Созақ ауданында ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған мерекелік салтанатты жиын ұйымдастырылды

Бүгін аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Азат елдің ар-намысы – Ата Заң!» атты мерекелік салтанатты жиын өтті.

Шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталып, А. Жұбанов атындағы саз мектебінің домбырашылар ансамблі мен аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, барша аудан тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтады.

«Қазақстан Республикасы Конституциясы бұл – Тәуелсіз мемлекеттігіміздің іргетасы, әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігінің кепілі болып отырған тарихи құжат. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Ата Заңымыз қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, еліміздің ең қастерлі құндылықтарын айқындады». Осы уақыт ішінде еліміз талай сындарлы кезеңнен өтіп, зор жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде әлем мойындаған қуатты мемлекетке айналдық. Экономикамыз артып, жаңа инфрақұрылымдар бой көтерді, білім мен денсаулық саласында тың серпілістер жасалды. Ең бастысы – елімізде тыныштық пен бірлік сақталып отыр. Ауданымыз да осы игіліктерден шет қалған жоқ. Соңғы жылдары ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа мектептер мен балабақшалар, мәдениет нысандары мен спорт алаңдары ашылды. Жолдар жөнделіп, ауылдарымыз абаттанып, тұрғындардың тұрмыс сапасы артып келеді. Бұл – мемлекет қамқорлығының, сонымен бірге, Сіздердің бірліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің арқасы», — деген аудан басшысы бірқатар сала мамандарын марапаттап, құрмет көрсетті. Түркістан облысы әкімі мен аудан әкімінің марапаттары табысталды.

Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев баяндама жасап, Конституция күніне орай үздік қызметкерлерді марапаттады.

Сахна төрінен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан облысының «Құрметті ардагері», ауданның «Құрметті азаматы» Қабылбек Еспенбетов құттықтау тілегін білдірді.

Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары «Туған жер», «Қазақстан», «Қазақстаным», «Тәуелсіз елім» атты патриоттық әндерді орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бұдан бөлек бүгін кешкісін 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерекесіне орай Жартытөбе ауылында жаңа «Теріскей» саябағы ашылды. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында салынған саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл жұртшылығын қуанышты сәтпен құттықтады.

– Бүгін Жартытөбе ауылында ашылып отырған «Теріскей» саябағы – тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған игі істердің бірі. Конституция күні қарсаңында елді мекендеріміздің келбеті артып, ауылымызға көрік беретін осындай орындардың пайда болуы – мемлекетіміздің тұрақты дамуының белгісі. Бұл саябақ – ауыл тұрғындарының демалып, балалардың шаттанып ойнайтын, жастардың бас қосатын сүйікті орнына айналады деп сенемін. Баршаңызды Конституция күнімен және жаңа саябақтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы. Сонымен қатар, аудан басшысы бірқатар көпбалалы аналарға «Күміс алқа» төсбелгісін және сый-сияпаттар табыстап, аналарға құрмет көрсетті.

Шара барысында тұрғындар ән шырқап, би билеп, көтеріңкі көңіл-күйде қуанышты бөлісті.

Ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Сержан Әлтеков пен Бабата ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әбдірашұлы сөз сөйледі. Округте соңғы уақытта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауыл тұрғындарына ізгі тілектерін арнады.

Жаңа саябақта тұрғындарға жайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Мұнда әсем жарық шамдар, заманауи орындықтар мен әткеншектер, су бұрқақтары орнатылып, ашық аспан астында үстел теннисі мен шахматқа арналған орындар жасақталды. Кешкі уақытта саябақ түрлі-түсті шамдармен жарқырап, ауылдың ажарын айшықтай түседі. Жақын күндері саябақ жанынан серуендеуге және жүгіруге арналған жолақтар салынады.

Ашылу рәсіміне ауылдық округтер мен кент әкімдері де қатысты. Шара соңында аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы округ әкімдеріне әр кез бір-бірімен тәжірибе алмасып отыру керектігін айтты. Бұған қоса ауылдардың орталық көшелерінің келбетін көркейтіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You