Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жол—көлік оқиғасының алдын алу бағытында жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбарасы Ақәділ Сатыбалды мен аудан прокуроры Ержан Қожабеков және тиісті бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында аудан прокуроры Ержан Қожабеков соңғы уақытта аудан көлемінде жол-көлік оқиғасының жиі орын алып отырғанына тоқталды.
«Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары мен оның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының артуы, көлік қозғалысының көбеюі мен жауапсыз көлік жүргізушілері адам өміріне қауіп тудыратын жағдайларға әкеліп отыр. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайды. Ол қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады» — деді ол. Оның алдын алу бағыты бойынша тапсырмалар жүктеді. Аудандық полиция бөліміне жол ережесін сақтау талаптары бойынша тиісті шаралар ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбарасы Ақәділ Сатыбалды жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмысын ұйымдастыруды қолға алудың қажеттілігіне тоқталды. Тиісті бөлімге тапсырма беріп, жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша кешенді шаралар атқару келісілді.
Атап өтер жайт, сала мамандары максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 % кемитінін айтады. Ал мектептер мен тұрғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қажет. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 %-ға азайтатынын зерттеулер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 %-ғк дейін болдырмайды. Сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары балалардың жол-көлік оқиғасынан қаза табуын 54-80 % деңгейде болдырмайды.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларының жиілеуі қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда. Сондықтан да, барлық автокөлік жүргізушілерді жолда мұқият болып, жылдамдықты асырмай, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.
Таяуда ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбайұлының төрағалығымен ведоствоаралық жұмыс тобының отырысы өткен-ді. Жиынға ҚСжАЕК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Асқар Сапарғалиев бастаған облыстық ведомствоаралық жұмыс тобының өкілдері онлайн режимде қосылды. Күн тәртібінде жол апаты оқиғаларын төмендету бағытында Жол картасын әзірлеу жұмысы кеңінен талқыланып, жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша ұсыныстар айтылды.
Жиын барысында Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Мейіржан Джалаиров Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында 6 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 244 нысан немесе 1100,3 шақырым жолдар мен көшелер тиісті шаралармен қамтылып жатыр. Облыс аумағында жылдамдықты шектейтін 150 дана жол белгісі орнатылуда. Одан бөлек, «Жай жүріңіз!», «Жылдамдықты асырма!», «Үйде бала-шағаң күтіп отыр!» жазбалары бар 11 ескерту бильборды жаңартылды. Мектеп және балабақшалардың алдына 151 жол белгісі орнатылған.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша жалпы 893 бейнебақылау камерасы бар. Оның ішінде, 449 «Сергек» камерасы орнатылған. 2023 жылы 54 камера орнатылса, осы жылы 50 камера орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Түркістан облысы полиция департаментімен облыс аумағында 38 авариялық учаскі анықталған. Оның 13-і республикалық маңызы бар жолдарда болса, 25-і – облыстық маңызы бар жолдарда.
Жиын соңында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі.
Түркістан облысы аумағында жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғалары 68 пайызға өскен. Ал, жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандардың көрсеткіші 16%-ға төмендеп отыр.
Жол апаттары Арыс, Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Отырар аудандарында өскен.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қылмысты төмендету бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе нақты шаралар қабылдауды, осы бағытта жұмысты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент бастығының міндетін атқарушы Мұхтар Мүсіровтің айтуынша, өңірде қылмыс саны 7%-ға азайған.
Ал, ауыр қылмыстар 15,3%-ға төмендесе, аса ауыр қылмыстар 9,6%-ға өскен.
Ұрлық 38,4%-ға кеміген, тонау — 26,1%, мал ұрлығы — 46,1%, бұзақылық — 25,7%, интернет алаяқтық — 5,3%-ға азайған.
Мәжілісте кедендік бақылау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасы және басқа да маңызды мәселелер қаралды.
Жиын барысында берілген тапсырмалар, айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелер хаттамаға енгізіліп, нәтижелі жұмыстарды атқару міндеті жүктелді.
Салыстыру үшін маңызды сандарды сөйлетіп көрсек. Мәселен, Қазақстанда жыл басынан санасақ, небәрі бес айда 8 234 жол-көлік оқиғасы болып, 10 190 адам зардап шегіп, 767-сі қаза болған. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мәліметінше, халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарында 515 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 223 адам қаза тапқан.
Республикалық маңызы бар жолдарда 388 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 152 адам қаза тапқан, оның ішінде он адам 18 жасқа толмаған.
Облыстық маңызы бар жолдарда 342 жол-көлік оқиғасы болып, 80 адам мерт болған.
Ең көп жазатайым оқиғалар елді мекендерде тіркелген – 6 927. Мұнда 8 339 адам зардап шегіп, 289 адам қаза болды.
Алты айға жетпейтін уақыт ішінде елде былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда жазатайым оқиғалар 85 пайызға көп болған. ЖКО-да зардап шеккендер саны бойынша Алматы (2353 адам), Шымкент (878 адам) қалалары мен Жамбыл (1037 адам), Алматы (927 адам) және Маңғыстау (707 адам) облыстары көш басында тұр. Бұл аймақтар — жол апаттынан зардап шеккендер саны бойынша да бірінші орында. ЖКО-дағы өлім-жітімге келетін болсақ, мұнда антирейтингті Алматы (103 адам қаза тапқан), Жамбыл (78 адам қаза тапқан), Түркістан (67 адам қаза тапқан), Қарағанды (61 адам қаза тапқан) және Атырау (53 адам қаза тапқан) облыстары бастап тұр.
