
Білім саласында да ілгерілеу байқалады. Жыл ішінде 17 білім беру нысанының құрылысы жүруде, оның ішінде 7 жаңа ғимарат (оның 5-і жыл соңына дейін беріледі) және 10 нысан күрделі жөндеуден өтуде (жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс). Сонымен қатар, қосымша 9 мектепке арналған жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 300 орынды 12 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 11-і пайдалануға берілді, қалған бір мектептің (Таскен шағынауданы) құрылысы биылғы оқу жылының ІІІ тоқсанында аяқталады.
Мәдениет, спорт және денсаулық сақтау бағытында да ауқымды жобалар іске асырылуда. Айталық, Бәйдібек би көшесіндегі №115/1 ғимараты мәдениет нысаны ретінде қайта құрылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, А.Пушкин кітапханасы, қуғын-сүргін құрбандары музейі және Ж.Шанин театрының ғимаратын жаңарту бойынша жобалар дайындалу үстінде. Биыл №15 спорт мектебінің құрылысы аяқталды. Қосымша бірнеше спорт нысаны бойынша да жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Абаттандыру бағытында Шымкент сити шағынауданында 20,4 гектар және 6,9 гектар жерді қамтитын саябақтың құрылысы аяқталды. Тұран шағынауданында этносаябақ құрылысының жобасы дайындалуда.
Әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында үш нысан салынып жатыр. Оның екеуі (арнаулы қызмет көрсету орталығының қосымша 50 орынды ғимараты мен балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы) биыл тапсырылса, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 150 орынды оңалту орталығының құрылысы келесі жылға өтпелі. Денсаулық сақтау саласында қан орталығының қосымша ғимаратының құрылысы қолға алынған. Одан басқа, 200 орынды перинаталдық орталық, қосымша корпус және мамандандырылған балалар үйі бойынша жобалар дайындалуда. Төтенше жағдайлар саласында да 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, олардың қатарында өрт сөндіру деполары мен жедел қызмет көрсету орталықтары бар. Қосымша 7 жобаға ЖСҚ әзірленуде. Мемлекеттік басқару саласында екі әкімшілік ғимараттың құрылысы жалғасуда. Олар да 2025 жылдың соңына дейін тапсырылмақ. Сондай-ақ, алты жобаның құжаттары дайындалуда. Олардың қатарында сот сараптама орталығы, қосымша әкімшілік ғимараттар мен күрделі жөндеулер бар.
Түйіндей келгенде, Шымкент қаласында құрылыс саласы қарқынды даму үстінде деуге болады. Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалар аясында тұрғын үймен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, сейсмологиялық қауіпсіздік пен инженерлік жүйелерді дамыту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Мұндай шаралар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, шаһарымызды қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналдыруға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
