Түркістан облысы әкімінің қолдауымен инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 ғимарат пайдалануға берілген.
Жалпы, өндірістік парктің құны 13 миллиард теңгені құрайды және оның құрылысы аяқталғанда жаңа зауыттар салынады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аумаққа барып, құрылыс жұмыстарын қадағалады. Мердігер мен жауапты басқарма басшысына және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасына тиісті тапсырмалар берді.
– Өндірістік парктегі ғимараттар уақтылы тапсырылсын. Алдымен тұрмыстық техника, электроника өнімдерін шығаратын зауыттардың ғимараттарын жедел аяқтап, жобаларды бастау керек. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратқа жаңа жобалар іздеп, келісімшарт жасай берген жөн. Ізденіңіздер, инвесторлармен жүйелі жұмысты жалғастырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы, өндірістік парк 100 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 151 ғимарат салу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Аталған жоба 3 кезеңмен жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде 30 гектар жерде инвестиция көлемі 154,8 миллиард теңгені құрайтын 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 24,7 мың шаршы метрі қолданысқа берілді. Сонымен қатар 8 жоба іске асырылып, 36,5 миллиард теңге инвестиция тартылған және 712 жаңа жұмыс орны құрылуда.
Қазіргі уақытта өндірістік паркте «BNK Group» ЖШС-нің (инвестиция құны — 14,1 миллиард теңге, 140 жаңа жұмыс орны) су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорны, «Aqniet Holding» ЖШС (инвестиция құны — 5,9 миллиард теңге, 75 жаңа жұмыс орны) мектепке арналған жиһаздарды өндіретін кәсіпорны, украиналық «UBC Group» компаниясы (инвестиция құны — 10 миллиард теңге, 160 жаңа жұмыс орны) өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін және өзге де кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.
2024 жылдың соңына дейін 13 ғимаратты және 2025 жылдың бірінші тоқсанында 16 ғимаратты іске қосу жоспарланған.
Екінші кезеңде 2025-2026 жылдары 70 гектар аумақта 112 ғимарат соғу межеленген.
Үшінші кезеңде, яғни, 2025 жылы 14 ғимаратты іске қосу жоспарланған (инвестиция құны — 35,1 миллиард теңге). Кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындары ұсынылып, осы арқылы жұмыс орындарын көбейту көзделіп отыр.
Иә, қазіргі таңда шағын және орта бизнес экономикалық даму мен жұмыспен қамтуға ықпал ететін негізгі күшке айналған. Мәселен, Ұлттық статистика бюросы ұсынған 2024 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес, Түркістан облысының жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 208,7 мың бірлікті немесе 2023 жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштің 97,8%-ын құрады.
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі Астана (240 212 бірлік) және Алматы (361 148 бірлік) қалаларынан кейін Түркістан өңірінде шоғырланған. Кәсіпкерлердің саны жыл басынан бері 2 мыңға артып, бүгінгі таңда 208,7 мыңды құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік секторында 287 мың адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі сенімді өсім көрсетуде. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,3%-ға артып, 916 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін өнім көлемін 2 триллион теңгеге жеткізу жоспарда бар.
Айта кетерлік жайт, кәсіпорындар табысының артуына мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары тиімді ықпалын көрсетуде. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарлама» арқылы осы жылдың 9 айында бизнес субъектілері 48,8 миллиард теңгеге жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етілді.
Жалпы, бүгінгі таңда кәсіпкерлер үшін мемлекеттің қолдау зор. Орайы келгенде, микро, шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау хақында мағлұмат бере кеткенді жөн көріп отырмыз.
Айталық, «Даму» қоры ісін жаңа бастаған және бизнесі бұрыннан бар кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар арқылы жеңілдікпен қаржыландырады; несиенің пайызын азайтып, субсидиялайды; кепілмүлік жетпеген жағдайда банк алдында кепілдік береді; арнайы платформада қашықтан оқыту арқылы кәсіпкерлердің білімін ұштайды.
Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бұл аталған қолдау түрлерін пайдалану шарттарын білу үшін «Даму» қорының өз өңіріңіздегі филиалына келу керек. Қордың филиалдары барлық облыста, ірі қалаларда бар. Клиенттермен жұмыс істейтін арнайы менеджер кәсіпкерлерге Қор қызметі, бағдарламалары жайлы ақпарат беріп, мемлекеттік қолдау түрлері жайлы түсіндіруге дайын.
Өз өңіріңіздегі филиалдың мекенжайын «damu.kz» сайтының бас бетінен немесе «Инстаграмдағы» актуал бөлімнен таба аласыз. Егер барар жеріңіз тым қашық болып көрінсе, 1408 қысқа нөмірі арқылы колл-орталыққа хабарласып та мағлұмат алуға мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ, «damu.kz» сайтында Қор жайлы, Қор жүзеге асыратын барлық бағдарламалар бар, шарттары толық жазылған. Оқып, өз бетінше танысуға да болады. Немесе Түркістан қаласы, Жаңа қала шағынауданы. 28-көше, №5 ғимарат мекенжайы бойынша кеңес алуға болады.