Еске салайық, шілденің 30-ындағы Үкімет отырысы барысында жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымының жай-күйі және жол-жөндеу жұмыстары туралы ҚР көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасаған болатын.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, биыл жалпы жол жөндеу жұмыстары 12 мың шақырымды қамтыды, оның 7 мың шақырымында жұмыс толық аяқталады. Аталған жұмыстар Алматы – Қарағанды, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және Мерке – Бурылбайтал сияқты маңызды учаскелерден тұрады. Нәтижесінде осы жолдар І және ІІ техникалық санатқа ауыстырылып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Республикалық жолдарда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында, 3 200 шақырым жол 4 жолақты қозғалысқа ауыстырылды, 5 мың шаршы метрден астам арнайы жолақтар, 630-ға жуық жарықты қамтамасыз ететін жол белгілері мен 1 230 жол буферлері орнатылған. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен көлік оқиғаларын болдырмау үшін қалалар мен елді мекендерді айналып өтетін 52 айналма жол және 32 жаяу жүргіншілер көпірі салынды», — деп мәлімдеді Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, жануарлардың жолға шығуын алдын алу үшін 1 500 шақырым қоршау мен 319 мал айдау өткелдері қамтамасыз етілген.
Жол салу талаптары қайта қаралып, қазір барлық жаңа жобаларды қайта жаңарту жұмыстары 2 кезеңге бөлінген:
бірінші, қолданыстағы жолдың жанынан жаңа жол салу;
екінші, қолданыстағы жолды жөндеу.
Екі жолдың арақашықтығы 50 метрден астам болуы тиіс. Яғни, құрылыс кезінде айналма жол салу қажеттілігі болмайды.
Құрылыс жүргізілгенге дейін жобалар бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес жол қозғалысы қауіпсіздігіне аудит жүргізіледі, бұл өз кезегінде апаттық қауіпті учаскелерді анықтауға және шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
«Көліктердің жылдамдығын бақылау бойынша да жұмыстар тұрақты атқарылуда, өткен жылы ақылы жолдардағы камералар ЕРАП жүйесімен интеграцияланды. Яғни, бұл жылдамдықты асыруы бойынша айыппұлдардың автоматты түрде салынуына байланысты жүргізушілердің жылдамдық режимін бұзу фактілерін азайтады», — деді спикер.
Марат Қарабаев жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі жылдамдық талаптарын сақтамау екенін, бұл жалпы апаттың 37%-ын құрайтынын айтты.
Бұл ретте, ақылы жолдарда орнатылған камералардың орташа жылдамдықты есептеуге мүмкіндіктері бар, мысалы Астана – Бурабай жолында көліктердің орташа жылдамдығы сағатына 140 шақырым екеніне қарамастан, 200 шақырым жылдамдықпен жүріп өткен көліктер тіркелген.
Осыған байланысты, Парламент Сенатында орташа жылдамдық талаптарын қою туралы заң жобасы қаралуда. Заң қазан айында қабылданады.
Жыл соңына дейін 5 400 шақырым жолда орташа жылдамдықты анықтайтын камералар іске қосылады. Қазіргі уақытта Бас Прокуратурамен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп орнатылатын камералардың автоматты түрде айыппұл салу тәсілдері пысықталуда.
«Көлік құралдарының техникалық жай-күйі ерекше назарға алынуда. Бүгінгі күні Қазақстан бойынша жалпы 950 техникалық байқау операторлары жұмыс істейді. Осы жылдың 6 айында 1,8 миллион көлік техникалық байқаудан өткен, ал 23 мыңнан астамы техникалық жарамсыз болып танылған. Бұл ретте, Парламент Сенатының қарауындағы Заң жобасы шеңберінде жалған техникалық байқау жұмыстарын жүргізуді болдырмау үшін техникалық байқау операторларының рұқсат қағаздарынан айыру және айыппұл мөлшерін 10 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту қарастырылған», — деп түйіндеді сөзін Көлік министрі.
Аталған шаралар техникалық байқаудан өту барысындағы заң бұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Жол-көлік оқиғалары – көлік құралдарының жолмен жүруі кезінде және оның қатысуымен пайда болған, адамдар қаза тапқан немесе жарақаттанған, көлік құралдары, құрылыстар, т.б. зақымданған не өзгедей материалдық зиян келтірілген оқиға. Жол-көлік оқиғаларының пайда болу себептері мен жағдайларын талдау және осы себептер мен жағдайларды жою үшін әр елде, аймақта, қалада жол-көлік оқиғаларының есебі жүргізіледі. Оны елдің Ішкі істер министрлігі мекемелері, автомобиль жолдарын мемлекеттік басқару органдары, даралық және жеке меншік жолдарының иелері жол-көлік оқиғаларын есепке алу ережелеріне сәйкес жүргізеді. Медицина мекемелері меншік нысанына қарамастан жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан немесе жарақаттанған адамдардың есебін жүргізеді. Жол-көлік оқиғаларының мемлекет статистика есептемесіне адамдар қаза тапқан немесе жарақаттанған жол-көлік оқиғалары ғана енгізіледі.Қазақстан Республикасының “Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы” Заңына сәйкес жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтерді жариялауға рұқсат етіледі және олар мүдделі заңды тұлғалар мен азаматтарға белгіленген тәртіппен беріледі. Қазіргі таңда қала жолдарында көліктердің саны күннен күнге артып келеді. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайды. Ол қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Жол қозғалысы оқиғаларының сандары мен фактілерінде көптеген адамдардың өмірі, тағдыры және денсаулығы тұрады. Және ең қорқыныштысы жол қозғалысы оқиғалары кезінде балалардың қаза болуы. Бұл мәселені шешудің ең негізгі мәні ең жас жаяу жүргіншілер — балаларды жол қозғалысы ережелеріне дұрыс дайындау және үйрету.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.