2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Түркістанда тұрғын үй құрылысы қарқынды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы тұрғын үй құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Сапалы құрылыс пен қолайлы инфрақұрылым — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың басты негізі екенін атап өткен қала басшысы мердігерлермен нысан басында жиын өткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Шаһар басшысы алдымен Отырар шағынауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысын аралады. Жалпы ауданы 11,4 гектарды құрайтын жобаны «Project Building» ЖШС жобалаған. 800 пәтерден тұратын тұрғын үйлердің бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарының 95 пайызы орындалған.

Әзімбек Пазылбекұлы нысанның сапасына ерекше назар аударып, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде және тиісті стандарттарға сай аяқталуын тапсырды.

Айта кетейік, кезекте тұрған тұрғындар үйлерді «Отбасы банк» арқылы ғана ала алады. Сондықтан қала тұрғындары аталған банктің бөлімшелерінде кеңес алып, құжаттарын тапсыра алады.

Түркістан қаласында тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Қала әкімдігі алдағы уақытта да әлеуметтік әл-ауқатты арттыру мақсатында қолжетімді баспана салуға және сапалы инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше мән бермек.

2025 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында Түркістан қаласында бой көтерген тұрғын үй кешендерінде 2000-ға жуық пәтер иелеріне табысталуы жоспарланған.

Аталған үйлерден пәтер алу үшін азаматтар «Отбасы банк» АҚ-ның кеңес беру орталықтарына барып, кеңесшілерден толық ақпарат алып, депозит ашуы қажет. Сонымен қатар, бастапқы жарнаны толықтырып, өтінім беру мерзімін күту қажет болады.

Бұл тұрғын үйлерге өтінімдер Түркістан облысы бойынша «Отбасы банкінде» есепшоты (депозиті) бар, жергілікті атқарушы органда (ЖАО) үй кезегінде тұрған азаматтардан қабылданады. Өтінім беру мерзімі банктің ресми парақшаларында қосымша жарияланады.

Кеңес алу мекенжайы: Түркістан қаласы, Бекзат Саттарханов даңғылы, №44 ғимарат.

Өтінім беру www.otbasybank.kz порталы арқылы жүргізіледі.

Айтпақшы, тұрғын үйге қатысты жақсы жаңалықпен бөлісейік. Түркістанда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсарту мақсатында қарқынды жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде.

Бүгінде Тоқаш Бокин көшесінде орналасқан 15 көпқабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ретке келтіру жұмыстары толық аяқталды.

Ал 1-ші және 2-ші мөлтекаудандарда ағымдағы жөндеуден өтуі жоспарланған 18 тұрғын үйдің 11-інде жөндеу жұмыстары аяқталып, қалған 7 үйде ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстар қала келбетін көркейтіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You