
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс сапарымен Құмкент ауылдық округінде болды. Сапар барысында ауылда жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік жобалардың жай-күйімен танысты.
Аудан басшысы алдымен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан орталық саябаққа барып, ондағы абаттандыру жұмыстарын көрді. Сондай-ақ жаңадан салынған балалар ойын алаңшаларын аралап, сапасына назар аударды.
Бұдан бөлек, жеке инвестор есебінен Құмкент ауылдық округі әкімі аппаратына арналып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан ғимараттың құрылыс аумағында болды. Мұнда құрылыс жұмыстарының сапасына мән берілді.
Сонымен қатар, жабық үлгідегі футбол алаңы орналасатын аумақпен танысып, жобаның маңыздылығын атап өтті. Ауылдық округ әкіміне әрбір жобаға мұқият қарауды ескертті. Сапа мен мерзім талаптарын қатаң сақтап, немқұрайлылыққа жол бермеуді тапсырды.
Спорт демекші, Созақ ауданы тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 148 спорттық нысандар жұмыс істеп тұр. 2024 жылы аудан аумағында 6 балалар ойын алаңшасы, 8 кіші футбол алаңшасы салынған болатын. Нәтижесінде, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны бүгінгі таңға 24 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ына жетті.
Шолаққорған ауылынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2025 жылы құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр.
Естеріңізде болса, биыл ақпан айының 11-інде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде мәдениет және спорт салаларын дамыту жолдары, өзекті мәселелері талқыланған-ды. Өңір басшысы аталған басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелеуді және жандандыруды тапсырды.
– Мәдениет және спорт – елдің еңсесін көтеріп, сана-сезімін өзгертіп, қоғамға әсер ететін салалар. Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандырып, қазақтың өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрін жас өскіннің бойына сіңіру керек. Облыс аумағындағы мәдениет және спорт нысандарының бірінші кезекте қажеттілігін анықтау бойынша бекітілген критерийге сәйкес 3 жылдық кешенді жоспарды қайта бекітуді тапсырамын. Облыстағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау және тағы басқа әлеуметтік нысандарға типтік жобалау-сметалық құжаттамасы қажет. Аймақта өтетін концерттік бағдарламаларды облыстың имиджін көтеретін креативті идеялармен толықтырып, алдағы Наурыз мерекесін Түркістан қаласында және аудан, қалаларда жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Өңірдегі спорт мекемелерінің ғимараттарының мәселесін шешу үшін нақты ұсыныс енгізіп, жұмысты жүйелеңіздер, – деген Нұралхан Көшеров аталған сала басшыларына сын-ескертпе айтып, нақты міндеттер жүктеді.
Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта спорт нысандарының қажеттілігіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 108 спорт кешенін салу және 48 ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 3540 спорт нысаны тіркелген. Оның 2577-сі білім беру мекемелерінде болса, әкімдік теңгерімінде 543 нысан бар. 270 нысан жеке меншікте, ал 150 нысан — спорт мекемелерінің меншігінде. Басқармаға бағынысты және қала, аудан әкімдіктеріне қарасты 100 спорттық ұйым қызмет атқаруда. Жөндеуді қажет ететін спорт нысандарына да жыл сайын кезең-кезеңімен қаржы бөлінуде. Дәлірек айтқанда, биыл 14 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт нысандарына қажеттілікті азайту мақсатында 2025 жылы 51 спорт нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.