Түркістан облысы әкімінің орынбасары әлеуметтік нысандар мен реновациядан өтіп жатқан мектептердің құрылысын қадағалады

Енді рет-ретімен. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Қазығұрт ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Ғимараттардың ахуалы және құрылысымен, мекемелердің жұмыс барысымен танысты.

Қызылдала мектебі 2009 жылы салынған. Реновация тізіміне енген. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі ауысымда 314 бала оқуда. Мердігер мекеме — «Kemel Stroy Group» ЖШС. Білім ұясындағы жөндеу тамыздың ортасына дейін аяқталуы тиіс.

Атбұлақ мектебі де ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Нысан 660 орындық. Екі ауысымда 618 оқушы білім алып жүр. Ғимараты 2007 жылы пайдалануға берілген. «NDS SERVICE» ЖШС мердігер компания ретінде танылған. Балалар жаңғыртудан өткен мектепте жаңа оқу жылын бастайды.

Шарбұлақ ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылыс-монтаждауы бақыланды. Биыл наурызда басталған құрылыс 2026 жылы бітіп, білім ошағы ашылуы керек. Қазіргі таңда 30 жұмысшы қызмет етуде. Мердігер мекеме — «Ar Kua Group» ЖШС.

Ақбастау мектебі 1985 жылы ашылған. Содан бері 3 ғимарат салыныпты. 1-ші ғимаратына 2013 жылы жөндеу жүргізілген. 2-ші және 3-ші нысандарына ретке келтіру қажет.

Сарапхана елді мекенінде инвестор қаражаты есебінен 500 орындық мектеп бой көтеруде. Жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Ауылда жаңа білім ұясына қажеттілік болған. Бұл мәселе де оңтайланбақ.

Іссапар Рабат орталық ауруханасында жалғасты. Елді мекенде 8300-ден астам халық тұрады. Ауруханада 54 қызметкер жұмыс істейді. Жылына 500-ге жуық науқас қабылдайды. Нысан 2007 жылы қолданысқа тапсырылған. Ғимараттың шатырлары жаңартуды қажет етеді. Қасбетін қаптау керек. Инженерлік жүйелерінің тозығы жеткен. 2023 жылға дейін табиғи газбен жылытылып келіп, жаңа қазандыққа ауыстырылған. Бүгінде ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқын алды.

Ал, Қаратас ауылдық емханасындағы күрделі жөндеу бітсе, биыл ел игілігіне қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Конкурстың жеңімпазы — «Радуга СН» ЖШС. Қажет қаражаты бөлінген. Құрылыс бекітілген өндірістік кестеге сәйкес толық аяқталып, мемлекеттік қабылдау актісіне берілген.

Жаңадан салынған Ақбастау медициналық пунктінің құрылысы зерделенді. Мұндағы жұмыстың 60%-ы тәмамдалған екен. Плита жабыны қойылып, ішкі қабырғалары сыланған. Шатыры жабылды. Инженерлік жүйелерін тарту жүргізіліп жатыр. Мердігер — «Урба-Стандарт» ЖШС.

Жалпы, құрылыс алаңдарында бәріне қойылатын ортақ талап — сапалы атқару, уақтылы аяқтау, аса жауапкершілікпен қарау, әрбір қамтылған нысан тұрғындар үшін қызмет ететінін әсте ұмытпау. Жұмысшылар санын көбейту керек. Жергілікті азаматтарды тарту ұсынылды. Жауапты тұлғаларға облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасы мен ескертуі жеткізілді. Жоғары деңгейде орындамаған азаматтарға тиісті шаралар көріледі. Мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі.

Қазығұрттағы сапар аудандық «Отбасын қолдау орталығы» КММ-де қорытындыланды. Орталық отбасы институтын қолдай отыра, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында құрылған. Мекемеде 14 жатын және 2 қабылдау орны, 6 жұмыс бөлмесі қарастырылған. Мұнда азаматтарға консультациялық оның ішінде әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмектер көрсетіледі.

Сонымен қатар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығында реновациядан өтіп жатқан мектептерді де аралады. Өңір көлемінде 2025-2027 жылдары аралығында 115 білім беру ұясы жаңғырту тізіміне енгізілген. Соның ішінде Түркістан қаласында ұзақ жылдар жөндеу көрмеген 11 мектеп таңдап алынды. Қазіргі таңда 4 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Әуелі Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясындағы құрылыс барысымен танысты. Мұнда 1800-ден астам оқушы оқиды. Ғимарат 1989 жылы ашылған. Ал 1966 жылы теміржолшыларға арнап бой көтерген №31 Абай атындағы мектеп жөндеуден өтуде. Игілікті іс Абайдың 180 жылдығымен тұспа-тұс тура келіп, мектеп ұжымы мен 1 мыңнан аса оқушы жаңарған білім ұясына қадам баспақ. 530 орындық №7 С.Ерубаев атындағы мектеп-интернаты мен 1050 орындық №9 Н.Некрасов мектеп-гимназиясында да жөндеу қарқын алды. Мектептер жаңғырту барысында жөндеуден бөлек, материалдық-техникалық базамен қамтылады. Қажет қаражаты қарастырылған. Қалада 55 мыңнан астам оқушы болса, төрт мектептегі бала саны — 7 мыңның төңірегі.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғалармен кездесіп, тапсырмалар мен ескертулер берді. Мердігерлерге құрылысты сапалы, уақтылы әрі жанашырлықпен атқаруды тапсырды. Құрылыс жаңа оқу жылына дейін аяқталып, балалар жаңартылған ғимаратта білім алуы керек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You