестеге сай жүргізуді, жаңа оқу жылына дайындықты күшейтуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin