Шымкент қаласының әкімі бірқатар тұрғын алаптардағы жол құрылысы барысымен танысты

Ғабит Сыздықбеков бүгін қаланы аралау барысында «Жұлдыз» тұрғын алабына барып, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі жол жөндеу жұмысын тексерді. Ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын көшенің 900 метріне асфальт төсеу жұмысы аяқталған. Қалған бөлігін осы айдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Мұнан соң қала әкімі «Абдулабад» тұрғын алабында сүт және жеңіл тағам өңдеу — дән, попкорн және жүгері таяқшаларын шығару бағытында жұмыс істейтін «Baraka» ЖШС зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 5 мың тонна. Құны 2 миллиард теңгені құрайтын жоба бүгінгі таңда 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өз кезегінде компания басшылығы шығарылатын өнім түрлерін таныстырып, өндірісті кеңейту жоспары жөнінде толыққанды мәлімет берді.

Сонымен қатар шаһар басшысы Қаратау және Еңбекші аудандарында орналасқан Фуркат және Көкқайнар көшелеріндегі жол төсеу жұмыстарының орындалуын қадағалады. Бүгінде «Сайрам» тұрғын алабындағы жөндеу жоспарына енген 158 көшенің 37-сі асфальтталған екен. Қалған 121 көшені жыл соңына дейін асфальттау көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Ғабит Сыздықбеков Момынов көшесіндегі жол өткелінің құрылысы, Қойкелді батыр көшесіндегі теміржол өткелінен өтетін көпірде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу, «Достық» тұрғын алабындағы Хан ордасы көшесіне жасалып жатқан орташа жөндеу жұмыстары, сондай-ақ «Нұршуақ» шағынауданындағы Саясу мен Тұздыбастау көшелерінде және «Жаңа Талап» шағынауданындағы Айбар мен Спанұлы Пәзіл ата көшелеріндегі жол құрылысы барысын аралап көрді.

Қала әкімі тиісті сала мамандарына жол сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуді және жөндеу жүргізілген аумақтарға көше жарығын орнатуды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You