Сәрсенбілік брифинг: Шымкент қаласында есірткі қылмыстары бойынша 10 адам ұсталды

Шымкент қаласында өткен аптада 181 қылмыстық іс тіркеліп, оның 4-і сотқа жолданды. Ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар қатарында алаяқтық (61 іс), ұрлық (46 іс), есірткі айналымы (11 іс) және жол-көлік оқиғалары (9 іс) бар. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлім етті.

Алаяқтық қылмыстарының 42-сі интернет арқылы жасалған. Көп таралған тәсілдер: интернет-дүкендер арқылы жалған тауар сату, жалған инвестициялық ұсыныстар, өзін банк немесе мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып алдау және несие рәсімдеу жолымен сенімге кіру. Мысалы, «К» есімді азаматша танысына пәтер алып беремін деп, 4 миллион теңгені алаяқтық жолмен иемденген. Тергеу жалғасу үстінде. Азаматтардан тек ресми көздерге жүгіну сұралады.

Есірткі қылмыстары бойынша 10 адам ұсталды. Оның ішінде 18-30 жас аралығында – 6, 30-60 жас аралығында – 4 азамат бар. Барлығы – жұмыссыздар. Интернет арқылы есірткі тарататын заңсыз дүкендер жастарға қауіп төндіріп отыр. Осы орайда жастарды мемлекет ұсынған білім, спорт және кәсіпкерлік мүмкіндіктерін пайдалануға шақыру маңызды.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері: жылдамдықты асыру мен жүргізушілердің телефонға алаңдауы, жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы, кәмелетке толмағандардың самокат және скутерді дұрыс басқармауы, сондай-ақ мас күйде көлік жүргізу. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін тұрғындардан жол қозғалысы ережелеріне мұқият болу сұралады.

Қалта ұрлығы да өзекті мәселе болып отыр. 14 тамыз күні қоғамдық көлікте белгісіз адам азаматтың ұялы телефонын ұрлаған. Мұндай қылмыстар базарларда, көліктерде және көпшілік іс-шараларда жиі орын алады. Полиция азаматтарды бағалы заттарын көзге көрінетін жерге салмауға шақырады.

Биыл Наурыз мерекесінің Рамазан айымен тұспа-тұс келуі себепті мас күйде жасалған қылмыстар 15%-ға, мас күйде көлік жүргізу 28%-ға, жол апаттары 20%-ға азайған. Бұл салауатты өмір салтына бетбұрыстың айғағы екені анық.

Шымкент қаласы Полиция департаменті қала тұрғындарын қырағылық танытып, заң талаптарын қатаң сақтауға, жастарды жаман әдеттерден аулақ ұстауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You