Түркістан облысының әкімі Қытайға сапары барысында заманауи капсулалы үйлер салуды келісті

Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа бірегей инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Облыс әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік компанияларының бірі «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында өзара тиімді серіктестік орнады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы Қытай Халық Республикасындағы Линьи қаласына сапар жасап, «Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен, өндірістік қуатымен және инновациялық шешімдерімен танысты. Қазіргі уақытта бұл зауыт «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығаруда. Енді осы технологиялар Түркістанда өндірілетін болады.

Былтыр желтоқсанда Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған ресми сапары аясында басталған келіссөздер нәтижесінде тараптар бірлескен өндірісті ұйымдастыруға уағдаласты. 2025 жылдың қаңтарында қытайлық серіктестер Түркістан облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Қазіргі таңда «BNK GROUP LTD» ЖШС мен «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында капсулалы үйлерді Түркістанда жинау және өндіру бойынша келісім жасалып, алғашқы үйлер дайындалды. Олар жақын арада өңірдегі «KHAN TAU» демалыс аймағына жөнелтіледі.

Капсулалы үй – бұл жаңа буындағы модульдік құрылыс үлгісі. «Shandong Kamoya» компаниясының «Camoya ғарыш капсуласы» жоғары санаттағы кемпингтерге, қонақүйлерге және глэмпингке арналған заманауи шешім ретінде әзірленген. Ол кемпер, мини-қонақүй және модульдік үйдің функцияларын біріктіреді. Мұндай үйлерге жер телімін рәсімдеудің қажеті жоқ, құрылыс экологиялық таза және энергия үнемдейтін принциптерге негізделген. Капсула ішкі жабдықтарына келсек, панорамалық терезелер, жатын және тұрғын аймақтар, толыққанды ас үй мен санитарлық тораппен қамтылған. Сонымен бірге «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа жабдықтары және тағы басқа жаюдықтармен жабдықталған. Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. 50 жылға дейін қызмет етуге жарамды.

– Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту бағытында мұндай технологиялардың маңызы зор. Біз сіздермен нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Осы арқылы өңірдің өндірістік, туристік, инфрақұрылымдық әлеуетін көтеруге күш саламыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Кездесу соңында делегация өкілдері компания басшылығына жылы қабылдауы мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.

Шаньдун Қытайдың солтүстік-шығысындағы тарихи және экономикалық әлеуеті зор аймақ саналады. 2023 жылғы көрсеткіш бойынша өңірдің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 9 триллион юаньнан асып (1,3 триллион АҚШ доллары), ел бойынша алғашқы үштікке енді. Бұл өңірдің ғылым, экспорт, өндіріс, көлік инфрақұрылымы салаларындағы қарқынды дамығанын көрсетеді.

Үй демекші, Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен құрылыс сапасын қадағалау жұмысы күшейтілген. Әрбір нысан бақылауға алынған. Құрылыс сапасына қатысты кезекті жиын облыс орталығында өтті. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мердігерлермен кездесті. Көпқабатты тұрғын үйлердің өзекті мәселелері талқыланған кездесуге құрылыс, сәулет және құрылыс сапасын бақылау мамандары, сондай-ақ қала аумағында жұмыс атқарып жатқан бірқатар мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар мен аралау барысында анықталған кемшіліктер бойынша тұрғын үй құрылысы сапасына қатысты сын-ескертпелер айтылды. Атап айтқанда, «Дос и К сервис» ЖШС, «Ақ Нұр-строй» ЖШС, «Азим строй» ЖШС, «Саха — 2005» ЖШС, «Талап строй» ЖШС және «Ару — ТАМ» ЖШС сынды мердігер ұйымдардың нысандарына қатысты тиісті ұсыныстар беріліп, жауапты мамандар пікір алмасты.

Жақын арада мердігер мекемелер тарапынан пайдаланудағы тұрғын үйлердің кемшіліктері толық ретке келтіріліп, сапасын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында 420 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғындар тарапынан түскен әрбір арыз-шағым жергілікті әкімдіктің жіті назарында тұр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You