Шымкент: Әртістер, спортшылар мен өнер жұлдыздары да азаматтық парызын орындады

Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы республикалық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады. Өнер ұжымы Шымкент қаласындағы 231 референдум учаскесіне келіп дауыс берді.

Мемлекет үшін маңызды оқиғада азаматтық парызын орындаған әртістер өз отандастарының дауысы келешек үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

— Бүгінгі референдум барша қазақстандықтар үшін маңызды оқиға. Атом электр станциясын салу немесе салмау туралы таңдауды халықтың өзі жасап жатқанын жөн деп санаймын. Өз отандастарымды өз таңдауларын жасауға шақырамын. Себебі елдің болашағы қашан да халықтың қолында. Мен де қарапайым халықтың қатарындағы азаматпын. Менің де дауысым маңызды деп ойлаймын. Бүгін өз таңдауымды жасадым,- деді Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі Нұржан Құлшынбаев.

Айта кету керек, әртістер бұл референдумға ұлттық нақыштағы киімдермен келген. Ел алдында жүрген олар барша қазақстандықтарға дауыс берудің маңызды екенін айтты..

— Бұл үстіртін қарайтын шаруа емес. Маңызды оқиға. Өнер адамдары қашанда ел үшін жасалған қадамдарда, оқиғаларда алдыңғы шепте жүретін жандар. Сондықтан, үнсіз қалмай мемлекеттік мүдде үшін таңмен таласа келдік. Тек концерттер мен той-думандарда ғана емес, саяси шешімдер де төбе көрсеткеніміз абзал,-дейді Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі Гүлнұр Қалмырзаева.

Референдумға Шымкент қаласының мәдениет майталмандары, өнер жұлдыздары да қатысып, өз таңдауларын жасады. Атап айтқанда, елімізге танымал танымал өнер жұлдызы Астана Қарғабай №99 учаскеге келіп, өз таңдауын жасады.

-Жастар қоғамның белсенді мүшелері. Азамат ретінде бүгінгі науқанға жауапкершілікпен келдім. Бүгін қабылдаған әрбір шешіміміз болашағымызға әсер ететініне сенемін. Референдумда қоғамды жақсылыққа ұмтылуда біріктіретін маңызды шешім қабылдануда, — дейді Астана Қарғабай.

Спортшылар да өз дауысын берді. Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл №38 референдум учаскесінде дауыс берді. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері еліміздегі аса маңызды шешімдер халықтың пікірін ескеріп барып қабылданатынын атап өтті.

-Бүгін — еліміз үшін маңызды күн. Ел тұрғындары, жастар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы қуат көздерін жаңарту уақыт күттірмейді. Әлеуметтік мекемелер, көшелерді жарықтандыруға жылдан-жылға қажеттілік артып келеді. АЭС салу бойынша референдумде келешек ұрпақ үшін таңдау жасап, дауыс бердім. Қазіргі уақытта бізге ең керегі — елдің бірлігі мен ынтымағы. Баршамыз осы құндылықтарымызды сақтай алсақ, алынбайтын қамал жоқ, — деді Ж.Жаппарқұл.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы дауыс беру учаскелерінде таңдау жасауға барлық жағдай жасалынған. Тіпті, кей учаскелерде дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар таратылды.

Сондай учаскенің бірі №290 референдум учаскесі. Онда 18 жасқа толып, алғаш дауыс беруге келген жасқа және отбасымен келген тұрғындарға сыйлық үлестірілді.

Шалғай ауданда орналасқан дауыс беру учаскесіне 2686 адам тіркелген. Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin