
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар білім беру мекемелерін аралап, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Нысандарды аралау барысында әр білім ордасының жөндеу жұмыстарының сапасына, белгіленген мерзімде аяқталуына және оқу процесіне кедергі келтірмеу шараларына баса назар аударды.
Қала басшысы алдымен биыл күрделі жөндеуге жоспарланған №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясы мен №7 Саттар Ерубаев атындағы мектеп-интернатына барды. Аталған нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер мекемелер анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы мамыр айының соңында басталған болатын. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде.
Алдымен Әзімбек Пазылбекұлы 1989 жылы пайдалануға берілген Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясына барды. Мектеп 1266 оқушыға арналған. Алайда қазіргі таңда мектепте 2737 оқушы білім алуда. Аталған мектеп ғимаратын кеңейтіп, оқушыларға қолайлы орта жасау мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде.
Сондай-ақ, қала басшысы Саттар Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатындағы құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысты. Әзімбек Пазылбекұлы аралау барысында құрылыс сапасына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және белгіленген мерзімде аяқтау міндетіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, жауапты мердігер мекемелерге тиісті тапсырмалар беріп, білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Еске салайық, жуырда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев та қаладағы реновациядан өтіп жатқан мектептердің құрылыс барысымен танысқан болатын. Өңір көлемінде 2025-2027 жылдары аралығында 115 білім беру ұясы жаңғырту тізіміне енгізілген. Соның ішінде облыс орталығында ұзақ жылдар жөндеу көрмеген 11 мектеп таңдап алынды. Қазіргі таңда 4 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Әуелі №17 Ата Түрік атындағы мектеп-гимназиясындағы құрылыс барысымен танысты. Мұнда 1800-ден астам оқушы оқиды. Ғимарат 1989 жылы ашылған. Ал 1966 жылы теміржолшыларға арнап бой көтерген №31 Абай атындағы мектеп жөндеуден өтуде. Игілікті іс Абайдың 180 жылдығымен тұспа-тұс тура келіп, мектеп ұжымы мен 1 мыңнан аса оқушы жаңарған білім ұясына қадам баспақ. 530 орындық №7 Саттар Ерубаев атындағы мектеп-интернаты мен 1050 орындық №9 Н.Некрасов мектеп-гимназиясында да жөндеу қарқын алды. Мектептер жаңғырту барысында жөндеуден бөлек, материалдық-техникалық базамен қамтылады. Қажет қаражат қарастырылған. Қалада 55 мыңнан астам оқушы болса, төрт мектептегі бала саны 7 мыңдай.
Құрылыс демекші, Түркістан қаласындағы инфрақұрылымды, жолдар сапасын жақсарту жұмыстары толастаған емес. Бұл мәселелер – облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Жуырда өңір басшысы Түркістан қаласындағы жол жөндеу жұмыстарын қадағалап, тиісті тапсырмалар берген болатын.
Бүгінде Түркістан қаласының негізгі көше желісінің бірі – Тәуке хан даңғылында жүргізілген жол жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Жалпы ұзындығы 5,1 шақырымды құрайтын даңғыл Абылай хан көшесінің қиылысына дейін жөнделіп, жаңартылды.
Жөндеу барысында ескі асфальт жабындысы арнайы техникамен толықтай алынып тасталды. Оның орнына ірі және ұсақ түйіршікті жаңа асфальт қабаты төселіп, жол сапасы мен ұзақ мерзімге шыдауын қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары заманауи талаптарға сай жүргізілді. Сондай-ақ Тәуке хан даңғылы бойындағы жол белгілері және қиылыстар мен кірме жолдарға жаңарту жұмыстары жүргізілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.