2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Түркістан қаласында заманауи ипподром салынып жатыр

Тарихи шаһарда жалпы аумағы 99 гектарды құрайтын заманауи үлгідегі жаңа ипподром құрылысы жүріп жатыр.

Бәйге жолының ұзындығы 4 шақырымға жуық. Көпфункционалды кешен 1500 орындық ашық трибунамен, 120 орындық жабық манежбен, 100 жылқыға арналған атқоралармен және жаттығу алаңдарымен қамтылатын болады. Ат спортын тамашалауға келген көрермендерге де қолайлы жағдай жасалмақ. Заманауи кешен құрылысы 2026 жылдың қаңтар айына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Нысан құрылысымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы барып, жұмыс қарқынымен танысты. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, кешеннің уақытылы аяқталып, заманауи үлгіде, стандарттарға сай салынуын назарға алуды тапсырды.

Құрылыс демекші, Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ондағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарының қарқынымен танысты.

Қала басшысы Әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болып, сапасы мен уақытылы тапсырылуын қадағалады. Нысандарды 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Кешенде 11 үйдің құрылысы жалғасуда. Олардың төртеуі жаз айларында, қалған жетеуі жыл соңына дейін беріледі деп жоспарланған. Жалпы тұрғын үй кезегінде тұрған 1000-ға жуық мұқтаж отбасына беріледі.

Қаладағы құрылысы жүріп жатқан тағы бір үлкен жобалардың бірі – көпфункционалды кешен – ипподром. Ипподром аумағында 1500 орындық ашық трибуна, 120 орындық жабық манеж, жаттығу алаңдары, 100 жылқыға арналған атқоралар, Ветеринарлық блок, Левадалар, Поддок, жазғы денниктер, шөп қоймасы, суару үшін бірінші және екінші көтерілімді сорғылармен жабдықталған ұңғымалар сынды арнайы орындар қамтылатын болады.

Сонымен қатар, Отырар шағын ауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жоба жалпы 11,4 гектар аумақты қамтиды. 800 пәтерден тұратын тұрғын үйлердің құрылысын «Project Building» ЖШС жобалаған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған.

Қаладағы тағы бір маңызды нысандардың бірі — әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан мешіт. Мешіттің құрылыс алаңы 4,2 гектарды құрайды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, сырлау, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, қала әкімі маңызды нысандардың бірі – Мәдениет үйінің құрылысын аралады. Бұл нысан тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру мақсатында салынуда. Жоба бойынша Мәдениет үйінде 500 орындық көрермен залы, көрме және хореография залдары, үйірме бөлмелері қарастырылған. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы құрылымы толық аяқталып, ішкі әрлеу және инженерлік желілерді орнату жұмыстары жүргізілуде.

«Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгін осы бағытта атқарылып жатқан маңызды құрылыс және инфрақұрылымдық нысандарды араладым.

Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы, мәдениет пен руханиятқа арналған кешендер, қоғамдық инфрақұрылымдар. Нысандардағы құрылыс жұмыстарының сапасы, уақытында аяқталуы, жұмысшыларымыздың қауіпсіздігі және абаттандыру барысын қарадық.

Қазіргі таңда қаламызда ірі тұрғын үй кешендері бой көтеріп келеді. Бұл жобалар мыңдаған азаматты баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыс сапасы, құрылыс материалдарының стандарттарға сәйкестігі, еңбек қауіпсіздігі, алға ілгерілеу – үнемі бақылауда.

Сонымен қатар, мәдениет пен рухани құндылықтарды дамытуға бағытталған нысандардың да құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәдениет үйі мен әкімшілік-іскерлік орталықтағы жаңа мешіттің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс алаңдарында еңбек етіп жатқан жұмысшылармен де жүздесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдадым.

Біз үшін әрбір құрылыс нысаны – бұл тек ғимарат емес, ол – қала келбетінің жаңа беттері, тұрғындарымыздың болашағына салынған инвестиция. Сондықтан, барлық жоба жоғары сапада, уақтылы және тиімді жүзеге асырылуы тиіс» — дейді қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы.

Еске салайық, бүгін сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен облыс орталығының сәулеті жөніндегі кеңесте өңірде құрылысы жүретін нысандардың сәулеттік жобалары талқыланды. Әкімге облыс орталығында жүзеге асатын бастамалар таныстырылды.

Өңір басшысы қолға алынатын жобалалардың сапалы, халыққа жайлы, Түркістан қаласының Бас жоспары мен Дизайн кодына сай жүзеге асырылуын қатаң қадағалауды тапсырды. Барлық жобалалар дер кезінде аяқталып, ел игілігіне тапсырылуы тиіс.

Бас жоспарға шаһардың 2040 жылға дейінгі даму перспективасы енгізілген. Құжатта тарихи орындар мен ескерткіштерді сақтауға, қаланың инфрақұрылымын әрі қарай жақсартып, туризм саласын дамытуға басымдық берілген.

Түркістан қаласының Дизайн кодында сәулет және қала құрылысына қойылатын негізгі талаптар мен ережелер қамтылған. Басты мақсат – шаһардың мәдени мұрасын сақтай отырып, сәулет-көркемдік тұрғыда бірыңғай стиль қалыптастыру және қолайлы қалалық орта құру.

Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте облыс орталығында салынатын жаңа көпқабатты тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың жобалалары таныстырылды. Бірқатар жобалар мақұлданып, кейбір жобалаларға толықтырулар енгізілді. Құрылыспен бірге көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі салаға жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You