
Ауданда тұрғындарды газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бүгін Шұбар ауыл округіне қарасты Тоқсансай, Береке, Сарытоғай ауылдарында «көгілдір отын» беру рәсімі өтті.
Ауыл жұртын қуантқан салтанатты рәсімге аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш арнайы барып тұрғындарды құттықтады.
Аудан басшысы Азат Оралбаев жұртшылықты құттықтай отырып, осы нәтижелі жұмыстың жүзеге асуына облыс басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттарының үлкен қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті.
Облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш бұл игілікті істің мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылып отырғанын айтып, ауыл халқына ақжарма лебізін арнады.
Өз кезегінде ауыл жұрты бұл игілікке зор ризашылығын білдіріп, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.
Айта кетсек, аудан бойынша 25 елдімекенді газбен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 2021 жылы тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталып, газ нысандарының құрылысы барысында түрлі себептермен біршама өзекті мәселелер туындап, жұмысты аяқтау кешеуілдеп қалған болатын.
Соңғы 2 жыл ішінде аудан әкімі Азат Оралбаевтың үйлестіруі мен бақылауының нәтижесінде аудан тұрғындарын толық табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылды.
Нәтижесінде қазіргі таңда аудан бойынша 57 елдімекеннің 36-сы табиғи газға қосылып, жалпы көрсеткіш 2 жылдың ішінде 15,7 пайыздан 63,1 пайызға өсіп отыр.
Келесі кезекте Шұбарсу ауылын газбен қамту міндеті тұр. Биыл ауылға газ жеткізуші құбырдың құрылысына бастапқы қаржы қаралып, жұмыстар басталады.
Одан бөлек, басқа да елдімекендерде тиісті жұмыстар атқарылып, 2 жыл көлемінде аудан толық газбен қамтылады деп күтіліп отыр.
Ендігі кезекте табиғи газ қосылған ауыл тұрғындары өз үйлеріне газ қосу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Аудан басшысы ауыл округтерінің әкімдіктеріне бұл жұмыстарға тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.