Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесін шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Осы айдың басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданында бой көтеріп жатқан жайлы мектептердің жай-күйімен танысты. Жауапты басшыларға, мердігерге нақты тапсырмалар берді.
– «Жайлы мектеп» жобасы – Президентіміздің тікелей қолдауымен және тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Құрылыс материалдары, оқу құралдары, парталар мен жиһаздары түгел талапқа сай болуы тиіс. Жергілікті өндірушілердің өнімдері қолданылуы қажет. Жұмысты жылдамдатыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар түйткіл бойынша сын-ескертпелерін айтты. Олар бақылауға алынады.
Сарыағаш қаласы, «Телемұнара» шағынауданында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысы биыл сәуірде басталған. Оның конкурстық құны – 5,1 миллиард теңге. Мердігер – «АРТ-Құрылыс» ЖШС. Бүгінде 900 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында 45 адам жұмыс істеп жатыр. Қазір нысанның шатырын жабу жұмыстары атқарылуда. Ғимараттың ішкі сылақ жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары басталған. Ішкі электр, жылу, ауыз су, ішкі желдету жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Еденнің бетон құю жұмыстары аяқталған. Нысанның 1, 2, 3-ші қабаттарының терезелері орнатылған.
Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданының Дербісек ауылдық округіндегі 900 орындық мектептің де құрылысын қадағалады. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы бой көтерген білім ұясының құрылыс нысанында 155 адам жұмыс істеуде. Бүгінде нысанның ішкі әрлеу, сантехникалық және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанның 1-ші қабатының сыныптарына жарықшамдары орнатылуда, сыртқы фасад, ішкі бояу, едендеріне линолиум төсеу, сыртқы қоршауын орнату жұмыстары қарқынды. Мектептің шатырын жабу жұмыстары толығымен аяқталып, сыртқы абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Балалар ойын алаңшасы салынуда. Нысанды осы жылдың соңына тапсыру жоспарланып отыр.
Облыс әкімі бұл ғимаратты да аралап көріп, мердігермен пікір алмасты. Жауаптыларға анықталған кемшіліктерді реттеу, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, нысанды уақтылы тапсыру жөнінде тапсырма берді. Жергілікті әкімдік пен басқарма басшыларына инфрақұрылымға қатысты мәселелер туындамауы керек екенін ескерттті. Мектептердің құрылысы қатаң бақылауда болады.
Ал осы тұста іргелес Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Көгерту елді мекенінде 300 орындық мектеп пайдалануға тапсырылды. Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе білім сапасын жақсарту, ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсетуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде білім саласында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп және облыстық бюджет және арнайы қордың қаржы көздерінен 21 мектеп салынуда. Бұл 50 мектеп пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілетін болады. Бұдан бөлек, алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп есептеймін. Біз оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Бүгінгі ашылғалы отырған жаңа мектебіміз көршілес жатқан ауылдарда тасымал арқылы білім алып жүрген оқушыларымыздың мәселесін шешеді. Осы жаңа мектептің табалдырығын аттағалы отырған оқушыларымыз үздік оқып, ел үмітін ақтап, отаншыл азаматтар болатынына сенемін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.
Нысан Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында бастаған. Жалпы жер көлемі 1,96 гектарды құрайды. Жоба құны – 1,9 миллиард теңге. Бұл мектепте Көгерту ауылында және осы елді мекеніне жақын орналасқан ауылдарда тұратын оқушылар білім алады.
Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 мектепте 33 669 оқушы білім алуда. Аудан бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 5 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп пен жергілікті бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінің екі ауылында жыл соңына дейін қос жаңа мектеп пайдалануға беру межеленген болатын. Атап айтқанда, Ғ.Мұратбаев елді мекенінде 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы мен Көгерту елді мекенінде 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды.
Аудан әкімімен өткен кездесуде бұған дейін жергілікті тұрғындар Бозсу, Құйған, Қияжол елді мекендеріне баратын ағын су каналын механикалық тазартудан өткізу мәселесін көтерген болатын. Нәтижесінде «Келес аудандық су шаруашылығы» мекемесі тарапынан Таубай каналының 3 шақырымы тамыз айында механикалық тазалаудан өткізілді. Сонымен қатар, Ынтымақ елді мекеніндегі Р-28 каналындағы Ақболат және Найман шлюздарының құрылысы аяқталып, бүгінгі таңда қолданысқа берілді.
Қыркүйектің бас жағында Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында типтік үлгідегі жаңа «Болашақ ұрпақ» мектебінің де ашылу салтанаты өтті. Білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары және ел ағалары арнайы қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады.
«Болашақ ұрпақ» мектебінде оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған. 242 орындық білім ұясында заман талабына сай жабдықталған пән кабинеттері, асхана, спорт зал, кітапхана бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін ғимарат бейнебақылау камераларымен толық қамтылған. Сонымен қатар мектептен 4 бағытта 4 автобус қатынайды.
Ал 25 қазан – Республика күні мерекесінде Түркістан қаласында жалпы білім беретін 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. №35 мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ұстаздарды, оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.
