
Аталған шаралар жолдағы қауіпсіздікті арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қабылдануда. Көп жағдайда пайдаланушылар электрсамокаттарды көшенің ортасында тастап кетеді. Бұл жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге кедергі келтіреді. Енді мұндай жағдайларға жалға беру қызметін көрсететін компаниялар жауапты болады.
Қазіргі таңда полицейлер рейд жүргізіп, көшелерде қалдырылған самокаттарды анықтап, айыптұраққа жеткізуде. Тәртіпті қамтамасыз ету үшін электрсамокаттарды жалға беретін компанияларға: мобильді топтар құрып, ретсіз қалдырудың алдын алу; мобильді қосымшаларда самокатты арнайы тұраққа қоймай тұрып, сапарды аяқтауға тыйым салатын жүйе енгізу; жаяу жүргіншілер аймағында, саябақтарда, жағалауда және көпшілік іс-шаралар кезінде самокаттарды автоматты түрде сөндіруді қамтамасыз ету қажет.
Сондай-ақ Шымкент қаласында жаңа оқу жылының басталуына байланысты патрульдік полиция қызметкерлері «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізіп жатыр. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, әсіресе, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Полиция қызметкерлері мектеп жанындағы көшелерде бақылауды күшейтіп, жүргізушілерге жылдамдықты азайту және балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу қажеттігін еске салуда. Полиция департаменті ата-аналарды балаларға жолда жүру ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға шақырады.
Мұнан өзге Шымкент қаласы аумағында «Бір нүктелік» рейдтік іс-шарасы бастау алды. Аталған шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін арттыру болып табылады.
Осыған орай, Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкінің жеке құрамы кешенді іс-қимылдарға жұмылдырылды. Полк қызметкерлері қала аумағында заңбұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізу бағытында белсенді қызмет атқаруда. Полиция қызметкерлері күнделікті рейдтік шаралар барысында көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Бұл іс-шара аясында анықталған әрбір құқық бұзушылық заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, тиісті шаралар қолданылатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