Бұдан бөлек кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлерге Қордың «Даму-Оптима» бағдарламасы аясында кепілдік алуға мүмкіндік бар.
Бағдарлама шарты бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін несиенің ең жоғары сомасы 30 миллион теңгеге дейін, бизнесі бұрыннан барлар үшін 500 миллион теңгеге дейін. Олар инвестиция, айналым қаражатын толықтыру немесе несие мерзімінен аспайтын мерзімге қайта қаржыландыру үшін Қордың кепілдігімен несие алуға өтінім бере алады. Бұл ретте кепілдік сомасы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін несие сомасының 85%-ына дейін және кәсібін тіркегеніне үш жылдан көп уақыт өткендер үшін несие сомасының 50%-ына дейін.
Қазір Қазақстанның барлық өңірлеріндегі екінші деңгейлі банктер Қордың кепілдігімен жұмыс істеуде. Бұл бағдарлама бойынша кепілдік алу үшін кәсіпкерлер онлайн режимде Bgov.kz, online.damu.kz порталында немесе «Даму» қорының филиалдарында өтініш бере алады.
Осы ретте әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау туралы да ақпарат берсек.
Егер сіз қоғамдық мәселені шешетін немесе оның салдарын жеңілдететін әлеуметтік салада кәсіпкерлікпен айналыссаңыз, жобаңызды дамыту үшін мемлекеттен қолдау ала аласыз.
Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне кірген шағын және орта бизнес субъектілері «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Даму» қорынан несиесіне субсидия ала алады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламасының шарттары:
Несиенің ең жоғары сомасы: инвестицияға 1,5 миллиард теңгеге дейін, АҚТ – 500 миллион теңгеге дейін.
Субсидия мерзімі: инвестицияға — 5 жылға дейін, АҚТ-ға — 3 жылға дейін.
Сыйақы мөлшерлемесі: ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесіне + 5%, оның 7%-ын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды.
Қарыз мақсаты: инвестиция, айналым қаражатын толықтыру, қайта қаржыландыру.
Әлеуметтік бизнесті қолдау бағдарламасының шарттары туралы толығырақ «damu.kz» сайтынан білуге болады.
Айтпақшы, «Даму» қорының барлық бағдарламалары тегін және мемлекеттік қолдау құралдары үшін комиссия алынбайтынын еске салайық. «Даму» қоры сырттағы консультанттармен және делдалдармен жұмыс істемейді.
Жеңілдікпен несиеге оң шешім шығару, субсидия немесе кепілдік алу, оның ішінде микронесие бойынша ақылы қызметтер жайлы ұсыныстар – алдау және жолдан тайдыру. Бұл кәсіпкерлерді шатастырып, мемлекеттік қолдау шараларына деген елдің сенімін жояды.
1408 нөмірі бойынша «Даму» қорының колл-орталығына тегін қоңырау шалып немесе мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын екінші деңгейлі банктердің және микроқаржы ұйымдарының колл-орталықтарына хабарласып, сенімді ақпарат алуға болады.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі сапары барысында өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралап көрген-ді.
«Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды» деген мәліметтерге сол тұста қаныққанбыз.
Мемлекет басшысы ең алдымен көкөніс сақтау қоймасымен танысты. Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шардара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары таныстырылды. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Аqniet Holding» өнімдерін көрді. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады.
Бұдан кейін Президент тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндіріс алаңына барды. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық UBC Group холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK TURKISTAN» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 миллиард теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Turan Su» мекемесінің қызметімен танысты. 2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.
Президентке қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co.Ltd» компаниясымен өңірде мақтаның элиталық сұрыптарын өсіру және тоқыма кластерін құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқаны баяндалды.
Бұдан бөлек, ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр станцияларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына бойлерлер, трансформаторлар мен электр техникасы жабдықтарын, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылыс материалдары мен химиялық заттар өндіретін, жүгеріні терең өңдейтін, сусын, киім-кешек, аяқ киім, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорындар таныстырылды.
Түйіндей айтқанда, ерекше атап өтер жайт, Түркістан облысында алғаш рет «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда.
– Әлемдегі экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттердің тарихына қарасаңыз, өркениетке жету жолы өндірістен басталған. Егер біз де салаға серпін беретін заманауи кәсіпорындарды құра алсақ, экономикалық тәуелсіздікті де бекіте түсеміз. Ең бастысы сол зауыт пен фабрикада еңбек ететін елдің санасы өзгеріп, еңсесі тіктеліп, отандық тауар айналымының үлесі артады. Сондықтан біз облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын ашқанымызды ерекше атап өткім келеді. Жоба аясында 308 миллиард теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады. 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бюджетке жылына 2 миллиард теңге салық түседі. Қазір 10 нысан салынып, 8 кәсіпорын ашылып, 712 жұмыс орны құрылып үлгерді, – дейді Дархан Сатыбалды.
Аталған аумақта жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығаратын кәсіпорындар ашылды. Жиһаз, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді. Бұрын тек шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары бүгінде Түркістанда шығарылуда. Өндірістік паркте ашылған компаниялардың су үнемдеу технологиялары еліміздің өзге өңірлеріне де сатылып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.