2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Түркістан қаласындағы теміржол вокзалы маңында жолаушылар көпірлері салынып жатыр

Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанда құрылысы жүріп жатқан нысандардың жай-күйіне кезекті рет шолу жасап, жауапты басшылардың есептері мен ұсыныстарын тыңдады.

Өңір басшысына Қабанбай батыр ескерткіші аумағын ретке келтіружобасы таныстырылды. Жоспар бойынша осы аумақта шахмат алаңы, аяқжол, орындықтар мен урналар, қоршау орнату көзделген. Сонымен бірге көгалдандыру жұмыстары күшейтілмек.

Түркістан бүгінде ірі туристік орталыққа айналып келеді. Сондықтан теміржол бойында да тұрғындарға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте Түркістан теміржолы бойында екі жолаушылар көпірі салынып жатыр. Облыс әкімі солардың бірінде болып, құрылыстың сапасын бақылалды. Мердігер мен техникалық қадағалаушыға сын-ескертпе айтып, жұмыс сапасын жақсартуды тапсырды.

Жауапты басшыларға осы құрылысты қадағалап, талапқа сай етуді міндеттеді. Аталған көпірлердің біреуінің ұзындығы 117 метр болса, екіншісінің ұзындығы 46 метр болады деп жоспарланған. Құрылысты биыл аяқтап, нысанды ел игілігіне тапсыру көзделіп отыр. Қаржысы бөлінген.

Теміржол демекші, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет Түркістан облысындағы тозығы жеткен теміржол вокзалдары жөндеуден өтпек. Нақтырақ айтқанда, «Түркістан», «Манкент», «Түлкібас», «Сарыағаш», «Темір», «Арыс-2» теміржол вокзалдарына реконструкциялау жұмыстарын жүргізу жопарланып отыр. Аталған вокзалдардың эскиз жобасы мен алдағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалағымен өткен кеңесте талқыланды.

Жобалармен танысқан облыс әкімі тарихи нысандардың үлгісін сақтай отырып, жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек екенін айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма міндеттеді.

– Бұл теміржол вокзалдары – ғасырлық тарихи нысандар. Мүмкіндігінше, тарихи архитектурасын сақтай отырып, жаңартқан жөн. Барлық ғимараттар бір типті болсын. Өндірістік кесте жасап, құрылыс мерзімін нақтылайық. Құрылыс жұмыстарына сапалы материалдарды қолданыңыздар. Аудан, қала әкімдеріне құжаттандыру жұмыстарын жүргізуге 10 күн уақыт беремін, – деді Нұралхан Көшеров.

Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев облыстағы теміржол вокзалдарын реконструкциялау бойынша баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикадағы 125 теміржол вокзалына реконструкциялау жұмыстары жүргізілмек. Соның ішінде, Түркістан облысы көлемінде 6 теміржол вокзалы ұсынылды. Бүгінде «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» және «Сарыағаш» теміржол вокзалдарының қызметі уақытша ғимаратқа ауыстырылып, демонтаж жұмыстарын жүргізу үшін аумағы қоршалды.

Қазіргі таңда мердігер мекемелер анықталды. Атап айтқанда, «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» теміржол вокзалдарындағы жұмыстарды «Kanfar Building» ЖШС қолға алса, «Сарыағаш» және «Темір» теміржол вокзалдарындағы жұмыстарды «BOLD Construction Group» ЖШС жүргізетін болады. Ал, «Түркістан» теміржол вокзалы тарихи және мәдени ескерткіш болғандықтан, ғылыми-реставрациялық және авторлық қадағалау жұмыстарын «Казреставрация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқармақ.

«Конструктор-80» ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Асанов эскиз жобаларын ұсынып, ғимараттар мен құрылыстардың тірек конструкцияларының сенімділігі мен тұрақтылығына зерттеу жүргізілгендігін мәлімдеді. Бүгінде облыстағы 5 теміржол вокзалына реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Жолаушылар мен жүк тасымалын қамтамасыз ететін маңызды көлік нысанын жаңғырту жолаушыларға жайлы жағдай жасауға ғана емес, туризм секторын дамытуға да оң әсерін тигізбек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You