
Бүгін Шымкент қаласының прокуратурасында аудан прокуратураларының қызметкерлеріне арналған «Прокурорлық қадағалаудың жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алудағы және балалардың құқықтарын қорғаудағы рөлі» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.
Іс-шара «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ прокуратура органдарының жас мамандарымен жұмыс жүргізу аясында ұйымдастырылды.
Семинар барысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа қарсы іс-қимыл, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың негізгі мәселелері талқыланды. Жасөспірімдер ортасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, прокуратураның мемлекеттік органдармен және білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылына, сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтудың және балалардың құқықтарын қорғау мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алудағы негізгі құрал ретінде прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Бала құқығы демекші, осы ретте 2025 жылдың 20 тамыз күні Қазақстан Республикасы ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығында Шымкент ҚПД Тұран АПБ ЖПҚБ ОТЗЗҚКБ инспекторы полиция лейтенанты Еркінбек Әсел Икрамқызы, Тұран АПБ ЖПҚБ ӘЗЗҚТ инспекторы полиция аға лейтенанты Қиюбек Наргиза Жәдетқызы, Қаратау АПБ ЖПҚБ ОТЗЗҚКБ бастығы полиция капитаны Амануллаева Динара Айтшанова және инспекторы полиция аға лейтенанты Куралова Диана Ержанқызының қатысуымен “Зорлық-зомбылыққа қарсы профилактика және көмек” тақырыбында түсіндірмелі дәріс сабағы өткізілгенін де атап өткен жөн.
Сөзіміздің соңын Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасымен түйіндейік.
16 тамыз бен 30 тамыз аралығында Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Қазығұрт шағынауданында орналасқан «Shooting Plaza» атыс алаңында нысана атудан және стенд атудан XVI жазғы Азия чемпионаты өтуде. Байрақты бәсекеге 26 мемлекеттен келген 800-ге жуық спортшы қатысуда.
Аталған халықаралық жарыстың жоғары деңгейде өтуін және қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды. Осы орайда Тұран аудандық полиция басқармасы, патрульдік полиция полкі қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары дрон құрылғысы арқылы қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
