Шымкент қаласында сот негізсіз байыған алаяқтан 2 миллион теңге өндірді

Оқиға былай болған. Шымкент қаласының тұрғынына белгісіз біреу телефон соғып, өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырған. Оның айтуынша, арам пиғылды алаяқ оның депозиттік шотындағы ақшасын ұрламақ болған.

 “Заңсыз есептен шығарудың» алдын алу үшін қоңырау шалушы 61 жастағы әйелге өзі көрсеткен есепшотқа қаражат аударуды ұсынған. Оған сеніп, әйел жауапкерге 2 миллион теңге аударған.

 Сотқа жүгінген әйел алдау әсерінен және белгісіз біреудің алаяқтық әрекеті нәтижесінде ақшаны жауапкердің есепшотына аударғанын көрсеткен. Бірінші сатыдағы сот жауапкерден 2 миллион теңге өндіру туралы талап қоюды негізсіз баю деп қарай отырып, алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істің материалдарын назарға алып, оның аясында талап қоюшы жәбірленуші деп танылды.

 Жауапкер («дроппер» деп аталатын) сотта талап қоюшыдан ақшаны сол қоңырау шалушының өтініші бойынша алғанын, кейін үшінші тұлғаларға аударғанын түсіндірген. Алайда, ол бұл қаражатты алудың заңды негіздерін растай алмаған және олардың шығу тегін анықтауға әрекет жасамаған. Осыған байланысты оның ақшаға билік ету жөніндегі әрекеті сотпен алынған қаражатты өз бетінше пайдалану деп бағаланды.

 Сот жауапкер банк картасының иесі бола отырып, оны пайдаланғаны үшін, сондай-ақ оның банктік шотындағы барлық операциялар үшін толық жеке жауапкершілікте болатынын көрсетті. Ол өз әрекетінің қауіп-қатерін білуі, заңсыз схемаларға қатысу мүмкіндігін түсінуі және өзінің кінәсіздігін дәлелдегенге дейін жауап беруі керек.

 Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына негізсіз баю ретінде 2 миллион өндірді. Апелляциялық саты шешімді өзгеріссіз қалдырды. Шешім заңды күшіне енді.

Атап өтерлігі, жүргізілген талдаудың нәтижесіне сәйкес, интернет-алаяқтықтың құрбаны болу қаупі ең алдымен егде жастағы азаматтар арасында жоғары. Осыған орай, полиция департаментінің қызметкерлері арнайы профилактикалық шараны қолға алды. Бұл мақсатта қала әкімдігінен егде жастағы тұрғындардың ресми тізімі алынып, қазіргі таңда полицейлер олардың үйлеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Тәртіп сақшылары әр зейнеткермен жеке кездесіп, интернет немесе телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, олардың тәсілдері, сақтану жолдары туралы нақты мысалдар келтіре отырып түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін, яғни бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді ешкімге жария етпеу жөнінде ақпарат береді.

Сондай-ақ, олар тұрғындарға өз байланыс нөмірлерін қалдырып, күмәнді жағдай орын алған кезде бірден хабарласуға болатынын ескертуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You