Шымкент қаласында түнгі клубты «қамқорлығына» алғаны үшін ақша талап еткен қылмыстық топ құрықталды

Полицейлер қоғамда “Заң мен тәртіп” қағидатын нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді. Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері тонау, қарақшылық, бопсалау және қарыз мәселелерін шешумен айналысқан топтың заңсыз әрекетін тоқтатты.

Тергеу барысында ұйымдастырушы өзінің сенімді адамдарынан қылмыстық топ құрып, қарақшылық шабуыл немесе ұрлық жасау мақсатында үлкен сомадағы қаражаты болуы мүмкін жерлерді үнемі бақылап, зерттеп жүргені анықталды.

Сонымен қатар, ол түнгі клубтардың бірін бақылауына алып, «қорғағаны» үшін заңсыз түрде ай сайын 2,5 миллион теңгеге дейін алып отырған.

Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстық топ ұйымдастырушысы мен оның жақын сыбайласы ұсталып, қамауға алынды. Тінту кезінде олардан қару мен патрондар тәркіленді. Сондай-ақ, қылмысқа қатысы бар бес тұлға анықталды, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Іс-шара прокуратураның үйлестіруімен жүргізілді.

Қаржы демекші, Шымкентте «Ansar Gold» зергерлік компаниясы ретінде жұмыс істейтін ірі қаржылық пирамида ашылды. Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты бойынша, зергерлік бұйымдар сатумен айналысамыз деген арам пиғылдылар сенгіш, аңғал азаматтарға бес ай бойы айына 40% -дан 60% -ға дейін табыс әкелетін бизнес ұсынған. Сонымен қатар, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар әлеуетті салымшыларды салымдарына сенімді түрде кепілдік беріп, иландырған. Оларға ақша толық қорғауда деп уәдені үйіп-төгіп, қандай жағдай болса да, негізгі капиталды қайтаруға кепілдік берген.

Алайда, мұның астарында алтыннан тау тұрғызамыз деп сендірген қаржылық пирамиданың классикалық қағидасы жатыр: зергерлік бұйымдарды сатудан нақты табыс жоқ, барлық төлемдер тек жаңа қатысушылардың ағыны есебінен жүзеге асырылыпты. Қаражат ағыны таусыла бастағаннан кейін пирамида құрылымы құлай бастады.

«Ansar Gold» компаниясына 400 миллион теңгеден астам қаржы сеніп тапсырған 200-ден астам адам алаяқтардың құрбаны болды. Қаржы ағынын бүркемелеу және қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін күдіктілер өз туыстарын белсенді түрде тартқан.

«Күдіктілер схеманың басқа қатысушыларынан түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін олардың банк карталарын пайдалана отырып, туыстарын дроп ретінде тартты. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамауға алынды. Қазіргі уақытта оған тиесілі автокөлік пен тұрғын үйге шектеу қойылды» — дейді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You