Шымкент қаласында ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай «Ата заңым – айбыным» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай «Ата заңым – айбыным» атты кітап көрмесі өтті. Көрмеге қала жастары мен студенттер қатысты.

Жиын жастарға еліміздің Ата заңын, өзге де құқықтық құжаттарын таныстырып, қоғам алдындағы жоғары жауапкершілік пен патриотизмді, Қазақстан азаматтарының бірлігін таныту мақсатында қолға алынған. Көрмеге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақтың ата заңдары» 10 томдығы, Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жинағы, Ә.Қопабаевтың «Ата заң – мемлекет дамуының іргетасы», Мақсұт Нәрікбаевтың «Ақиқаттың ақ жолы», М.Матаеваның «Конституционная история Казахстана и стран Центральной Азии XX века» еңбектері қойылды.

Сондай-ақ жиын барысында Конституцияның рөлі, халық пен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас, қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» арқылы қазақ тарихындағы құқық пен жауапкершілік, жаза қолдану шешімдері қалай қабылданғаны баяндалды. Мерзімді басылымдар мен құқық жайлы кітаптарға шолу жасалды.

Еске салайық, «Жеті жарғы» — Тәуке хан (1678–1718 жылдары) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бар, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. «Жеті жарғыға» сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. «Жеті жарғыдан» кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және «Жеті жарғының» өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You