– Алдымен баршаңызды Республика күні мерекесімен құттықтаймын. Еліміздің еңсесі биік, мемлекетіміздің абыройы асқақ болсын! Бүгін осы мереке құрметіне Түркістан қаласында жаңа мектеп ашылуда. Тұрғындардың өтініштері орындалып, өзекті мәселе шешімін тапты. Енді осында білім алатын балаларымыз елдің мықты азаматтарына айналып, мемлекетті дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұған дейін Баянауыл елді мекенінде мектеп болмағандықтан осы аумақтағы оқушылар №17, №21, №27 мектептерге қатынап оқыған болатын. Енді ол мәселе шешімін тапты. Облыс орталығындағы білім ұясының құрылысы 2023 жылы басталып, биыл аяқталды. Жаңа мектепке аталған білім ұяларынан ұстаздар мен оқушылар ауысады деп күтілуде. Сонымен қатар ата-аналар көрші ауылдардағы балаларын да осы мектепке оқытуға ниетті. Мөлтек ауданданың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар.
Оқушыларға есігі айқара ашылған жаңа №35 жалпы орта мектебі оқу кабинеттері мен құралдарымен қамтылған. Білім алуға толық жағдай жасалған.
Түркістан қаласында 4 мектептің құрылысы жүргізілді. Осыған дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған 1 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жоба аясында салынып жатқан тағы 2 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы орта білім беру мектептерінің саны 1055 болса, ондағы оқушылар саны 519 мыңнан асты. Екі жыл көлемінде облыста 50 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.
Арыс қаласына қарасты Онтам ауылында жеке инвестор есебінен 150 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұған дейін ауыл оқушылары көрші ауылдарға қатынап оқитын. Енді Онтамдық балалар заманауи білім ордасында білім алады.
Мектептің ашылу салтанатына қала әкімі, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов пен ардагерлер кеңесі төрағасы Тәңірберген Әсіл мен ардагерлер, ата-аналар және тұрғындар қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі жаңа мектептің ауылға тек білім беріп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік дамуына да серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ, мектеп салып, ауылды дамытуға өз үлесін қосқан жеке инвесторға алғысын білдірді.
Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Онда кең әрі жарық оқу кабинеттері, спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, пәндік сыныптар, асхана мен демалыс аймақтары қарастырылған. Мектептің қауіпсіздігі де ерекше назарға алынып, бейнебақылау камералары мен өрт қауіпсіздік жүйесі орнатылған. Оқушылардың демалыс және спортпен айналысуы үшін ашық спорт алаңдары да бар.
Сонымен қатар Төлеби ауданында да «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүзеге асуда. Атап айтсақ, Алатау ауылдық округі, Қосағаш елді мекенінде 300 орындық, Көксәйек ауылдық округі Көксәйек елді мекенінде 600 орындық, Киелітас ауылдық округі Достық елді мекенінде 900 орындық мектеп ғимараттары.
Бүгінде үш «Жайлы мектептің» сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев үш білім ошағын аралап, мердігер мекеме өкілдеріне жолығып, атқарылып жатқан жұмыс барысын қадағалады.
Қосағаш елді мекеніндегі 300 орындық мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысын «Содбис Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде білім беру мекемесіне электр жүйесін, ауыз су құбырын, газ құбырын, сымтетік желісін тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Сондай-ақ Достық елді мекеніндегі 900 орындық мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы тартылып, жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме: «Construction Group SAMRUK» ЖШС. Көксәйек елді мекеніндегі 600 орындық мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы да қарқынды жүзеге асуда.
Аудан әкімінің орынбасары Ленгір қаласы, І мөлтек ауданы, Қапал батыр көшесі бойындағы 5 қабатты көппәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына назар аударды.
Аудандағы құрылыс алаңдарында қарбалас тірлік. Мердігер мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарын кестеде көрсетілген мерзімде аяқтауды тапсырған аудан әкімінің орынбасары халық көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп, оқушылар жаңа білім ошағында білім алу қажеттігін ескертті.
Осы ретте Төлеби ауданының жаңа әкімі Еркеғали Әлімқұлов жұмысын ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысудан бастағанын да атап өтейік. Тұрғындардың жиі көтеріп жүрген баспана мәселесіне назар аударып, ең бірінші, іссапармен Леңгір қаласы Үміт көшесіндегі 5 қабатты 120 пәтерлі 2 тұрғын үй алаңына арнайы барды.
Бұл көпқабатты екі тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы отбасылары, бюджеттік мекеме қызметкерлері үшін салынуда.
Аудан басшысы Еркеғали Амантайұлы мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесіп, нысанның құрылысымен танысты.
Азаматтарды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатындағы 5 қабатты 2 тұрғын үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Заманауи тұрғын үй нысанын жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстары сапалы жүргізіліп, көрсетілген мерзімде аяқталып, ел игілігіне пайдалану берілу қажеттігін ескертті. Жауаптыларға сапасы мен жұмыс қарқынын қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Леңгір қаласы Қапал батыр көшесі бойында 5 қабатты 3 үйдің құрылысы басталған. «Vek Stroy Com» ЖШС мердігер мекемесі 60 пәтерлі және 48 пәтерлі, мердігер мекеме: «МОЛШЫЛЫҚ» ЖШС-і 48 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.