
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби аудандарына барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын қадағалады.
Аппарат басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты нақты тапсырмалар берді. Іссапар барысында Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысын бақылады. Ауданда жоба аясында биыл 900 орындық және 300 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Заман талабына сай бой көтеріп жатқан нысандарды осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Ондағы құрылыс жұмыстарымен қаныққан аппарат басшысы құрылысты қарқындатуды тапсырды.
Одан соң аппарат басшысы аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан 3 қабатты 2 тұрғын үйдің кешенімен танысты. Қазір онда 48 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Сарыағаш қаласында бой көтеріп жатқан Жаңа буынды дамыту орталығының құрылыс барысы да назардан тыс қалмады. Апарат басшысы оңалту орталығының құрылыс жұмыстарын бақылап, мердігер мекеме өкіліне жұмыстарды белгіленген кестеге сай әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Қазіргі таңда үш қабатты оңалту орталығының ғимаратына ішкі әрлеу, жедел сату орнату,сыртқы абттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысындағы елді мекендер арасында өткен «Үлгілі ауыл» байқауында ІІ орынды иеленген Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет елді мекенінде салынған жаңа ашық спорт және балалар ойын алаңшасы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанмен құттықтады. Ауыл тұрғындары алғыстарын білдіріп, балалар жаңа ойын алаңшасында алғашқы ойындарын өткізіп үлгерді.
– Тәуелсіз Отанымыздың тұғырлы, ғұмырлы болуы – жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған алаңша спортты сүйетін қалың жұртшылықтың, әсіресе, жастардың қымбатты ордасына айналсын! Жастайынан денесі шымыр болып өскен баланың денсаулығы да мықты болады. Келешекте республикамыздың намысын қорғайтын Азия, Әлем, Олимпиада чемпиондары шықсын! Бұл тек бір нысан емес, бұл – ауылдың болашағына салынған инвестиция. Балаларымыздың дені сау, ал ауылымыз көркейе берсін, – деді Арман Абдуллаев құттықтау сөзінде.
Жаңа спорт инфрақұрылымы ауыл тұрғындарына, әсіресе жастар мен балаларға, салауатты өмір салтын ұстануға және белсенді демалысты ұйымдастыруға мол мүмкіндік береді. Алаңшаларда заманауи жабдықтар орнатылған, қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келеді. Жоба облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен қаржыландырылған.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық науқаны аясында 2024 жылы Түркістан облысында облыс әкімінің қолдауымен «Үлгілі ауыл» байқауы өткізілген болатын. Байқау қорытындысы бойынша үздік танылған ауылдарға облыстық бюджет есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, жергілікті тұрғындарға пайдалануға берілуде.
Келесі кезекте Қазығұрт ауданына барды. Алдымен Қазығұрт елді мекенінде салынып жатқан арендалық 2 қабатты 6 үйдің құрылысымен танысты. Биыл наурыз айында басталған нысанның жалпы құны – 1 247,2 миллион теңге. Ағымдағы жылдың соңына дейін ел игілігіне беру көзделіп отыр.
Қазығұрт ауданының Шарбұлақ елді мекенінде Ашық және жабық спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жеке инвестор есебінен салынып жатқан спорт кешенінің жалпы құны – 550 миллион теңге. Аудан әкімі Азизхан Исмайлов спорт кешенінің жобасымен таныстырып, бағытта атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Аудандағы нысандарды аралап көрген Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапасына басты назар аударуға тапсырма берді.
Төлеби ауданындағы нысандар да зерделенді. Ең бірінші «Қарақуыс» су қоймасының жай-күйімен танысты. Төлеби ауданы аграрлы аймақ болғандықтан, каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органның назарында. Осы мақсатта Кемеқалған ауылдық округіндегі «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Су айдынының сыйымдылығы – 1040 мың шекше метр, жалпы аумағы 13 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Еркебұлан Дауылбаев су қоймасының құрылысына қатысты мердігер мекеме, техникалық қадағалаушы мекеме басшыларына жолығып, ауқымды жобаның сапалы және мерзімімен жүзеге асуын тапсырды.
Ауданға қарасты Киелітас елдімекенінде Мәдениет үйі салынып жатыр. Одан бөлек Достық, Ынтымақ, Қосағаш елдімекендерінде 900 орындық және 300 орындық жайлы мектеп пен 150 оқу орындық жалпы орта мектеп бой көтеруде. Биыл оқу жылына орай 3 мектеп пайдалануға берілмек. Одан бөлек, Ленгір қаласында 5 қабатты 3 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Көксәйек елдімекенінде спорт кешені мен «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 600 орындық білім ұясы салынып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.